Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорғанның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қалай жақсарады?

05.02.2024, 10:15 113

HALYQLINE.KZ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен кеңесте Жаңақорған ауданының әкімі Мұрат Тілеуімбетов тұрғындардың жайлы өмір сүруі мен ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту мақсатында былтыр демеушілер есебінен жалпы құны 15,3 млрд теңгені құрайтын 62 жоба дайындалғанын айтты. Оның ішінде 10 млрд 532 млн теңге болатын 18 жоба-сметалық құжат дайын және құжаттама әзірлеуді қажет ететін 54 жоба бар. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ауданның 35 елді мекенінің барлығы орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылған. Дегенмен, кентке жаңадан қосылған шағын аудандарда халық саны жыл санап артып келеді. Сондықтан жаңа қоныстарға ауызсу жеткізу үшін қосымша сорғы станциясын салу қажет. «МАИ бекеті» шағын ауданына су тарату станциясы және қосылу тармағын салудың жоба-сметалық құжаттамасын аудандық бюджет есебінен жасауға 29,9 млн теңге қаржы жоспарланған. Жоба жүзеге асқанда 2 мыңға жуық тұрғын үйге таза ауызсу барады.

Ауданда электр тарату жүйелерінің тозу көрсеткіші 80 пайызға жеткен. 2022-2023 жылдары 19 жоба-сметалық құжат демеушілер есебінен әзірленді. Биыл республикалық және облыстық бюджеттен 2 млрд 386,8 млн теңге бөлініп, Сүттіқұдық, Бірлік, Жаңарық, Қандөз, Құттықожа, Манап, Әбдіғаппар, Сунақата, М.Нәлібаев елді мекендерінде электр жүйелерін жаңғырту жұмыстары басталады. Сондай-ақ, 7 елді мекеннің (Өзгент, Ақсуат, Аққорған, Қаратөбе, Екпінді, Қожамберді, Қосүйеңкі) жобалары дайын. Демеушілер есебінен тағы 5 елді мекеннің (Аққұм, Төменарық, Бесарық, Кеңес, Көктөбе) электр желілерін жаңғыртуға жоба-сметалық құжат жасау 2024-2025 жылдарға жоспарланған.

Бүгінде Жаңақорған кентінен тұрғын үй салу үшін жер учаскесінің кезегіне 10 мыңнан астам азамат тіркелген. Кезекті азайту үшін бас жоспарға сәйкес, кенттің солтүстік батыс беткейіндегі 300 гектар болатын «Саяжай-1» аумағына инженерлік инфрақұрылым жеткізу жобасы әзірленді.

Газдандыру – кезек күттірмейтін мәселе. Жоспарға сәйкес елді мекендерге табиғи газ жеткізу 3 АГТС арқылы жүргізіледі. Жоба іске асқанда 1893 тұрғын үй, 12 мыңға жуық халық, көптеген әлеуметтік нысан «көгілдір отынмен» қамтылады.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: