Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Есірткісіз өмір ғажайып

28.10.2021, 10:15 333

«Қызылорда ОПД ЕҚҚІҚБ тарапынан жарияланған байқауға»

Есірткі – адамды тура жолдан тайдырып, жалған өмір сүруге әкеліп соғатын алдамшы дүние. Бұның қаншалықты зиян екенін біле тұра қолданатын адамдар қаншама. Дегенмен, біз барлық адамдарды жақсы өмір сүруге, есірткі сияқты зиянды дүниелерден аулақ болуға шақырудан жалықпауымыз керек.

Денсаулық – байлықтан қымбат. Алайда қазіргі қоғамда байлықты денсаулықтан жоғары қойып жатқандықтан зиянды дүниелерді қолданатын адамдар пайда болады. Неге десек, жаңалықтардан есірткіні сатумен айналысатындардың бар екенін естіп жатамыз. Мұндай жолмен табылған ақша ешқашан бақыт әкелмейді, керісінше адамды тоздыратын дүние болмақ. Егер бақытқа кеңелгіміз келсе – денсаулығымызға көңіл бөліп, адал жолмен ақша табуымыз керек. Басты байлық – денсаулық екенін ұмытпайық.

Бақытты болу – өз қолымызда. Осы жерде бір мысал келтірейін. Бір адам екінші адамнан көбелекті жұдырығының ішіне салып сұрапты:

– Бұл көбелек жұдырығымның ішінде тірі ме әлде өлі ме?

Сонда екінші адам:

– Бәрі сенің жұдырығыңды қалай жұмып тұрғанына байланысты, –  деген екен.

Бұл жерден нені түсінеміз? Әрине, барлығы өз қолымызда екенін. Ешкімнен «Мен бақытты бола аламын ба?» деп сұрай алмаймыз. Себебі, бақытты өмірді немесе бақытсыз өмірді таңдайтын өзіміз.

«Тәннің ләззаты – саулығында, жанның ләззаты – білімінде» деген екен Фалес. Ал біздің қоғамымызда ләззатты, рахатты басқа заттан іздейтіндер бар. Сондықтан біз қоғамға денсаулықтың бәрінен қымбат екенін насихаттауымыз қажет. Егер деніміз сау болса – бұдан асқан бақыт бар ма?

Осы тақырыпқа тереңірек үңіліп көрейік. Не себепті қоғамда есірткі қолданатын адамдар бар? Біріншіден, тәрбиеге байланысты болмақ. Тәрбие – адамның отбасысынан, қоршаған ортасынан берілетін процесс. Егер отбасысында зиянды дүниелерден аулақ болу тақырыбында әңгімелер айтылса және ол адамның достары саламатты өмір салтын ұстанса, адам есірткіге жолай қоймас. Тағы бір мысал келтірелік. Алдымызда екі алма тұр. Біреуі – тап-таза, жеуге жарамды алма. Екіншісі – шіріген әрі бұзылған алма. Екеуін бір-біріне тиіп тұратындай етіп жақындатып қойсақ шіріген алма сау алманы да бұзып жібереді. Міне, осыдан біз қоршаған ортаның да адам баласына қаншалықты әсер ете алатынын көреміз. Екіншіден, бос уақыт дер едім. Бос уақыты көп адам әртүрлі пайдасыз әркеттерге барады. Сол себепті жақындарымызды бос уақытында спортпен айналысуға, кітап оқуға немесе басқа да пайдалы іспен айналысуға шақырайық. Үшіншіден, әрине ол адамның өз санасына да байланысты.

«Сақтауға қажет бір асыл болса – алдымен жүрегіңді сақта, өйткені өмір бастауы – сол жүрек» деп Уильям Гарвей айтқандай ең алдымен жүрегіміз таза болсын. Жүрегімізді адалдыққа, нұрға, тазалыққа толтырайық. Жүрегі таза адам – бұрыс әрекеттерге бармайды деп сенемін. Есірткі адамның есін жоғалтатынын ұмытпайық, достар!

Гүлназ НАҚЫПБЕК,

№141 Қ.Сәбиров атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы,

Шиелі ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: