Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Елдің бір шетін бұршақ ұрса, екінші шетінде 44 градус аптап болады

12.08.2026, 11:20 72

Қазақстанда 12-14 тамыз аралығында ауа райы бір-біріне кереғар мінез көрсетеді. Елдің бірқатар өңірінде найзағай ойнап, бұршақ жауады. Ал оңтүстік пен Қызылорда облысында күн 44 градусқа дейін ысиды.

Қазгидромет болжамынша, 12 тамызда Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше бөлігінде жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл күтіледі. Жел екпіні кей тұста секундына 25 метрге жетуі мүмкін. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында да жаңбыр жауып, бұршақ пен дауыл соғады. Ақтөбе облысының батысы мен орталығында осындай қолайсыз ауа райы болжанған.

Оңтүстікте аптаптың беті қайтпайды. Түркістан облысында 12 тамызда ауа температурасы 38-43 градусқа жетсе, 13-14 тамызда 39-44 градусқа дейін көтеріледі. Шымкентте бүгін 38-40 градус, ал алдағы екі күнде 40-42 градус ыстық болады.

Қызылорда облысында да күн күйіп тұр. Бүгін өңірде 38-43 градус аптап күтіледі. Қызылорда қаласында күндіз 40-42 градус болады. Түнде шаңды дауыл көтеріліп, жел екпіні секундына 15-20 метрге жетеді. 13-14 тамызда облыста ауа температурасы 39-44 градус аралығында сақталады. Күндіз солтүстік және орталық аудандарда шаңды дауыл соғады.

Астанада 12 тамызда жауын-шашынсыз 26-28 градус жылы болады. 13 тамызда температура 28-30 градусқа, 14 тамызда 32-34 градусқа дейін көтеріледі.

Алматыда бүгін 34-36 градус аптап күтіледі. 13-14 тамызда күндіз өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнағанымен, ыстық 35-37 градус деңгейінде сақталады.

13-14 тамызда Батыс Қазақстан, Атырау және Маңғыстау облыстарында жаңбыр, найзағай, бұршақ және дауыл болжанып отыр. Батыс Қазақстан облысының солтүстігінде 13 тамызда қатты жаңбыр жаууы мүмкін. 14 тамызда Ақтөбе мен Қостанай облыстарының жекелеген бөліктерінде бұршақ аралас жаңбыр жауып, екпінді жел соғады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: