Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тасбөгетте тынымды тірлік бар

28.11.2024, 10:20 145

Мұнан бірнеше жыл бұрын Тасбөгет кенті қаладан тым алыс секілді көрінетін. Қазір бәрі өзгерді, қала аумағы кеңейді. Бүгінгі күні бізге кент қалаға жақындай түскендей әсер қалдырады. Әсем әрі зәулім ғимараттар да салынып жатыр. Жылдан-жылға халықтың әл-ауқатының жақсара түскенін де байқауға болады. Ресми мәлімет бойынша, бюджет және салық базасы да ұлғайған. Мысалы, 2024 жылғы бюджет жоспары 560,7 миллион теңге болса, орындалу көрсеткіші де көңіл қуантады. Сондай-ақ, 2024 жылғы салық түсімінің жылдық жоспары 136 миллион теңгені құраса, 9 айда нақты түсім  144,4 миллион теңгеге жетіп отыр. Әлбетте, экономикасы жақсы аймақтың өзге мәселелері өз реттілігімен шешіле беретіні ақиқат.

КӘСІПКЕРЛІКТІ  ҚОЛДАУ  ҚАРҚЫН  АЛДЫ

Кенттегі тіркелген субъектілер саны 852-ті құрап отыр. Оның        578-і – жеке  кәсіпкер, 251-і – заңды тұлға, 23-і – шаруа қожалық. Қалай десек те, бизнес – экономиканың драйвері. Сондықтан, жергілікті билік кәсіпкерлерге қолдауын еш аяған  емес.

2024 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша кәсіпті дамыту бағытындағы мемлекеттік бағдарламаларға қатысу қарқыны артуда. Жыл басынан бері көптеген тұрғынға бағдарламалардың игілігін пайдаланып, кәсібін ашуға, кеңейтуге кеңес берілген. Нәтижесінде 68 тұрғын өз жобасын қорғап, 500,7 млн теңге көлемінде  қаражат  иеленіп  отыр.

Атап айтқанда, «Қызылорда» Өңірлік инвестициялық орталығы» микроқаржы ұйымы «Іскер» бағдарламасы арқылы 10 жоба, жалпы құны – 60,8  млн  теңге;

Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру­ға  арналған мемлекеттік қайтарымсыз 400 АЕК-ні құрайтын грант  арқылы  50  жоба,  жалпы  құны – 73,8 млн теңге;

«2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында екінші деңгейлі банктер  арқылы 3  жоба, жалпы құны – 280,40  млн  теңге;

«Байқоңыр ӘКК» АҚ арқылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы ая­сын­да  4 жоба, жалпы құны – 30,2 млн  теңге;

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 6% несие бойынша 1 жоба,  жалпы  құны – 57 млн теңге.

АГРАРЛЫҚ  САЛАНЫҢ  АДЫМЫ  АЙТАРЛЫҚТАЙ  АРТТЫ

Кенттегі еңбекке қабілетті тұр­ғындар саны – 15771 адам. Жұмыс­сыздар саны 71 болса, тұрақты жұмы­сқа 160 адам орналасып отыр. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар да бар, олардың саны – 2932. Тұрғындар­дың әл-ауқатының арт­қаны – қуантарлық жағдай. Ел болғандықтан, тұрмысы төмен, әлеу­меттік аз қамтылған отбасылар да болатыны рас. Осы орайда, Тасбөгет кентінде атаулы әлеуметтік көмекті 393 отбасы алады екен. Сол секілді, тұрғын үй көмегін алушы отбасы­лардың саны 20-ны құрайды. Жергілікті билік мұндай отбасыларға барынша көмек көрсетіп жатқанын алға тартты. Мысалы, көмекке мұқтаж, аз қамтылған тұрмысы төмен, көпбалалы, мүгедектігі бар 30 отбасы (41 адам) тұрақты түрде ыстық аспен қамтылған. Мүгедектігі бар 47 бала, сондай-ақ 8 жалғызілікті қарт кісілерге үйде арнаулы әлеуметтік  қызмет  көрсетіледі.

Биылғы жылы кентте 300 гектар егін егілген. Мал басы саны 4512-ні құрап отыр. Мүйізді ірі қара – 1011, уақ мал – 1305, жылқы – 1002, түйе – 29, құс – 1165. Кент бойынша 1 уақ мал (120 бас) падасы белгіленген.

Кент аумағында 3 тұрғын өз аула­ларына 1000 шаршы метр жерге жылыжай салып, 2 жеке кәсіпкер 800 шаршы метр егіншілік кәсіппен айналысуда.

ИНФРАҚҰРЫЛЫМ  ИГІЛІГІН ЕЛ  КӨРІП  ЖАТЫР

2024 жылы қалалық бюджеттен бөлінген 124 миллион теңгеге кенттегі әлеуметтік нысандар орналасқан 6 көшеге (Ш.Есенов, Ғ.Мұратбаев, З.Шүкіров, Ә.Сапарбаев, О.Сейтпенбетов, Ә.Оразбаев) жаяу жүргіншілер  жолы  салынған.

Ал 5,2 миллион теңгеге Ғ.Мұрат­баев, Қ.Исмайлов-1, Қ.Исмайлов-2 көшелеріне жалпы ұзындығы  2,65 шықырымды құрайтын 75 дана түнгі  жарықшамдар  орнатылған.

– Кент әкімі аппаратының өзін-өзі басқару шотынан қаржы қаралып, тағы 3 көшеге (А.Құнанбаев көшесінің соңғы бөлігі, Тәуелсіздік көшесінің бас жағы бөлігі, Көпірбаев көшесі) жарық­шамдар  қойылды.

Мұнан бөлек, жалпы ұзындығы 12,7 шақырымды құрайтын 6 көшеге (Н.Өткелбаев, Ә.Жангелдин, А.Жанкин, Ж.Әбілқасымов, С.Сейфуллин және З.Мәмбетов) жарықшамдар қою жұмыстары үшін қаржы бөлініп, мемле­кеттік сатып алу конкурсы арқылы жеңімпаз мердігер мекеме анықталды. Ендігі ретте, тиісті жұмыс­тар  жүргізілетін болады. Жоба құны – 34 млн теңге, – дейді Тасбөгет кентінің әкімі Айдын Тыныш­тықбай.

Сондай-ақ, кент әкімі аппара­ты­ның үнемделген қаржысы есебінен Ғ.Мұратбаев, Қ.Баймағанбетов және Ә.Молдағұлова көшелеріне   9 дана аялдама орнатылып отыр. Сондай-ақ, үнемделген қаржыдан қосымша кенттегі Т.Жүнісов және Ә.Молдағұлова көшелеріне 3 дана аялдама  қойылған.

«Наурыз» шағын ауданы, №22 үйдің шатырын қалпына келтіру жұмыс­тары үшін қалалық бюджеттен қаржы қаралып, мемлекеттік сатып алу конкурсы нәтижесінде жеңімпаз мердігер мекеме тарапынан жөндеу жұмыстары жүргізілген. Мұнан бөлек, «Наурыз» және «Тасарық»  шағын  аудандарындағы 9 үйдің шатыры ауыстырылған. Жоба құны – 68 млн теңге. Шыны керек, бұл тасбөгеттік тұрғындардың көптен  бергі қуанышы  еді.

Бұдан бөлек 15 млн теңгеге кенттегі Ермекбай Ертуғанов (Қ.Байма­ғанбетов – Ә.Сапарбаев аралығы), Есенов  (15 млн теңге),  Амангелді (29 млн теңге) көшелеріне абаттандыру  жұмыстары  жүргізілген.

Сонымен қатар, кентке қарасты «Сабалақ» саяжайы тұрғындарына қолайлы жағдай қалыптастыру мақса­тында саяжайдың 22 көшесіне қалалық бюджеттен 21 млн теңгеге 450  дана  жарықшам қою жұмыс­тары  жүргізілген.

Кент әкімдігі  берген ақпаратта әлі де біршама көшеге жөндеу жұ­мысы жүргізілетіні хабарланған. Байқағанымыз, инфрақұрылым мә­селесі жақсарып келеді. Әрі мұның игілігін ел көретінін ескерсек, жүйе­лі жұмыстың жобасы байқалады. Әлбетте, кентте түйткілді мәселелер де бар. Бірақ, мұның бәрі уақытпен өз шешімін табары анық. Өйткені, облыс орталығының экономикасы бірізге  түсіп, нығайып  келеді.

Ырыскелді  ТӘЖІ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: