Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қай өңірлерде өндіріс кемшін?

19.09.2024, 10:40 144

2024 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстанның өнеркәсіптік секторы біршама тұрақты өсім көрсетті. ҚР  Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, өнеркәсіптік өндірістің жалпы индексі (ӨӨИ) 103%-ды құрады, бұл еліміздің экономикалық әлеуетінің артуын айғақтайды. Әсіресе, тау-кен өндірісі, өңдеу өнеркәсібі және энергетикалық секторлар елеулі өсімге ие болды. Дегенмен, өсім бар жерде дағдарыстың да болатынын ескерген жөн. Өйткені, еліміздің алты өңірінде өнеркәсіп жұмысының көрсеткіші төмен. Бұл қателіктермен жұмыс істеу керектігін көрсетеді. Сонымен, қай өңірде өнеркәсіп өндірісі кенжелеп тұр? Кішігірім ізденіс жасап көрдік.

2024 жылғы өнеркәсіптік өндіріс индексі бойынша көрсеткіштерге көз жүгіртсек, Ұлытау облысы көш басында тұр. Онда өсім 12,2%-ды құрады. Қарағанды облысы 10,4%-бен екінші орынға жайғасты. Түркістан облысы да айтарлықтай өсім көрсетіп, 7%-ды иеленді. Астана қаласы мен Ақтөбе облыстарында өнеркәсіп өндірісі 6,9%-ға ұлғайды, бұл экономиканың тұрақты өсуін көрсетеді. Шығыс Қазақстан облысында өсім 5,7%-ға тең болса, Алматы облысында бұл көрсеткіш 5,1%-ды құрады. Павлодар мен Маңғыстау облыстары бірдей нәтижеге қол жеткізіп,  4,8%-бен алдыңғы қатардан көрінді. Қызылорда облысында өсім – 3,6%, Шымкент қаласында – 3,1%, ал Солтүстік Қазақстан мен Абай облыстарында сәйкесінше 3% және 2,7%-ға артқан. Жетісу облысында өнеркәсіп өндірісі тек 1,8%-ға ғана өскен, бұл – салыстырмалы түрде төмен көрсеткіштердің бірі. Ал, Батыс Қазақстан облысында өсім (0,1%) болмағаны байқалады. Атырау және Ақмола облыстарында төмендеу үрдісі байқалды, сәйкесінше 0,8% және      0,9%-ға  құлдырады.

Өңірлер арасында өнеркәсіптік өндірістің ең көп төмендеуі Алматы қаласында тіркелді, онда бұл көрсеткіш 6,5%-ға төмендеген. Қостанай облысында өндіріс 4%-ға, Жамбыл облысында  2,4%-ға  азайған.

Қызмет түрлері бойынша өнеркәсіптік өндірістің индекстеріне тоқ­талсақ, 2023 жылғы қаңтар-тамыз айларына қарағанда 2024 жылдың қаңтар-тамыз айын­дағы көрсеткіш бо­йынша Тау-кен өндірісіндегі өсу 101%-ға жетсе, өңдеу өнеркәсібі 104,9 па­йызға артқан. Ал электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау 105,9 пайызды көрсеткен. Сонымен бірге, сумен жабдықтау, су бұру, қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызмет 98,7 пайызға өсіпті.  Ал  енді  жеке-жеке  тоқталсақ.

Жалпы, тау-кен өндірісінің өсуі, табиғи газ бен металл кендерін өндіру­дегі оң көрсеткіштер елдегі жалпы өнеркәсіптік өсімді қамтамасыз етті. Алайда, бұл көрсеткіштер кейбір ірі сала­лар мен аймақтарда ғана байқа­лып, елдің  барлық  өңірге тарал­маға­ны анық. Бұл салада ӨӨИ 101%-ға жетсе де, оның нақты пайдасы әр өңірге бірдей емес. Тау-кен өндірі­сінің шоғырлануы тек белгілі аймақ­тарға ғана табыс әкеліп отыр, ал бас­қа аймақтар әлі де болса өндірістің төмендеуімен  бетпе-бет  келуде.

Ал өңдеу өнеркәсібі 4,9%-ға өсіп, химия, фармацевтика және металлур­гия салалары ай­тар­лықтай алға шық­қа­нымен, кейбір өңірлерде бұл өсім байқалмады. Өңдеу өнеркәсібінің дамуында аймақтық теңсіздік анық көрінеді. Әсіресе, Жамбыл мен Қостанай сияқты аймақтарда өңдеу өнеркәсібінің кері кетуі өнеркәсіптік дамудың аймақаралық сәйкес еместігін көрсетіп отыр. Бұл өңірлерде металлургия немесе химия салалары дамыған болса да, өндіріс көлемінің төмендеуі бұл саланың құрылымдық әлсіздігін көрсетеді.

Энергетика саласы да жағдайдың оңды емес екенін алға тартып отыр.  Оның көлемі 5,9%-ға өскенін алға тартсақ та, бұл сектордың дамуы тең емес. Электр энергиясын өндіру, тара­ту және газбен жабдықтау жүйесі тек ірі қалалар мен дамыған аймақтарда тұрақты дамып келеді. Мысалы, Атырау мен Ақмола сияқты өңірлерде электр қуатын тұтыну қажеттігі мен өндіріс көлемі сәйкес келмей отыр, бұл мамандардың саланы тиімді басқармағанын айқындайды. Саладағы реформалардың қажеттігі бар екенін, әсіресе, елдің энергетикалық инфрақұрылымын аймақтық деңгейде теңестіру керек екені мойын көтеріп  тұр. Міне, мәселе қайда жатыр?!

Еліміздегі өнеркәсіп саласының дамуында маңызды проблемалардың бірі – аймақтардың теңсіздігі. Қара­ғанды, Түркістан, Ақтөбе сияқты облыс­тар  жоғары  көрсеткіштерге жеткенін байқаймыз. Ал, Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Алматы қаласында өндіріс көлемі төмендеп, жалпы дамуға үлес қоспай отыр. Бұл алты  өңірдің  көрсеткіштері  2024 жылдың қаңтар-тамыз айларында 1,9%-дан 3,4%-ға дейін төмендеді. Мұндай көрсеткіштер, әсіресе, су және  электр энергиясымен жабдықтау салаларында айқын байқалды. Бұл артта қалушылықтың негізгі себептері – өндіріс инфрақұрылымының ескіргендігі, жаңа технологиялардың жетіспеушілігі және экономиканың әртараптандыруының жеткіліксіздігі. Елдің негізгі өнеркәсіптік салалары кейбір  аймақтарда тоқырауға ұшырап, орталық және солтүстік-батыс облыстарында даму қарқыны баяулаған.

Алыс-жақын елдердің ахуалымен салыстырсақ. Қазақстанның Еуразия­лық экономикалық одақтағы өнеркәсіп өндірісінде де үлесі төмендегені байқалды. 2024 жылдың қаңтар-шілде айларындағы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) өнеркәсіптік өндірісі біршама өскен. Жалпы, ЕАЭО бойынша өнеркәсіптік өндірістің өсуі 104,8%-ды құрады. Бұл көрсеткішке ЕАЭО-ға мүше барлық мемлекеттің үлесі қосылды. Алайда Қазақстанның өнеркәсіптік өсімі одақтың басқа елдері­мен салыстырғанда төмен деңгейде  қалып  отыр.

Қазақстандағы өнеркәсіп өндірісі қаңтар-шілде  айларында   небәрі   2,9%-ға өсті. Бұл көрсеткіш Армения мен Беларусь секілді елдермен салыс­тырғанда айтарлықтай төмен. Мысалы, Арменияда бұл кезеңде өсім 15,7%-ды құраса, Беларусь 7,5%-ға жетті. Ресей мен Қырғызстанда да Қазақ­станнан жоғары нәтижелер байқалады. Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібі 5,1%-ға өскенімен, тау-кен өнді­рісі тек 0,5%-ға  ғана артты, ал электр энергиясымен, газбен және ауа­мен жабдықтау саласы 6%-ға көтеріл­ді. Бұл көрсеткіштер бір жағынан өнеркәсіптің белгілі салалары­ның дамуында алға ілгерілеуді көрсеткенімен, ЕАЭО-дағы басқа елдер­дің көрсеткіштерімен салыстыр­ғанда айтарлықтай әлсіз. Арменияда өңдеу өнеркәсібі 23,6%-ға, ал электр энергиясы және газбен жабдықтау 13%-ға өсті. Беларусьта да осындай жоғары көрсеткіштер байқалды. Яғни, өңдеу өнеркәсібі 7,7%-ға артты. Бұл нәтижелер Қазақстандағы өнді­ріс көлемінің біршама  төмен  екенін  көрсете­ді.

Шынын айтқанда, Қазақстан өнеркәсібіндегі аймақтық теңсіздік ел экономикасының толық әлеуетін ашуға кедергі келтіруде. Айтарлықтай табысқа жеткен тау-кен өндірісі мен өңдеу өнеркәсібіндегі кейбір өсімдер елдің барлық өңірлеріне тең таралмағаны анық. Ақмола, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Алматы қаласында өнеркәсіп өндірісінің төмендеуі бұл саланың одан әрі дамуын тежеп отыр. Егер мемлекеттік бағдарламалар мен реформалар жүзеге аспаса, өнеркәсіп саласындағы аймақтық алшақтық тереңдей береді, бұл өз кезегінде елдің экономикалық өсіміне де айтарлықтай кері әсер етеді. Нәтиже бұған жетпесін десек, жағдайдың алдын алу керек. Елге жанашыр жандар осы кезде  біріксе,  «біз алмайтын қамал  жоқ».

E.ҚАЛИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: