Бүгін Шиелі ауданының басты күре жолдарының бірі, Шиелі кентінің көркін айшықтап тұрған Қожа Ахмет Ясауи көшесі қайта жаңғыртудан кейін пайдалануға берілді. Нәтижесінде Шиелі ауданында алғаш рет төрт жолақты жол бөлігі қалыптасты. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі ақпарат таратты.
Қайта жаңғыртудан өткен жолдың ашылу салтанатына зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, жастар және аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты рәсімде аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сөз сөйлеп, жол инфрақұрылымын дамыту — елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудағы маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
— Шиелі – Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан, тоғыз жолдың торабындағы, тарихы терең, берекесі мен бірлігі жарасқан қасиетті мекен. Бүгінде ауданымыз өндірісі өркендеген, кәсіпкерлігі дамыған, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті артып келе жатқан өңірге айналуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздің көлік инфрақұрылымын дамытуға, жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыруға айрықша мән беріп келеді. Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында елімізде республикалық маңызы бар күре жолдардан бастап, облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарына дейін жаңғырту жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылуда.
Өздеріңізге белгілі, Сыр өңірінде жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында соңғы жылдары ауқымды жобалар қолға алынды. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаев облыс әкімі қызметін атқарған кезеңде аймағымыздың жол саласында маңызды жобалар жүзеге асырылып, жолдардың сапасын жақсартуға басымдық берілді.
Мемлекет басшысының, Үкіметтің және облыс әкімі Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаевтың қолдауымен автомобиль жолдарының сапасын жақсарту бағытындағы игі бастамалар ауданымызда да өз жалғасын табуда.
2025–2026 жылдары аудан көлемінде жалпы ұзындығы 34 шақырым автомобиль жолына күрделі және орташа жөндеу жұмыстарын жүргізуге 5,4 млрд теңге қаржы қарастырылды. Бұл — тұрғындардың күнделікті қатынасын жеңілдетуге, ауылдар мен аудан орталығы арасындағы байланысты жақсартуға және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды инвестиция.
Бәйгеқұм, Тартоғай, Ыбырай Жақаев, Алғабас және Әбділда Тәжібаев елді мекендерінің ішкі жолдарын жөндеуге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 1,6 млрд теңгеге жуық қаржы бөлініп, жолдар күрделі жөндеуден өткізілді.
Сонымен қатар аудан үшін стратегиялық маңызы бар «Шиелі – Тайқоңыр» автомобиль жолының 13 шақырымы «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының демеушілігімен 2,5 млрд теңгеге күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді.
«Гежуба Шиелі Цемент» компаниясы да ауданның жол инфрақұрылымын дамытуға үлес қосып, «Самара – Шымкент – Еңбекші» автомобиль жолының 4,3 шақырымын 1,2 млрд теңгеге күрделі жөндеуден өткізді.
Бүгін, міне, ауданымыздың инфрақұрылымын дамыту бағытындағы тағы бір игілікті істің куәсі болып отырмыз. Жалпы ұзындығы 4,1 шақырымды құрайтын жоба аясында Қожа Ахмет Ясауи, Шаймерден Бәкіров және Есабыз көшелері, сондай-ақ Ахмет Байтұрсынов көшесінен Шиелі кентіндегі канал көпіріне дейінгі автомобиль жолдары қайта жаңғыртудан өткізілуде.
Осы жұмыстарды сапалы әрі белгіленген талаптарға сай жүзеге асыруға атсалысқан «УАД» ЖШС ұжымына аудан тұрғындары атынан алғысымызды білдіреміз.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Жаңа жол құтты болсын! — деді аудан әкімі.
Айта кетейік, Шиелі ауданында алғаш рет пайдалануға беріліп отырған төрт жолақты жол бөлігі — аудан орталығының сәулеттік келбетін жақсартып, көлік инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды жобалардың бірі. Жаңғыртылған жол тұрғындардың қатынасын жеңілдетіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен қолайлылығын арттыруға мүмкіндік береді.
Жол сапасының жақсаруы — елді мекеннің дамуына, тұрғындардың тұрмыс сапасының артуына және ауданның заманауи келбетінің қалыптасуына оң ықпал ететін маңызды қадам.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!