Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Есектер  қайда  кетті  десем?!.

24.06.2026, 15:25 73

HALYQLINE.KZ

Әңгіме оқи отырыңыз!

Балалық шақ кезде, яғни сонау өткен ғасырдың 60-жылдарының бас жағында 2-3-сыныпта оқитын уақытта, иманды болғыр сыныптасым Мұқан Ұзақбаевтың істемейтін бәлесі жоқ болатын. Қай-қайдағыны ойлап тауып, елді шулатады да жататын еді.

Күз мезгілі. Бір күні түскі уақытта оқушылар мектептен үйлеріне, үйлерінен мектепке бара жатқан сабақтың ауыспалы кезеңінде тар көшенің бойына, қайдан келгені белгісіз, үйір-үйір Сыр бойының есектері қаптады дейсің!..

Көшеде арлы-берлі жүру мүмкін болмай қалды. Қора-қора есектер қарап тұра ма?! Бір-біріне артылып кеп қалады! Көзі қарайған айғырлары жыныс таңдамайды. Алдына келгендерін құр жібермейді. Азбырайларын ала жүгіреді. Көшеде қозғалыс амалсыз тоқтады. Жұрттың бәрі ешкімге қызық емес, «қызыққа» қарық болуда!

Әсіресе, Мұқанның дауысы ерекше өршелене шығады. Айғыр есек ұрғашы есекке ұмтылған сайын жан дауысымен ышқына: «Бар әй! Бар әй!..» деп айғыр есекке дем тұрды да, кенет аяғына шоқ басып алғандай жанұшыра: «Гол!!!» демесі бар ма?!.

Біздер жағдайдың қалай ушыққанын іштей сезе қойдық. Сасқаннан бір-бірімізге үрейлене қараймыз! Балалық қой, әлгі «қақпасына» гол салдырып алған есек бүкірейді де қалды. Біз аяп жатырмыз.

Есектерде ес бар ма?!… Біздің жай-күйімізді, жан дүниемізді түсінер емес! «Қой!» деген сайын, есіре түседі. Әйтеуір, айғай-шу бірнеше сабақ өтіп кеткеннен кейін барып, басылды-ау!.. Сабақтан кешіккен балалар үшін бәрі қуаныш, бәрі қызық!…

Бұл оқиғадан соң, қыздар ер балаларға, ер балалар қыздардың бетіне қарай алмай қалды. Әрине, ол кездің тәрбиесі бөлек қой! Нағыз ұлттық тәрбие!…

Осы оқиғаны талдап кеп қалғанда, нағыз «күнәһәрлар» сумаң етіп шыға келді. Сөйтсе, Мұқан бастаған бір топ бала ерінбей, «түу-у, сонау!» көлдің жағасында өз жөнімен жайылып жүрген топ-топ есекті ауылға қарай қуып, оқушылардың мектепке барар мезгілін есептеп, адамдар жүретін тар жолға әкеп тыққан ғой!

Оқиға аяқсыз қалмады. Мұқан жазаланды. Түсінік жаздырды. Пионер қатарынан шығарылды. Мұқанға көмектескен оқушылар да жазадан тыс қалмады. Әртүрлі жазаларын арқалап кетті…

Бір қызығы, мұғалімдердің Мұқанға: «Неге есектерді ақыртып-бақыртасың?!» деген ерсі сұрақтарына: «Олар ақырып-бақырып, өз тілдерінде сөйлемегенде, шошқаша қорсылдамайтын шығар?!» деп қырсыға жауап беруі талайды сөзден тосылдырып, ойландырып тастаған.

Уақыт шіркін, емші ғой! Содан бері зымырап талай уақыт өтіп жатты. Бұл оқиға халық жадынан әлдеқашан өшіріліп кеткен! Бүгінде ешкім де ол оқиғаны есіне алар емес!… Алайда, тарихта ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды деген рас екен.

Сонау бір кездегі, Сыр бойындағы қалың есектердің өзі жоқ болғанымен, «жарқын істері» еш жойылмай, жұрт жадында мәңгі сақталып қалыпты.

Оны еске салып, жадыны жаңғыртқан анау-мынау емес, ел басқарып отырған ел ағалары, шенеуніктер болып шықты. Ең сорақысы, бұл шенеуніктер Мұқандар сықылды жазаланған да жоқ! Қайта шендері өсіп, жоғарылап кетіпті.

Бірде жолым түсіп, қазақ елінің кең даласымен келе жатсам, екі адам қызыл кеңірдек боп әлденеге дауласып жатыр екен. Қазақтың шұрайлы жерлерін, қазба байлықтарын кез келген келімсектерге ұстатып жібере беретін шенеуніктер әлемнің еш мемлекетінде жоқ шығар, есесіне біздің елде жеткілікті екен. Әңгімелерінің желісіне қарағанда, дау осыдан туындаса керек.

Мен қастарына жақындай бергенімде, біреуі күтпеген жерден баж ете қалды.

— Ау, ағасы, үш адамнан артық жиналуға болмайды! Айыппұл төлейсің!

Мен жан-жағыма қарадым. Ешкім көрінбейді. Сосын әлгілерге айғайладым.

— А-ай, замандастар! Менімен үшеу боламыз, әңгімелерің өте өткір екен! Әңгімелеріңе аралассам бола ма?!…

— Жоқ, болмайды!

— Неге?!

— Өйткені, сен оппозициясың! Яғни, күмәнді адамсың!…

— Нағыл дейсің?!…

Осы бір шағын сұхбаттан соң, мен жөніме кеттім. Олар дауласып қала берді. Даудан аңғарғаным, қазақ айтпақшы, «Өспейтін бала өнбейтін дауды даулайды!» деген пікірді сезіндім.

Тағы бірде Астананың төрінде келе жатсам, бір биік ғимараттың жанында шекірейіп, мұздай киінген, түсі суық бір топ кісі әлденеге дауласып жатыр екен. Жөн сұрастым. Қазақтың зиялылары болып шықты.

Арасында үкімет мүшелері де бар, халық қалаулылары-депутаттары да бар, әйтеуір, кіл ірілер! Даулары әртүрлі тақырыпта, әртүрлі халықтық мәселелер!…

Кейбіреулері көші-қон мәселесіндегі қандас бауырларға жасалып отырған қасақана қысастықты, ұлт мүдделерін айтқансып бір-біріне ақырса, кейбірі қазақ тілінің тағдырын оңтайлы шеше алмаса да, мүшкіл халіне қатты алаңдайтын сияқты ма қалай-қалай?!… Әйтеуір, бір-бірін түсінбей, есекше ақыру!… Ондайда жайына қарап тұра алатын мен бе, «Аузы күйген үріп ішеді» дегендей, бір кездердегі Мұқанның есектері секілді бір-біріне «гол!» салмай тұрғанда, дереу дауға араласа кеттім. Байқаймын, бір-біріне ақырып, есе жібермей тұрған зиялылар кіл қазақтар екен. Бірі «қазақша сөйле!» деп ақырса, басым көпшілігі «орысша сөйле!» деп бақырады. Әрі-бері қазақша сөйлеп, әңгімелеріне қосылайын деп қапталдаса «шауып» көріп едім, сәті түспеді. Орысша сөйлемесе болмайды екен!… Менің қазақшама пысқырып та қарамайды. Менікі тек бұл «зиялы қауымға» ақырып жүріп, бір-біріне абайсызда «гол» салып алмасын, «техника қауіпсіздік ережесін естеріне сақтап жүрсін» дегеннен туындаған қауіп қой! Әйтсе де,. мұндай қалыптасқан орысша ахуал менің қанымды қарайтып жіберді. Бойымдағы бар-жоқ күшімді жиып ап, жанұшыра айғайға бастым. Бірақ жан дауысым қазақтың «игі жақсыларына» әсер етпеді. Есесіне, құқық қорғау органдарының қызметкерлері жетіп келді де: «Сен неге көшеде есекше ақырып тұрсың!» деп аяқ-қолымды қайырып, ала жөнелді.

Сүйреліп кетіп бара жатып: «Сендер Мұқанның есектерінен де төменсіңдер! Олар, ең болмағанда, өз тілінде ақырып жүреді ғой! Ал, сендер өз тілдерің тұрғанда, өзге тілде қорсылдайсыңдар! Өңшең намыссыздар! Ұлт мүддесіне қарсы жұмыс істейтін өңшең рухсыздар!» деп ақырдым. Бірақ, менің ақыруым Мұқан есектерінің ақыруына қарағанда, мысықтың мияулағанындай ғана болды!…

Сөйткенімше болған жоқ, тағы да ой тереңіне сүңгіп кеттім. «Е-е! Қазақстандағы қалың есектер қайда кетті десем, есектер Ақордадағы жайлы орындарға тамыр-таныстар арқылы орналасып-орналасып алған екен-ау!…

Қанша айтқанмен, Мұқан есектерінің рухы Ақорда «есектерінің» рухына қарағанда анағұрлым биік екен! «Өйткені, олар, ең болмағанда, «өз тілінде сөйлейді» ғой!…».

Менің ұққаным, нағыз хайуаннан гөрі, адам бейнесіндегі «хайуан» кауіптірек па дедім!… Өйткені, нағыз хайуан өз бейнесінде табиғатпен үндесіп өмір сүреді! Ешкімге зияны жоқ! Ал, адам бейнесіндегі хайуан өз ұлтының жойылып кетуіне тікелей атсалысатын құбылмалы мәңгүрт «есектер» екен-ау!…

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы

Қамыстыбас  ауылы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: