Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ерлан Құдайбергенұлы Ақкенженов Қазақстан Республикасының Энергетика министрі лауазымына тағайындалды. Осылайша ол жаңа Үкімет құрамында да энергетика саласына жетекшілік етеді.
Ерлан Ақкенженов 1979 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. «Әділет» жоғары құқық мектебін заңгер-құқықтанушы, «Астана» университетін мұнай-газ ісі мамандығы бойынша тәмамдаған. 2025 жылы И.М.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінде энергетикалық бизнесті басқару бойынша MBA бағдарламасынан өткен.
Еңбек жолын 2002 жылы жеке ұйымда бас маман болып бастаған. Кейін мұнай-газ саласындағы кәсіпорындарда басшылық қызметтер атқарды. «Қазақойл Ақтөбе» компаниясының коммерциялық директоры, «ҚазМұнайГаз Өнімдері» АҚ бас директорының кеңесшісі, «ҚазМұнайГаз қайта өңдеу және Маркетинг» компаниясының мұнай және мұнай өнімдерін экспорттау департаментінің директоры болды.
2013–2016 жылдары Rompetrol және KMG International құрылымдарында Болгария мен Румынияда басшылық қызметтер атқарып, мұнай және мұнай өнімдерінің трейдингі мен бөлшек сауда бағытына жетекшілік етті. Кейін бірнеше жыл мұнай өнімдерін өңдеу және тасымалдаумен байланысты коммерциялық құрылымдарда еңбек етті.
2022 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ мұнай өнімдері маркетингі басқармасының бастығы болып тағайындалды. 2023 жылғы маусымнан 2025 жылғы наурызға дейін Қазақстанның Энергетика вице-министрі қызметін атқарды. 2025 жылғы 19 наурызда алғаш рет Энергетика министрі болып тағайындалған еді.
Енді Ерлан Ақкенженов жаңа Үкімет құрамында да мұнай-газ, электр энергетикасы, жаңартылатын энергия көздері және энергетикалық инфрақұрылымды дамыту бағыттарына жауап береді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!