Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сыр елінің жаңаша даму негізі неде?

13.06.2024, 11:30 154

Аласапыраннан басталған өткен ғасыр қасіретінен миллиондаған халқымыз қырылып,  соңында әлсіреп жойылу алдында бір құдірет бізге тәуелсіздікті тарту етті. Бұл тәуелсіздік ықпалымен кең-байтақ елімізде коммуналдық байланыстар мен ирригациялық инфрақұрылым жүйелері және өнеркәсіп пен өндіріс құрылымдары бізді әлдендіріп, кемелденген державалық дәрежеге дейін көтереді. Еліміздің әрбір географиялық аймағы өзіне тән мол байлығы мен өндірістік мүмкіндікке ие. Ертеден егіншілік пен мәдениет дамып, Алаштың анасы атанған Сыр елін өркениет талабына  сай  қайта  жаңғырту  бізді  ұлы  болашаққа  бағыттайды.

Сыр бойының қысы аязды, ал жазда күндізi шыжыған ыстық болса, түні салқын. Мұндай табиғаттың егін шаруашылығы үшін зия­нымен қатар тиімді жағы да мол. Сондықтан біз егіншілікте осы тиімді жақтарын дұрыс пайдалануымыз керек. Яғни түн мезгілі егін жапырақтарынан гөрі жылы жерден нәр алған өсімдік түйнектері дами бастайды. Осындай күрт континенттік климатта жемістер мен мал еттері дәмді болады. Мұнан Сыр бойында мақта өсіріп, ұзын талшықты мақтаға ие болсақ деген ой келеді. Бұл жұқа талшықты Мысыр мақтасы сияқты жоғары сапалы мақта саналады. Өзбекстанда мақта біреулеп ашылып, ол қаңтар айына дейін теріледі. Ал бізде күзгі кенет түскен салқында мақта жапырақтары төгіліп, жылы жерден нәр алған көсектердің бәрі бірден ашылып, оны техникамен теріп алуымыз мүмкін. Жастарды еңбекпен де тәрбиелеп, оның ой-санасын жан-жақты дамытқан жөн. Яғни физикалық жұмыс ақылмен орындалып, ақылды да дамытады. Мақта – суды аз талап ететін техникалық дақыл. Бірақ оңтүстік рес­публикаларда егін алқабын қыс­та көл етіп суармаса, ол жерден өнім алу өте қиын. Яғни осы қысқы суару Арал теңізінің негізгі жойылу себебі екені сөзсіз. Тағы мақтаға шашқан улар мен шайып тастаған сулар бізге ағып келеді. Екі ортада біз, Сыр елі ауыр экологиялық жағдайға тап болдық. Бұл – жоғары билік пен кеңестік ғалымдардың қатесі. Ал бізде қыста егін алқабын көл етіп суармасақ та, жауын мен жердің тоңдап мұздауы жеткілікті. Яғни бізде жәндіктерге қарсы мақтаға у шашпағандықтан, оның гүліне ара жайылып, сапалы мақта балына ие болуымыз мүмкін. Бұл жағдайда мақтаның өзіндік құны басқа елдерден үш еседей кем болады. Бұл тоқыма комбинаттарға да арзанға түседі. Мақта – аса қажетті стратегиялқ шикізат. Егер мақта шаруашылығын дамытсақ, бұрын қолынан ұршық түспей жіп иіріп, алаша тоқыған әйелдер еліміздің барлық қаласының тоқыма комбинаттары мен тігін фабрикаларында шеберлік етер еді. Ішкі нарықты өз тауарымыз жайлап және импорттан экспортқа көшуіміз сөзсіз. Егер кең Қызылқұмды тегіс игерсек, оның сапалы мақтасы бүкіл әлемге жетер  еді.

Жеміс пен көкөністер ерте жеті­летін және мақта плантациясына қолайлы облысымыздың оңтүстік, жылы Өзбекстан шекарасына жақын бір-екі ауданның тың жері игерілсе, Сыр елі Орталық Азияда агроөнеркәсіптік ең дамыған аймақтың біріне айналады. Түркістан облысы мақтаны азайтса, есесіне Қызылорда облысында мақта егіп, бос жүрген халықты жұмыспен қамтамасыз ету зиянды болмас деймін. Яғни мақташылық ел бесігі ауылдардың дамуына ықпал етіп, оны жойылудан сақтайды. Ауыл дала табиғатында ұлттық қанымыз сақталады. Тек жасампаздық пен жаңашылдық және тынымсыз еңбек  бізді  алға  бастайды.

Одақ ыдырасымен жеңіл өнеркәсіпті оңтүстік елдерде бірден рурализация басталса, ал бізде керісінше бірден урбанизция бой алды. Ауылдардың  тоқырап жо­йылуы – бұл саяси қателік. Соғыс жылдары азық-түлікті майданға жіберіп, аш қалған өзбектер қаланы тастап, далаға қаңғырып кеткен екен. Бүгінде әлемдік жағдай жақсы емес. Сыр бойында халық санының өсуіне байланысты ауыл шаруашылығын тез дамыту әрқилы (возможный) дағдарыстан сақ­тайды. Дегенмен, ауылдардың тым кеңеюі шаруашылыққа ыңғайсыз­дық тудырады. Сондықтан ауыл­аралық алыс жол бойларына кіші ауылдар қоныстанып, малды айдап бақпай, жақын айнала еккен көгалдарда жайылып жатқаны – заман талабы. Біз сыртқа континенттік сапалы мал еттерін шығарамыз. Кең-байтақ елімізде азық-түліктің мол өндірілуі сыртқы елдер қажеттілігі үшін де аса маңызды. Әлемде ширек миллиард адам аштықтың азабын тартады екен. Бұл – Біріккен ұлттар ұйымының мәселесі. Байтақ жеріміздің географиялық жағдайына байланысты біз қуатты экономикалық озық дамыған аграрлы-индустриялық держава болуға  лайықпыз.

Бұдан бес ғасырдан астам бұ­рынғы (1493 ж.) «Бабырнама» кітабында Сейхун суы Түркістаннан алыс төменінде құмға сіңіп тамам болуы туралы жазылған. Әрине, құмға сіңіп тараған су көл суына қарағанда тез буланып кетеді. Сондықтан енді әрбір тамшы суды үнемдеп пайдалану керек. Тіпті су сағасындағы елдерде әрбір гектар егін алқабына дейін кіші арықтар да бетондалған. Бұдан су үнемдеумен қатар жыл сайын арық тазалау қол жұмысынан біржола құтылады. Енді біз де осы тәсілмен бетон арықты қолдансақ, егін алқабын кеңейтіп, мол өнімге ие боламыз.

Терең ойлансақ, бізде ауылдардың негізгі тоқырауы одақтас республикаларды бір-біріне тәуелді етпек болған Н.Хрущевтің қисынсыз монокультуралық саясаты екен. Халықтың ұстап баққан малын алып және жер телімін азайтып қойды. Тіпті Ресейдің өзінде деревнялар қаусап, жастар қалаларға тарап кетіпті. Кез келген аңдығанның ырқына беріле берудің қажеті жоқ еді. Сыртқа ет шығаратын алып ел алыс Австралияның дәмсіз етін тұтынуға дейін бардық. Осы монокультура деп екі ортада біз талай байырғы жерімізден айы­рылып қалдық. Ақыры мұндай Кремльдің ісі мақта коррупциясына соқтыр­ды. Ал, оған қарсы М.Горбачев одақты ыдыратып жібер­ді. Әйтпесе Сыр елінде агроөнеркәсіпті ертерек озық дамытып алған болар едік. Әуелі бастан миллиондаған қазақ аштан қырылып, еліміз қау­сап әлсіремегенде, Қазақстан ықпалымен Кеңес одағының қуаты еселеп  артып, үдейтін  еді.

Сыр бойында агроөнеркәсіп – негізгі тіршілігіміз. Бірақ жылы егінге жайлы облысымызда агро­өнеркәсіпті дамыту үшін мол су қажет. Бұрын жыл сайын ерте көктемнен бастап Сыр суы тасып, алыс Қызылқұм аралығына дейін жайылған заман бүгіннен алыстап артта қалды. Ал, бүгінде сол Сырдың суы сарқылып, су тапшылығынан жұмыссыз ауылдар тоқырап, агроөнеркәсіптік дағдарыс бой алды. Енді солтүстік ішкі суларымызды пайдалау кезеңі келді. Бұрын кеңестік кезеңде Сібір суларын бөліп, Орталық Азия жағаларына бұру туралы перспективалық жоба болған еді. Кезінде ол жобаға әртүрлі сылтау айтып, қарсы шыққандар болды. Біз – Ресеймен тарихымыз бір, көрші, жақын елміз. Біз – стратегиялық серіктес, Құдай қосқан мәңгілік көршіміз. Біз – жақын мен алысқа да бірдей тату елміз. Бірақ тар кезең­де екі араға қыстырылған жалақор аңдығандарға сергек болып және өз ішкі шала сауатты саяси халыққа тым ерік берудің қажеті жоқ. Сөз бостандығының да шегі мен жауапкершілігі болады. Бетімен кету – бұл шайттаның жолы. Елде тыныштық  сақтап, тыныш жүрейік. Бірақ ол – төмен аққан суды төменнен кері бұрып сорғылармен су деңгейін көтеретін машақаты көп ескі жоба. Яғни ол арнайы қисынсыз жасалған жоба сияқты. Ауғанстан каналдар қазып, Әмудария суларын жаңа тың алқаптарға жылдам бұра бастады. Ал, біз бұның есебін таппай тоқырап тұрмыз. Енді өз аумағымыздан Ертіс суларын жоғары тұсынан бөліп, құбырлар арқылы Бетпақдалаға дейін белестерден асырып тастасақ, жер деңгейі төмен, бұл жақтарға ол суларды сорғысыз вакуммен сорып тартады. Енді ол өз суларымызға кедергі етуге ешкімнің хақысы жоқ. Дегенмен, зордан да зор табылса, зор артын қысады дейді. Яғни итаршылық екі елдің арасына бөгет бола алмайды. Әмудария суының азаюы төменгі елдерде де су тапшылығына соқ­тыруы мүмкін. Бірақ бұл суды сырт­қа асырмай, тек өз қажетімізге ғана пайдаланамыз. Оңтүстік Орта Азия елдеріне біздің талай егінге лайық жылы жерлеріміз өтіп кетті. Сондықтан ол жақтарға суды тек келісіп қана өткізген дұрыс. Сонымен қатар Есіл мен Тобыл суларын да бөліп, оңтүстік ойпаттарға бұрсақ, ол сулар сорғысыз құлдилайды. Тіпті су электр станцияларын құруға да ыңғайлы. Мұның энергиясы бүкіл елімізге жетіп артылады. Дәл осындай фундаменталдық алып құрылыстар кең-байтақ елімізді экономикалық қуаттандырып, кемел­денген державалық  дәрежеге көтереді.

Сарыарқа алқабын басқан қалың қар жыл сайын көктемде еріп, тасқын сулар елді мекендерді басып, әбігерге түсіп қаламыз. Бұған тағы тынымсыз жауған жаңбыр да қосылды. Сел қауіпсіздігі тек арық жүйелері арқылы сақталады. Құдайдың берген бұл олжасын құр босқа ысырап етпей, арық жүйелері арқылы жиып, қажеттікке пайдалану керек. Әрі жыл сайын табиғат апатын жоюға кететін миллиардтаған шығыннан біржола құтыламыз. Ал, енді жасап алған бұл суымызға кім қарсы болар екен? Бұл сарқылған Сырдың орнын басады. Осы ішкі суларымызды оңтүстікке бұрумен қатар облысымыз солтүстік сырт жағы Сарысу бойы орталық ойпатына ірі су қоймасын құру мақсатына сай келеді. Көл маңайы булы ауада күн нұры еселеп, қыста жылы болады. Тағы біз жаққа соғатын жел мен ерте келетін антициклонға тосқауыл болса екен деймін. Көктемнің ерте келіп, күздің кеш түсуі егін шаруашылығының дамуымен қатар энергиялық ысыраптан сақтайды. Үйден шықсаң, салқын желден көзіңнен жас ағады. Бізде дені саулардан ауру адам көп. Сырдың басталар жоғарғы тармағы Памир жақтан аққан суларды ішсеңіз, жағымды әсер аласыз. Енді күнделікті қажеттігімізге экологиялық таза солтүстік өз ішкі суларымызды тұтынсақ деген үміттемін. Ал, Арал теңізін қайта қалпына келтіре алсақ та, қысқы аязды желден құтыла алмайтын сияқтымыз. Менің ойым, Арал теңізін сол күйінде сақтап, есесіне осы жасанды теңіз ықпалынан жақсы климаттық өзгеріс болса екен деймін. Жюль Верн Африкада құмырсқа тәрізді қылаудай термиттердің күмбездің бойы отыз фут, диаметрі он бір фут келетін ішіне сел көшкіні мүлде кірмейтін үлкен пана құрып алғаны туралы жазады. Демек әртүрлі мәселенің шешімін табуға болады екен. Біз әуелі осындай мәңгілік ел іргетасын құрып алуымыз керек. Мәңгілік елге жанға жайлы көркем климат аса қажет. Көркем табиғат және агроөнеркәсіптің талапқа сай өркен  алуы Сыр елінің жаңаша даму  негізі  болып  табылады.

Бекназар  ӘБСАДЫҚОВ,

инженер құрушы.

Қызылорда  қаласы

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: