Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаржылық сауаттылықты қайтсек қалыптастырамыз?

18.05.2023, 12:20 218

Соңғы кездері ел арасында қаржылық сауаттылық ұғымы жиі айтылып жүр. Әрине, экономистер қаржыны үнемдеудің әртүрлі жолын нұсқап, «мастер класс» көрсеткенімен, тапқан ақшасының қайда кетіп жатқанын білмей қалатындар бар. Көп созбай-ақ, «теңге тиыннан құралады» дегенді әр адам әрдайым есінде сақтап, қаржысын басқара алса, қаржылық сауат қалыптасады. Десе де, ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жұрттың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кетеді. Үкіметтің әрекеті жеткіліксіз болып отыр. Ауыл шаруашылығы және өндіріс саласының дамуында нақты нәтиже жоқ. Азық-түлік инфляциясының басты себебі де – осында. Елімізде өндірілетін тауардың көлемі ішкі сұранысты қамтамасыз етуге жетпейді. Импортқа тәуелдіміз» деп кеңейтілген кеңесте жауаптыларды сынағаны бар еді. Сондықтан, жалақысының тең жартысынан көбін ішіп-жемге жұмсайтын жұртшылыққа  қалайша  қаржылық сауаттылық  туралы  айтуға  болады?

Өткен жылғы статистикаға сенсек, қазақстандықтардың үштен бір бөлігі өзінің қаржысын бақылай алмай­ды, есеп-қисабына бас ауырт­қысы келмейді. Оңды-солды қарыз алып, несиесін несиемен жауып жүргендер жетерлік. Яғни, түсінікті тілде айтсақ, қанды қанмен жуып кетіре алмай жүргендер көп. Қайтпек керек? Әрине, балалардан  бастау  қажет.

Бұл жайында экономист, ҚР Мәжілісінің депутаты Дәулет Төлеу­тайұлының айтары  бар. «Бала кез келген еңбектің бағаланатынын білуі тиіс» деген ұстанымды ту еткен ол ата-аналардың бала­ларды қаржылық сауаттылыққа  кішкентай  кезінен үйрете  бергенін  дұрыс  санайды.

– Балаға ақша берерде мұқият болған дұрыс. Ол оны үнемді пай­дала­нып, орынды жұмсай білуі үшін, қар­жылық сауаттылықты кіш­кен­тайы­нан бастап қалыптастыр­ған жөн. Балаға ақшаның оңай келмейтінін түсіндіріп, 1 айлық жала­қыңыз­ды қалай жұмсайтыңызды есептеп көрсету керек. Ол кез келген кірістің өз орнымен жұмсалуы қажет  екенін білгені дұрыс. Бала­ға ақшаны саналы түрде беру керек. Оған түскі асына, жолына деп есепсіз қаржы беру пайдасыз. Мұндай жағдайда бала ақшаны өзі есептеп үйрене алмайды. Апта са­йын  немесе айына бір мәрте табыстасаңыз, өзі нені, қайда жұмсайтынын пайымдайтын болады. Сол кезде бір айға берген ақшаны үнемдеп, тиімді жұмсайтын болады. Осындай әдіспен ұл-қызыңыз­ға қаржыны  үнемдеуді   үйрете  аласыз, – дейді  ол.

Ал, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің fingramota.kz сайты балалардың ақша­мен та­ныстығын ойын түрінде  бастауды  ұсынады.

«Бала 3-4 жаста болғанда одан ақшаны түсі әртүрлі кесеге салу­ды өтініп, түрлі монеталарды тану­ды үйре­туге болады: мысалы, бала номи­налы 100 теңге болатын монета­ларды  қызыл  кесеге, номи­налы 50 теңге бола­тын  монета­ларды – жасыл,  ал   20 теңгелік  моне­таларды  ақ кесеге  салсын. Сондай-ақ, қызыл кеседегі ақшаға ойыншық, жасыл кеседегі ақшаға балмұздақ сатып алуға болатынын түсіндіру  керек»  деп  жазады.

«Балаға қай жасынан бастап күнделікті жұмсайтын ақша беруге болады?»  деген  сауалға  да  жауап  іздедік.

Көптеген қаржы сарапшылары балаға  күнделікті жұмсау үшін ақша­ны 6-8 жасынан бастап беру­ге болаты­нын  айтады.  Бәрінен бұрын  балаға  дүкеннен  өзіне сауда жасау­ды үйреткен  маңызды  екен.

Балаға күнделікті жұмсауға қаншалықты ақша беру қажет? Бұл сұрақ  та  көпті  ойландырады.

«Бала аз болса да, өз бюджетін жоспарлауды өз бетінше үйренуі керек. Балаңызға күнделікті жұм­салатын ақша мен туыстарының ақшалай сыйлықтарын қалай дұрыс пайдалану керектігін және жинақтарды қайда сақтау керектігін түсіндіріңіз. Бұл мәселеде ата-аналардың белгілі бір бақылауы маңызды және қажет болған жағдайда оны қателіктерден сақтандырған жөн. Шамадан тыс бақылау баланың қолындағы ақшаға деген жеке жауапкершілікті дамытуға  мүмкіндік  бермейді.

Егер кішкентай кезінен бала ақшаның қалай табылатынын білсе, оларды қалай дұрыс жұмсауды үйрен­се, өзінің балалық деңгейінде асығыс шығындардан аулақ болса, онда ересек адам ретінде оған өмірге бейімделу оңайырақ болады. Мұндай адам ақша тауып, оны ақылмен жұмсауды, үнемдеуді және мүмкін әртүрлі қаржы құралдарының көмегімен көбейтуді үйренеді» деп  жазады fingramota.kz  сайты.

Сонымен, қаржылық  сауатты­лық  дегеніміз  не?

Ол:

– қаржылық қызметтерді және құралдарын  пайдалана  білу;

– меншікті қаржы құралдарын басқару  дағдылары;

– халықтың  қаржы жүйесі, оның жұмыс істеу қағидаттары, сон­дай-ақ қаржылық қызметтер саласында тұтынушылардың құқықтарын қор­ғау  туралы хабардар  болу  деңгейі.

Қаржылық сауаттылық – қаржыны  жинай  білу, басқару.  Экономистер  100 000 теңге айлық алатын адам 1000 теңгені жинай алмаса, ертеңгі күні миллион теңге тапса да, оны басқаруға қабілетсіз болатынын ескертеді. Біз «Қаржылық сауаттылықты қайтсек қалыптастырамыз?» деген сұрақты өз-өзімізге қойғанда, балалардан бастаған дұрыс екені ойымызға оралды. Соңғы жылдары қаржы сарапшылары аталған жағдай жайлы дабыл қағып, БАҚ пен әлеуметтік желілерде жиі-жиі айтып жүр. Ақша су сияқты, ақшаның құны жоқ. Дәл осылай деп уақыт өтіп жатыр. Сіз ше, қаржыңызды қалай басқарасыз, ойлы оқырман?!

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: