Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағы құрылмақ

25.04.2025, 10:10 109

Үкіметтің 2049 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі кезеңге «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын құру туралы» қаулысы ашық НҚА порталында жарияланды, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі

Қаулы Премьер-министрі Олжас Бектеновтің Қызылорда облысына жұмыс сапары қорытындысы бойынша берген тапсырмаларын орындау мақсатында, сонымен қатар өңірдің экономикалық өсімін қамтамасыз ету және инвестиция тарту үшін әзірленген.

АЭА аумағы 106 гектарды құрайды және Қазақстан Республикасы аумағының ажырамас бөлігі саналады.

«Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағын құрудың мақсаты – әлемдік стандарттарға сәйкес келетін заманауи өнеркәсіптік-өндірістік кешендерді құру үшін отандық және шетелдік инвесторларды тарту, экономикалық және ұйымдастырушылық жағдайларды қалыптастыру арқылы жеке кәсіпкерліктің дамуын ынталандыру, транзиттік көліктік-логистикалық әлеуеттің және сауда-логистикалық байланыстардың өсуін ынталандыру, сондай-ақ туристік әлеуетті жоғарылату мен тиімділігі жоғары, бәсекеге қабілетті туристік инфрақұрылымды дамыту. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық өсуіне және инфрақұрылымын жақсартуға ықпал етеді.

Осыдан бір жыл бұрын Үкімет басшысы Олжас Бектенов арнайы экономикалық аймақтар институты әлі күнге дейін тиісті деңгейде дамымай отырғанын сынаған. 

Ал, озық елдердің көпшілігі арнайы экономикалық аймақтарды инвестиция тартудың тиімді құралына айналдырған.

«Дүниежүзілік банктің деректеріне сүйенсек, тартымдылығы жағынан салық және кедендік жеңілдіктер тек үшінші және төртінші орындарда тұр. Ал, бірінші позицияда қолайлы әкімшілендіру және қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету құралдары орналасқан. Біздің Арнайы экономикалық аймақтарды реформалау әрекетіміз олардың тиімділігін арттыра алмай келеді. Сондай-ақ біз басқарушы компанияларды қамтамасыз етуге қомақты бюджет қаражатын жұмсап отырмыз. Бірақ олардың тарапынан инвестиция түрінде тиісті қайтарым жоқ», – деген еді Олжас Бектенов.

Фото: ҚР Үкіметінің баспасөз қызметі

Ақниет ӨТЕМІСҚЫЗЫ,

Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың студенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: