Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қызылордада тозығы жеткен құбырлар жаңартылып жатыр

23.08.2023, 11:20 157

HALYQLINE.KZ

«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК Қызылорда қаласын электрмен және жылумен жабдықтауды қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда кәсіпорын балансында 23 энергия көзі бар. Оған 2 бу қазандығы, 2 бу турбинасы бар ЖЭО, 3 газ турбиналы қондырғысы және 3 қалдық жылу қазандығы бар КОГТЭС, 7 бу қазандығы бар Оңтүстік қазандық және 19 дербес блок-модульдік қазандық (АБМК) кіреді.

«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК-ның 2022 жылға арналған инвестициялық бағдарламасы бойынша кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жалпы сомасы 106,917 млн теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізген. Атап айтқанда, 75,091 млн теңгеге негізгі және қосалқы жабдықтары жөнделсе, 31,826 млн теңгеге жалпы ұзындығы 2,758 шақырым жерге 57 миллиметрден 325 миллиметрге дейінгі әртүрлі диаметрлі кварталаралық жылу желісіне жөндеу жүргізілген. Ал, 2023 жылғы инвестициялық бағдарламаны іске асыруға 8153,875 млн теңге қарастырылған. Оның 114,729 млн теңгесі мекеменің өз қаражаты есебінен негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеуге, ұзындығы 4,3 шақырым кварталаралық жылу желілерін жөндеуге жұмсалып жатса, 784,357 млн теңге «Бюджеттік – кредиттеу» бағдарламасы бойынша кварталаралық жылу желілерін қайта жаңғыртуға, 7254,790 млн теңге «Жылумен жабдықтау жүйелерін дамытуға арналған нысаналы трансферттер» бағдарламасы бойынша магистральдық жылу желілерін қайта жаңғыртуға бағытталып отыр.

Мемлекет басшысының 2022 жылғы қыркүйек айында сайлауалды бағдарламасында жаңа тарифтік саясатқа көшу қарастырылған болатын. Соған сәйкес «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы қабылданған. Бағдарлама аясында 2023 жылдың қаңтар айынан бастап табиғи монополия туралы заңға біршама өзгеріс енгізілді. Бұл жердегі басты мақсат – жылу желілерінің тозуын азайту. 2029 жылға дейін қазіргі тозуларды 15-20%-ға дейін төмендету көзделген. 2023 жылдың соңына дейін жылу энергиясы саласына мемлекеттік бюджеттен 8 млрд 100 млн теңге бөлінді. Оның 784 миллионы – бюджеттік несие. Бұл қаражат тарифтің ішіне салынып отыр. Одан бөлек, өз қаражатымызға 2023 жылға 114 миллион теңгеге бағдарлама бекітілген. Оның 31 миллионы электр желілеріне, 82 миллионы жылу өндіру саласына арналған. Осының нәтижесінде біз жылдың соңында жылу желісінің тозу деңгейін 48 пайыздан 46,1 пайызға дейін азайтуды жоспарлап отырмыз – дейді ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Айбек Егембергенов.

Кәсіпорынның жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 190 шақырым. Оның 35,7 шақырымы магистральдық жылу желілері болса, 154,3 шақырымы – кварталаралық жылу желілері.

– Алдағы жылу маусымына  дайындықты 15 сәуірде бастап кеттік. Жылу жүйелерін қайта жаңғырту және стансаның қазандықтарын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарын толығымен 15 қыркүйекке дейін аяқтаймыз деп жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, бюджет есебінен атқарылып жатқан жұмыстар да қазан айында аяқталады. ЖЭО-дағы (ТЭЦ) 6-шы, 9-шы қазандықтарға күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Облыс орталығындағы жылу желісінің ұзындығы – 190 шақырым. Оның ішінде 2010 жылға дейін тартылған құбыр 55 шақырым болса, 2010 жылдан кейін 67 шақырым жылу желісі салынған. 2010-15 жылдары 17 шақырым, 2015-22 жылдары 39 шақырым құбыр жаңартылған. Биыл 12 шақырым құбыр жаңартылуда, – деді «Қызылордажылуэлектрорталығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорынының директоры Медет Усаин.

Қазіргі уақытта негізгі және қосалқы қондырғылар мен кварталаралық жылу желілерін жөндеу жұмысының 76 пайызы орындалса, кварталаралық және магистральдық жылу желілерін қайта жаңғырту жұмысының 47 пайызы іске асырылған.

«Қызылордажылуэлектрорталығы» МКК директоры Медет Усаиннің айтуынша, кәсіпорында 660 қызметкер жұмыс істейді. Облыс орталығында жылу жүйесіне қосылған 1620 нысан бар. Оның 781-і – көпқабатты үй, 275-і – жеке тұрғын үй, 128-і – әлеуметтік нысан, 23-і – жоғарғы оқу орны, 330-ы – шаруашылық нысан және 83-і – басқа да бюджеттік мекеме. Егер аталған нысандарда қандай да бір апаттық жағдай тіркелсе, 6 арнайы жасақ іске кірісуге дайын.

Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қызылорда облысындағы департаменті ұйымдастырған жылу беру нысандарын күрделі жөндеуден өткізіп жатқан бірнеше жерді аралау барысында тұтынушыларды сапалы жылумен жабдықтауға күш салып жатқанын байқадық. Атқарылып жатқан жұмыстармен мәслихат депутаттары да танысты. Енді оның іс жүзінде жүзеге асуын күту ғана қалды.

Жасұлан  НАУРЫЗӘЛІ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: