Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

УРАН ӨНЕРКӘСІБІ: Мәселенің мәні һәм шешімі

26.09.2024, 10:40 141

Қазақстан тау-кен өндірісі жөнінен әлемнің үздіктер рейтингінен ойып тұрып орын алады. Рас, уран, мыс және тағы да басқа Менделеев кестесінің маржандары ел қойнауында атам заманнан  бері  сақталып,  Қаныш  Сәтпаев  секілді  ғалым  тұлғалардың  арқасында  астарына  үңіліп, бүгінде  оны экспорттау мен өндірудің  рақатын  көріп  отырмыз. Сол  себепті металлургия  саласынан  да  өзге  елдерден бәсіміз  жоғары.  Мәселен,  еліміз  уран  қоры бойынша  әлемде  екінші  орында  болса,  оны  өндіру жағынан  бірінші орынға  жайғасқан. Ал, экспорттан  биыл  тіпті рекорд орнаттық. Дәлірек айтқанда, соңғы жеті ай көлемінде елімізден өндіріліп, экспортталған уранның сомасы 2 млрд долларға дейін жеткен. Бұл көрсеткіш алдыңғы жылғыға қарағанда 54 пайызға артқан. Бұл жайт бағаның өсуіне де біршама әсер етті.

Еліміз бойынша уран Түркістан, Қызылорда және Ақмола облыстарында өндіріледі. Яғни, Сыр өңірінің де уран өндірудегі алар орны ерекше. Соған сәйкес, бұл жақта уран өндірудің басты назарда болатындығы анық. Жоғары білім мен ғылымды қатар алған Қызылордадағы білім ордасы – Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті уран өндіру тақырыбын қолға алып, біршама өнеркәсіп өкілі мен тау-кен өндірісін зерттеп жүрген ғалымдармен бірігіп, хакатон ұйымдастырды.

Хакатон – кәсіпкерлер мен ғалымдар неме­се өзге де сала мамандарының бас қосып, пікір алмасуы, сондай-ақ, өзара орнық­қан мәселелердің амалын шешуге арналған жиын. Отандық, шетелдік ғалымдар және ғылыми-зерттеу орталықтарының зерттеушілері Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда университетіне қарасты Студенттер са­райында  бас қосты. Алқалы жиын «Қазатом­өнеркәсіп» ҰАК» АҚ бастамасымен және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен өтті. ҚР  Ғылым және жоғары білім министрлігінің атынан вице-министр Дархан Ахмед-Заки сөз сөйлеп, ғылыми-инновациялық зерттеудің  бүгінгі  ахуалын  қысқаша  тарқатты.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы жолдауында еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін ашу үшін жүйелі қадам қажет екенін атап өтті. Ғалымдар мен өндірісшілердің симбиозы – осы бағыттағы құралдардың бірі. Бүгін біз үшінші рет хакатон  өткізіп  отырмыз. Ол ғалымдар мен өнді­рісшілердің күш-жігерін біріктіріп, нақты технологиялық  міндеттерді  шешуге  мүмкін­дік береді. Мұндай ғылыми-инновациялық форматтар – елдегі ғылымның коммерциялануы мен технологиялық прогресстің негізі, – деді  ол.

Алты топқа бөлінген сарапшылар нақты нәтижеге бағытталған  ұсыныстар айтып, ортақ талқыға салды. Сирек кездесетін метал­дар тобында спикерлік еткен ғалым Еркін Бектай уран өндіру бойынша тың идея­мен  бөлісті.

– Біз уран ерітінділерінен скандийді рента­бельді түрде алудың шешімін ұсындық. Ол арнайы әзірленген экстрагенттер мен технологияларды қолдануды қамтып, скандийді ең аз шығындармен және өнімнің максималды тазалығымен тиімді түрде бөлуге мүмкіндік береді. Бұл процестің тиімділігі мен экономикалық негізділігін арттыра отырып, осы саладағы жұмыстың нәтижелерін айтарлықтай жақсарта  алады, – дейді  ол.

Ал «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ Ғылым департаментінің директоры Арманбек Өмірғали Ұлттық атом компаниясының инновация­лық дамуға ерекше назар ауда­ратынын  алға  тартты.

– Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық атом компаниясы ғылым мен дамуға әрдайым ерекше көңіл бөледі, өйткені ғылымсыз әлемде жетекші орынға қол жеткізу және оны ұстап тұру мүмкін емес. Мысалы, бізде үш ірі ғылыми орталық жұмыс істейді, оның ішінде Жоғары технологиялар институты бар. Біздің саланы дамытуға бағытталған ғылыми жобаларды жүзеге асыру үшін ғалымдарымыздың Қазақстанның ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының ғалым­дарымен ынтымақтастығы біз үшін ерекше маңызды, – деді  департамент  басшысы.

Хакатон барысында ғалымдар мен өнеркәсіп саласының  мамандары уран ерітіндісінен  сирек  кездесетін металлдарды байыту­ға арналған технологияларды, газ тазар­ту ерітінділерін қайта өңдеуді, оның ішінде дымқыл тазартуды болдырмауды зерттеді. Екі күнге жуық өткен хакатон жа­йында  университет  ғалымы  Нұржан  Сүлейменов  те  оңды  пікір  білдірді.

– Екі күн ішінде біз «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ компаниясына және елдің уран өндіру саласына қажет шешімдерді прототиптеу деңгейіне жеттік. Сонымен қатар, министрліктің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруы үшін болашақ зерттеулер тақырыптары әзірленді. Бұл тұрғыда отандық ғалымдар Қазақстанның ірі уран өндіруші корпорацияларының бірінің сұранысына ие бола­тын нақты бағыттарды көре алады. Мұндай іс-шаралар ғалымдар мен өндірісшілердің өзара тиімді ынтымақтастығына әкелетініне сенімдімін. Зерттеулеріміздің нәтижелері нақты қолданбалы бағытқа ие екендігіне және оларды қаржыландырып, коммерцияландырып, ең бас­тысы, өндіріске енгізуге болатынына сенімді бола аламыз, – деді Нұржан Сүлейменов.

Ұзақ уақытқа созылған хакатон тың идея­лар алаңына айналып, білікті мамандардың көмегімен Қызылорда тау-кен өнеркәсібінің ілгерілеуіне жол ашты. Ғалым­дар мұнда ортаға салынған пікірлер мен түйткілді мәселелердің аяқасты қалмайтынына, алдағы уақытта осы тақырып төңірегінде бірқатар бастама жүзеге асатынына сенімді. Ғалымдар мәлімдеген тақырып бойынша жуық арада қаржылай гранттар да бөлінетін болады. Жиын барысында жан-жақтан келген шетелдік және отандық ғалымдар «Қызыл­құм» ЖШС, «Байкен-U» кен-орындарына барып, өндірістің тыныс-­тіршілігін пысықтады, жұмыс барысымен таныс  болды.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: