Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шыны зауыты іске қосылғаннан бері 40 мың тонна өнім экспорттады

24.05.2023, 18:10 221

Сыр өңіріндегі ірі өндіріс орны саналатын шыны зауыты биыл алғашқы өнімін шығарған болатын. Қуаттылығы жылына 200 мың тоннаны құрайтын зауыт іске қосылғалы бері 75 мың тоннаға жуық өнім өндірген. Бүгінде мұнда күніне 500-510 тонна шыны түрлері шығарылып, басқа өңірлерге жөнелтіледі. Сондай-ақ, жергілікті өнімге көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан мемлекеттерінен де сұраныс жоғары. Республикада алғаш іске қосылған зауытта жыл соңына дейін қосымша 80 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Бұдан бөлек, қытай, неміс және түрік компанияларымен зауыт аумағында құны 100 млрд.теңгені құрайтын 8 шағын ілеспе завод құру бойынша келіссөздер жүргізілуде. Бүгін Өңірлік комуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте БАҚ өкілдері шыны зауытының жұмысымен танысты.

– «Orda Glass ltd»» ЖШС-нің табақша шыны өндіру және өңдеу зауытының жобасы биыл іске қосылып, шыны өндіру жұмысы үздіксіз жүріп жатыр. Жалпы зауыт іске қосылғалы бері 40 мың тоннаға жуық өнім басқа аймақтар мен сырт мемлекеттерге эскпортталды. Жергілікті өнім көбіне құрылыс саласына қажетті болғандықтан сұраныс та соған сай көбейіп келеді. Бүгінде өндіріс орнында 400-ге жуық жұмысшы еңбек етсе, оның 70 пайызы жергілікті мамандар. Екінші жарты жылдықта зауытта электр тоғын үнемдейтін жобаны жүзеге асырмақшымыз. Ол үшін керекті қондырғыларға тапсырыс беріп жатырмыз, – деді кәсіпорынның өндірістік бөлім басшысының көмекшісі Ғалымжан Қуатов.

Осы жылдың төрт айында құны 6 млрд теңгені құрайтын 3,5 млн.шаршы метр өнім шығарылды. Ал жыл аяғына дейін 140 мың тонна шыны түрлерін шығару жоспарлануда. Бұл зауыт қуаттылығының 71 пайызын құрайды. Ал өнімге қажетті шикізаттар шет мемлекеттерден тасымалдануда.

– Өнеркәсіп саласындағы ірі өндіріс орны – шыны зауыты индустрияландыру бағдарламасы аясында іске қосылған болатын. Бұл зауыт өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсерін берді. Мәселен, биыл бұл зауытқа 42 млрд теңге инвестиция тартылып, бірнеше мемлекеттермен өндіріс аумағына шағын заводтар құру туралы келісім шарт жүргізілді. Жалпы шыны зауытының өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі 8 пайызды, ал құрылыс индустриясындағы үлесі 42,2 пайызды құрайды, – деді облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысының орынбасары Жанар Берденова.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: