Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Халық өзіңнен оң істерді асыға күтіп отыр

03.02.2022, 15:20 1407

HALYQLINE.KZ

Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа

АШЫҚ  ХАТ

Қадірлі Қасым-Жомарт інім!

Мен көпті көрген басым бар, көп жасаған жасым бар, қазақтың 80 жастағы Қазақбайұлы Дәулет есімді ақсақалымын. Өзіңе Алла мінеки, бақ берді, астыңа тақ берді. Енді алда өзіңді екі жол күтіп тұр. Бірінші жол – Нұрсұлтанның нұрлы жолы, екінші жол – тура таза халықтың жолы. Екінші жолмен жүріп, халыққа қарай бет бұрсаң, тарихта жақсы атыңмен қаласың! Әрине бұл жол оңай емес, ауыр да, қиындығы мол жол екені рас. Алайда халқыңа арқа сүйесең, барлық қиыншылықтарды жеңіп, бәрін де ойдағыдай түзете алатыныңа сенемін! Алдыңда үлкен өте жауапты әрі маңызды істер күтіп тұр. Атап айтқанда, ең бастылары: халқымызға өзіңнің мемлекеттік қазақ тілін қайтаруың керек. Биліктің барлық тармақтары (парламент, министрліктер, әкімдіктер…) бәрі-бәрі де мемлекеттік тілде сөйлеп, жұмыс істеулері керек! Сатылып, жекешеленіп кеткен жерлерін, кәсіпорындарын халыққа қайтару керек! Халық биліктің емес, билік – халықтың қызметшісі екенін билікте отырғандардың санасына жеткізуің керек! Жемқорлардың шетке тыққан ақша қаражаттарын елге әкелулерін мәжбүрлеп талап етуің керек! «Қазақстан халқына» қорына түскен қаражатты шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға, яғни әртүрлі кәсіптерді (ет, сүт, тері өңдеу тағы басқа шағын зауыттарды) елді мекендерде, ауылдарда ашып, халықтың жұмыспен қамтамасыз етілуіне баса назар аударуың керек! Айта берсем, алдыңда өте көп жұмыстар күтіп тұрғаны өзіңе де белгілі. «Мен халықтың жағындамын, халықпен біргемін» деп бұрынғы өзінің жеке мүддесін ғана ойлайтын әкімдерді биліктен тайдырып, жаңа жаны жомарт таза адамдарды билік басына әкелуге күш жұмсауың керек! Міне, осы керектердің тезірек орындалуына аянбай еңбек етуің керек!

Қасым-Жомарт інім, халық өзіңнен осындай істерді асыға күтіп отыр. Сондықтан да осындай өте маңызды халықтық жұмыстардың тезірек шешілуіне шын ниетіңмен көңіл бөлетініңе және осы жұмыстарды орындай алатыныңа сенемін! Осы өте жауапты жұмыстарды адал ойдағыдай орындауың үшін Алла өзіңе зор денсаулық, қажымас-қайрат берсін деп тілеймін.

Құрметпен,

Дәулет Қазақбайұлы,

ардагер,

Қызылорда  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: