Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шаһардың шырайы – тұрғындар шаттығы

03.05.2023, 11:00 182

Бұған дейін шаһарымызда әр жылдары көпқабатты тұрғын үйлерді әрлеу, қасбетін түрлі-түсті бояумен әсемдеу жұмысы жүргізіліп келді. Әрине, қаламыздың мұнтаздай таза болып, ондағы ғимараттардың көзтартарлық кейіпке енуі – өте қуанышты жағдай. Қызылорда қаласының 200 жылдығы қарсаңында да көптеген тұрғын үй мен ғимарат түрлі-түсті бояумен әрленіп, қаланың сән-салтанаты бір кіріп қалды. Шынын айту керек, аймақтағы күн райының қолайсыздығы, жұмыстың сапасы, тұрғындардың игілікті істі лайықты деңгейде күтіп-ұстауы деген секілді факторлардың әсерінен бояулардың ағарып, бірнеше жылдан соң тартымсыз бейнеге айналатынын көз көріп жүр. Араға жыл салып әрлеу, әсемдеу жұмыстарын жүргізу кімге болса да тиімсіз екені белгілі. Аймақ басшылығының бастамасымен, кәсіпкерлердің туған жерге тарту жасауымен бұл олқылықтың да орны толатын секілді.

Демалыс күндері Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев шаһардағы көпқабатты үйлердің қасбетін жаңалауға қаражат бөлген кәсіпкерлермен кездесу өткізді. Кәсіпкерлердің бұл игілікті қадамы туған жерге тарту жасаудан туындағанын айта кетейік. Қазір облыс әкімінің бастамасымен Қызылорда қаласындағы 26 көп­қабатты тұрғын үйдің қасбеті қайта жаңғыр­тылуда. Дәл осы күні жұмыс қызу жүріп жатыр.

Жоба бойынша бұл жұмысқа жалпы ауданы 40 000 шаршы метр заманауи материалдар қолданылады. Заманауи дегеннен шығады, енді тұрғын үйлердің сыртын бұрынғыдай әртүрлі бояумен  бояп шығу  деген  жоқ. Соңғы  үлгі­дегі, сапалы материалдармен қапталады, қала­ға көрік береді. Тұрғын үйлердің қасбеті шаһардың  сәулеттік  келбетіне  жарасымды­лық  сыйлайтыны  анық.

Әрлеу жұмыстары жергілікті демеуші­лердің, атап айтқанда қала құрылысшылары мен кәсіпкерлерінің қолдауымен жүзеге асып жатыр. Жұмыстарды алдағы шілде айына дейін толық  аяқтау  жоспарланып  отыр.

Қазір Абай даңғылындағы №46, №54 және №62 үйлер, Сырдария  шағын  ауданында­ғы №1 және №2 тұрғын  үйлердің  сыртқы  қас­бетін әрлеу  жұмыстары  басталып  кетті.

Аймақ басшысы жұмыс сапасына басымдық берілуі тиіс екенін ерекше айтты. Жер­лестерін туған жерді көркейту ісіне белсенді атсалысуға  шақырды.

– Мемлекет  басшысы Қасым-Жомарт Кемел­ұлы туған жеріне жанашырлықпен қарайтын  кәсіпкерлерді  патриотизм мен әлеуметтік жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп, ел экономикасын дамытуға үлес қосуға шақырған болатын. Бұл жұмыстарға жергілікті кәсіпкерлер, осы топырақтан түлеген меценаттар белсенді араласуда. Қайырымдылық шараларына, атамекенін  көркейтуге бар күш-жігерін салуда, – деді Нұрлыбек  Машбекұлы.

Кездесуден кейін облыс әкімі қолданылатын материалдардың түрлерімен жеке-жеке танысып, сапасын бақылап көрді. Нұрлыбек Машбекұлы жалпы жұмыс сапасына мән беру керектігін  тағы  еске  салды.

Ел арасында «тұрғын үйдің қасбеті металдан жасалғандықтан, жазды күндері ыстық болмай ма?» деген де сауалдар бар. Жауапты мамандар мұның бәрі алдын ала зерттелген, тәжірибеден өткен жұмыс екенін нақтылады. Яғни, құрылыс материалдары жазда салқын, қыста жылы болуы үшін таңдалып отыр. Ең бастысы, қаланың ажары айшықталып, шаһардың шырайы көздің жауын алатындай болуы тұрғындардың шаттығы екенін естен шығармау  керек.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: