Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Президент – әкімге: Ахуалды жақсы жағына қарай өзгертуге 1 жыл уақыт беремін

13.07.2023, 8:40 155

HALYQLINE.KZ

Астана  бас  қала  деген  атауға  лайық  болуға  тиіс

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елорданы дамыту мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Президент Астана әкімі Жеңіс Қасымбекке қаладағы ахуалды жақсы жағына қарай өзгерту үшін бір жыл уақыт берді. Ең алдымен, кеңесте айтылған міндеттерді дер кезінде әрі сапалы орындау керектігін тапсырды. «Астана бас қала деген атауға лайық болуға тиіс. Астана көркейсе, бүкіл еліміздің еңсесі биік болады. Астана Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі өзгерістерге ұйытқы болуы керек. Жалпы, қаланың күнделікті тыныс-тіршілігі ұдайы назарда болуға тиіс. Әкімге қаланың ахуалын жақсы жағына қарай өзгерту үшін бір жыл уақыт беремін. Сіздің жұмысыңыз менің бақылауымда болады. Барлық қажетті көмекті көрсетеміз. Бірақ жұмыстың негізгі өзегі – сіздің қолыңызда. Табыс тілеймін» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Бас  жоспарда  не  ескерілмеген?

«Елорда күн санап ұлғайып келеді. Тұрғындар саны айтарлықтай көбейді. Алдағы жылдары қала халқы 1,5 миллионға жетеді деген болжам бар. Бұдан да көп болуы әбден мүмкін. Бірақ қаланың бас жоспарында бұл жағдай толық ескерілмеген. Әрине, қаланың қарқынды дамығаны жақсы. Дегенмен қазір осы үрдіс әлеуметтік инфрақұрылымға зор салмақ түсіріп отыр. Әлі күнге дейін шешімін таппай келе жатқан мәселелер бар. Мұны жұрт біліп отыр. Сондықтан Үкімет те, әкімдік те соның бәрін шешу үшін жұмыла жұмыс істеуі керек. Бұл жұмысқа қоғам өкілдерін тарту қажет. Астананы көркейту, тұрмыс сапасын жақсарту – бәрімізге ортақ міндет» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысының айтуынша, мегаполис – еліміздің іскерлік, саяси және мәдени орталығы. Еліміздің барлық аймағы елордаға қарап бой түзейді, дамиды. Астана көптеген салада, соның ішінде азаматтардың өмір сүру сапасы бойынша да басқа қалаларға үлгі көрсетеді. Сондықтан қаланың тұрақты дамуына кедергі болып жатқан түйткілдерді шешу үшін мемлекеттік органдар тиянақты жұмыс істеуі қажет.

Өз  пайдасын  ойлаған  басшылардың  кесірі

Мемлекет басшысы өткен жылыту маусымында қалада жылу қуатының тапшылығы қатты сезілгенін, қыс жылы болғандықтан, апаттан аман қалғанымызды қадап айтты.

«Ал қала басшылығы қалыпты жылумен қамтамасыз етуге дайын болмаса да, миллиондаған шаршы метр тұрғын үй салуды қолдап келеді. Қаладағы инженерлік инфрақұрылымның дамуы көбіне коммуналдық кәсіпорындарды басқаратын лауазымды тұлғалардың кәсібилігіне де байланысты. Жеңіс Махмұдұлы, жыл басында сізге қаладағы коммуналдық мекемелердің басшылық құрамына талдау жүргізу тапсырылды. Байқауымша, әзірге бұл тапсырма толық орындалған жоқ. Елорданың жылу электр стансасын заңгер, Астана аймақтық электр желілік компаниясын бағалаушы, жылу транзитін агроном, қалалық су арнасы мекемесін зоотехник басқарады. Әркім өзі жетік білетін іспен айналысуы керек деп ойлаймын. Әйтпесе, жұмыстың нәтижесі тиісті деңгейде болмайды. Қала басшылығының таяз ойлауы және әрекетсіздігі салдарынан жаңа жылу көздерін, су құбырын, кәріз суын тазарту нысандарын «төтенше» режимде салуға мәжбүр болып отырмыз» деді Президент.

Мемлекет басшысы елордадағы инфрақұрылым нысандарының құрылысы өте баяу жүргізіліп жатқанын сынға алды. Қасым-Жомарт Тоқаев бір ай мерзімде №3 жылу-электр орталығының екінші кезеңі мен №3 газ қазандығының құрылысына қатысты біржақты шешімге келу жөнінде тапсырма берді. Негізгі міндет – Астананы кемінде алдағы 10 жылда сенімді жылу жүйесімен қамтамасыз ету.

«Үкімет барлық аймақтағы жылу маусымына дайындық жұмыстарын қатаң бақылауда ұстауы керек. 30 градус аязда жылусыз қалған Екібастұз тұрғындарының оқиғасына қайта жол бермеуіміз қажет. Жаздың да тең жартысы өтті, алда уақыт көп емес. Сондықтан қаладағы барлық тиісті қызметтер қысқы маусымға сақадай сай болуы қажет. Күн суытқанша бүкіл елдегі жылу көздері мен коммуналдық желілердің дайындығын пысықтау үшін барлық қажетті шараларды қабылдаған жөн. Бұл үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар тиімді және үйлесімді жұмыс істеуі қажет. Сондай-ақ жылу стансаларының меншік иелері мен мердігерлер өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарауы керек» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы негізгі өзекті мәселелер қаланың дамуына қатысты тиісті жоспардың, яғни дұрыс жоспарлау жұмысының жоқтығынан туындап отырғанын мәлім етті. «Мұны ашық айтуымыз керек. Бақылаусыз жүргізіліп жатқан құрылыс, сападан гөрі санға мән беру және жан-жақты ойластырылмаған шешімдер қаладағы өмірлік маңызы бар инфрақұрылымның тапшылығына алып келді. Жағдайдың соншалықты мүшкіл болуына жауапты басшылардың біліксіздігі немесе бас пайдасын ойлағандығы себеп болды. Қала басшылығы құрылыс компанияларының пайдасын емес, мемлекет пен азаматтардың мүддесін бәрінен биік қоюға тиіс».

Кінәлілер  тиісті  жазасын  алуы  қажет

Мемлекет басшысы қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдардың қасақана зиян келтіргенінен күрделі ахуал қалыптасқанын ашық айтты.

«Жаздың басында су тапшылығы қатты сезілді. Бұған тұрғындар наразылық білдіргенін білесіздер. Тіпті, жолдарды бөгеп, митингке шықты. Бұл – елорда өмірінде болып жатқан келеңсіз оқиғалар. Ашығын айтсақ, қаланың инженерлік инфрақұрылымын дамытуға жауапты адамдар жұмысын адал атқармаған. Бұл – нағыз салғырттық, соның салдарынан осындай күрделі ахуал қалыптасты. Мұны, тіпті, жұмысқа селқос қарау емес, қасақана зиян келтіру деуге болады. Себебі, су, жылу, жарық – күнделікті тұрмыстағы аса маңызды қажеттіліктер. Бұл салада қателікке мүлдем жол беруге болмайды. Сондықтан, кінәлі адамдар тиісті жазасын алуы керек» деді Қ.Тоқаев.

Президент қазір елорда Астана су қоймасына толық тәуелді болып отырғанын, су алатын басқа жер жоқтығын атап айтты. «Бұл – өте қауіпті. Кез келген сәтте оқыс оқиға болса, бүкіл қалаға қауіп төнуі мүмкін. Тұрғындар саны көбейіп, жаңа нысандар пайдалануға беріліп жатыр. Сондықтан, су қоймасының қуаты алдағы бір-екі жылда сарқылып бітетіні анық» деп сөзін нақтылады Қ.Тоқаев.

Бұған қоса, Мемлекет басшысы Астана су қоймасының лайланып, ластанып жатқанын айтып, құзырлы министрлікке, жауапты мекемелерге тапсырма берді. «Мұны құзырлы министрлік білуге тиіс. Қойманың түбін тазалап, оны тереңдету керек. Астана су қоймасының бөгетін толық тексеріп, нығайту қажет. Оған Сәтбаев каналынан судың тұрақты келіп тұруын қамтамасыз еткен жөн. Осы шараларды дереу қолға алу керек. Қойманың техникалық жағдайын шұғыл ретке келтіру қажет. Бұл – өте маңызды мәселе. Астанада бұдан басқа су көзі жоқ. Ашығын айтсақ, мұндай ахуал көптен бері жалғасып келеді, яғни бұл бір күнде пайда болған мәселе емес. Бұған дейін Экология министрлігіне қаланы сумен қамтамасыз ету үшін кешенді жұмыс істеу тапсырылды. Бірақ, әлі күнге дейін нақты нәтиже жоқ. Тіпті, осы мәселені шешуге қатысты тиімді ұсыныстар да жоқ. Тағы да қайталап айтамын: құзырлы министрлік нақты шаралар қабылдауға тиіс» деп ескертті Президент.

«Астананы ауызсумен қамтамасыз ету мәселесін кейінге қалдыра беруге болмайды. Тиісті жұмыс атқарылмаса, мұны астыртын қарсылық білдіру деп түсінуге тура келеді. Ахуалды дереу түзеу қажет. Бас қаланы осындай жағдайда қалдырмаймыз. Үкімет әкімдікпен бірлесіп, келесі жылдан бастап Сәтбаев каналынан қалаға дейін құбыр тарту жұмыстарын қолға алуға тиіс. Сонымен бірге, Үкімет әкімдікпен бірге сумен қамтамасыз етудің баламалы жолдарын қазірден бастап қарастыруы керек» деп нақты тапсырмалар жүктеді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қалдық  суды  тазарту  –  өзекті  мәселе

«Қазір тазарту қондырғылары арқылы ағызылатын қалдық су Есіл өзенін ластауда. Мұндайға жол беруге болмайды және ол өте қауіпті. Елордада экология талаптары қатаң сақталуға тиіс» деп мәлімдеді Мемлекет басшысы аталған жиында.

«Әкімдікке келесі жылдың соңына дейін қалдық суды жинақтайтын Қарабидайық көлін кеңейтуді тапсырамын. Қазір тазарту қондырғылары арқылы ағызылатын қалдық су Есіл өзенін ластауда. Үкімет осы ағызылатын қалдық судың көлемін нормативтік тұрғыдан реттеуі қажет. Елордада экология талаптары қатаң сақталуға тиіс. Сондай-ақ, жауын-шашын болғанда көшелерді су басып кетеді. Бұл да өзекті мәселе болып отыр» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Ол тағы бір өте өзекті мәселе – қалдық суды тазартуға ерекше назар аударды. Қазір қалада бір ғана кәріз тазарту қондырғысы бар екенін, яғни оның жұмыс жүктемесі шамадан тыс болып тұрғанын ескертті.

«Бүгінде тәулігіне қосымша 140 мың текше метр суды тазарту қажет. Осындай екінші қондырғы үшінші сорғы-сүзгі стансасымен қатар салынуға тиіс еді. Үшінші сорғы-сүзгі стансасы пайдалануға берілейін деп жатыр. Ал, кәріз тазартудың екінші қондырғысын жобалау жұмыстары әлі біткен жоқ. Жұмысты дұрыс жоспарламаудың кесірінен түйткілдер қордалана береді. Сондай-ақ келесі жылы төртінші сорғы-сүзгі стансасын салуға кірісу керек. Тельман елді мекеніндегі сорғы стансасынан техникалық су құбырын тартудың екінші желісінің құрылысын да бастау қажет» деді Президент.

«Кәріз жүйесі су ағынына төтеп бере алмайды. Жуырдағы жаңбыр кезінде осыған тағы бір мәрте көзіміз жетті. Жаңа нөсер кәрізінің құрылысы толық аяқталған жоқ. Әкімдік нақты шаралар қабылдауға тиіс. Жалпы, бас қаланы сумен қамтамасыз етудің және су тартудың тиімді жүйесін қалыптастыру өте маңызды. Бұл – тұрмыс сапасын жақсартуға қажетті басты талаптардың бірі» деп нақтылады ойын Мемлекет басшысы.

Қарқыны  –  жоғары,  сапасы  –  нашар

Президент тұрғын үй құрылысы саласын реттеуге шақырды. Қазіргі таңда Астанада 10 миллион шаршы метрге жуық тұрғын үй салынып жатыр. Өкінішке қарай, құрылыс қарқыны жоғары болғанымен, сапаға көңіл бөліне бермейді. Бұл салада олқылықтар өте көп. Президент соларға нақты мысалдар келтірді.

«Қаланы көркейтіп, жұртқа қолайлы жағдай жасау басты назарда болуға тиіс. Алайда жекелеген құрылыс компанияларының мүддесі басым түсіп жатады. Қаланы дамыту ісінде бірізділік болмаған соң, орынсыз құрылыс көбейіп кетті. Әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындар болуға тиіс жерлерде тұрғын үй кешендері салынды» деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Мемлекет басшысы бизнесті тексеруге салынған тыйымды желеу етіп, алаяқ құрылыс компаниялары да пайдаға кенеліп жататынына тоқталды.

«Құрылыс – экономиканың өте маңызды саласы. Бұған дау жоқ. Астанада құрылыс көп болғандықтан, қомақты қаржы бөлінетіні белгілі. Сондықтан, адал кәсіпкерлермен қатар, түрлі алаяқтар да пайда көріп қалуға тырысады. Кейбір компаниялар құрылыс жүргізуге рұқсат беретін құжаттары болмаса да, жұмыс істеп жатыр. Бизнесті тексеруге салынған тыйымды, яғни мораторийді желеу етеді. Сондай-ақ үлескерлерден заңсыз қаражат жинайды. Бұл – өте қауіпті үрдіс. Әкімдік құқық қорғау органдарымен бірлесіп, бұл үрдіске тосқауыл қоюы керек. Мұның бәрі жаңа проблемалық нысандардың пайда болуына әкеп соқтырады. Әкімдік көз жұмып отыра берсе, бұл мәселе ушығып кетеді. Шенеуніктердің мұндай салғырттығы және жауапсыздығы ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін. Сондықтан, барлық салада, соның ішінде құрылыс саласында заң мен тәртіп болуға тиіс. Мен заңсыз құрылысқа жол бермеу үшін бақылауды күшейтіп, саланы реттеуді тапсырдым» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент биыл үлескерлері бар 16 үйдің құрылысын аяқтауды тапсырды. Сонымен қатар ескі және апатты жағдайдағы үйлерге қатысты проблемаға тоқталды. «Оң жағалауды – қаланың ескі бөлігін сақтауға және дамытуға тиісті деңгейде көңіл бөлу қажет. Оның өз харизмасы бар. Біз Астананы тең дәрежеде дамытуымыз керек. Инвесторлар апатты жағдайдағы ғимараттармен айналысуы қажет. Тұрғындарды басқа жаққа көшірсін. Босаған жерге жаңа нысандар салсын. Ал әкімдік оларға қажетті жағдайды жасасын. Инженерлік инфрақұрылымды дамытсын. Жолдар, әлеуметтік нысандар салып берсін. Осылай бірлесіп жұмыс істегенде ғана, ескі және апатты жағдайдағы тұрғын үй мәселесі шешімін табады. Сонымен қатар қаланың орталығы мен шет аймақтар арасындағы теңсіздікті жояды. Қаланың ескі бөлігінің сыртқы келбеті жақсарады. Елорданың сол жағалауы ғана емес, барлық ауданы қолайлы болуы керек. Адамдардың жайлы тұрмысын қамтамасыз ететін құрылыс саласындағы озық шешімдер бас қаланың барлық аймағында қолданылуға тиіс. Аспанмен таласқан биік үйлер, ауқатты кварталдар мен кедей аудандар, жартылай қираған ғимараттар – бұл біздің жол емес. Жағдайды «теңестіру» керек. Әділетті қоғам құру осындай ұстанымнан басталады» деді Президент.

Сәулеттің  бірыңғай  келбеті  жоқ

Қасым-Жомарт Тоқаев елорда сәулетінің бірыңғай келбетін қалыптастыру үшін нақты іс-шаралар қабылдау қажет екенін атап өтті. Оның айтуынша, салынып жатқан нысандар бір-бірімен үйлеспейді, ортақ стиль жоқ, эклектика басым. Елордада біркелкі әрі сүреңсіз «қорап-ғимараттар» қаптап кетті. Олардың сапасы көбіне сын көтермейді.

«Мыңжылдық аллеясының қалай салынып жатқанын қараңыздар. Ол әуелде ойлағандай елорданың көрнекті жерлерінің бірі болуға тиіс еді. Нәтижесінде, үйлерінің қасбеттері талғамсыз, алабажақ екі жұпыны көше пайда болды. Айналасы лас, егілген ағаштар шыбық күйінде қурап қалған, инженерлік инфрақұрылымының проблемасы шаш етектен. Бұған қоса, осы аллеядағы жалғыз шағын саябақты үй салу үшін жекеменшік компанияға беріп жіберген. Бұл – мүлде шектен шыққандық. Бас жоспарда қарастырылған шағын саябақтарды қайтаруды және Мыңжылдық аллеясын жүйелі дамыту мәселесімен шұғыл айналысуды тапсырамын. Мен қаланы көгалдандыруға, оны абаттандыруға, саябақтарды дамытуға айрықша көңіл бөлемін. Бұл Астанаға ғана емес, барлық облыс орталықтарына және Алматыға да қатысты. Алматы секілді Астана да жасыл қалаға айналуы керек. Бейбітшілік және келісім сарайынан жаңа вокзалға дейін созылып жатқан елорданың стратегиялық осі үлкен әрі жайлы, жасыл желекті саябаққа айналуға тиіс. Оның маңайындағы көшелер мен аулалардың бәрін тиісті деңгейде абаттандыру керек. Жалпы, Жағалау шағын ауданы мен Тұран даңғылының батыс жағындағы құрылыс алаңы секілді елорданың жаңа аудандары мүлдем абаттандырылмаған. Көшелер жарықтандырылмаған, жаяу жүргіншілер жолы жоқтың қасы, қоғамдық орындар қарастырылмаған. Ал саябақтар мен шағын бақтар туралы айтпай-ақ қояйық. Ондай атымен жоқ» деп Мемлекет басшысы бірқатар түйткілді мәселелерге назар аударды.

Президенттің пікірінше, қаланы көгалдандырудың маңызы зор. Елорданы жаппай көгалдандыру бойынша алғашқы елеулі нәтижеге биыл қол жеткізуіміз керек. «Қаланы көгалдандыру үлкен маңызға ие, Астанада бұл салада проблемалар бар. Тіпті, Мәңгілік ел даңғылында жасыл желек жетіспейтіндіктен, басқа көшелер туралы не айтуға болады. Маусымдық өсімдіктерді отырғызу тәжірибесінен алшақтап, көпжылдық өсімдіктерді белсенді отырғызу керек. Бұл ретте елорданың қатал климатын ескеру, ғылыми қоғамдастықтың әлеуетін және үздік әлемдік тәжірибені жұмылдыру маңызды» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев көгалдандыру құрылыс қарқынына сәйкес жүргізілуі керектігін баса айтты. «Негізінде, Торонтода, Оттавада климаттық аймақ Астанамен сәйкес келеді. Олар – жарасымды көрінетін жасыл қалалар. Канада тәжірибесін пайдалану керек. Мұнда құрылысшылардың өзін белсенді түрде тарту керек. Мысалы, Хельсинкиде құрылысшыларды құрылыстан кейін бірден іргелес аумақтарды көгалдандыруға міндеттейді. Дәл осы тәжірибені біз де қолдануымыз керек. Германияда тіпті «бір мезгілде» принципіне негізделген «Көгалдандыру кодексі» қабылданған. Яғни, құрылысшы құрылыс алаңына тең жер учаскесін көгалдандыруға міндетті. Мұндай тәсіл жақсы жұмыс істейді» деді Мемлекет басшысы.

Мәселе  шешілмесе  –  кептелістен  құтылмаймыз

Кеңесте Президент көлік инфрақұрылымын дамыту мәселесіне айрықша көңіл бөлді. «Ірі қалада халықтың тұрмыс сапасына қоғамдық көлік пен жол кептелісі тікелей әсер етеді. Сондықтан, көлік инфрақұрылымын дамытудың айрықша мәні бар. Жуырда Алматыға сапарым барысында қоғамдық көлікті және электронды билет сату жүйесін басқару орталығының жұмысымен таныстым. Бұл саладағы цифрландыру ісі өзінің тиімділігі жоғары екенін көрсетіп отыр. Сондықтан елорда әкіміне Алматының оң тәжірибесін ескере отырып, қоғамдық көлікті диспетчерлік басқару жүйесін қолданысқа енгізуді және дамытуды тапсырамын» деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы LRT-ға қатысты жобаны дер кезінде аяқтауды қадап айтты. «Мен қаңтарда LRT-ға қатысты жұмысты тездетіп аяқтауды тапсырдым. Нақты мерзімдер айқындалды. Тұрғындарға уәде берілді. Енді осы жобаны дер кезінде аяқтау керек. Бұл жұмысқа біраз қаражат бөлінді. Бірақ, нақты нәтиже жоқ. Көлік мәселесін шешуді соза берсек, қала кептелістен көз ашпайды. Бұл үлкен дағдарыс тудыруы мүмкін. Сондықтан, мәселені оңтайлы шешу қажет. Әйтпесе, экономикалық шығынға тап боламыз. Адамдар уақыт жоғалтады, қалаға экологиялық зиян келеді. Көлік саласындағы жағдайдың ушығуына көші-қон мәселесі де ықпал етіп отыр» деді ол.

Көші-қон  үдерісін  реттейтін  кез  келді

Мемлекет басшысы елордадағы көші-қон үдерісін тиімді реттеу қажеттігін, яғни, пәрменді іс-шаралар қабылдау керектігіне назар аударды. «Жыл сайын Астанаға 50-60 мың адам келеді. Бұдан бөлек, күн сайын жақын маңдағы елді мекендерден 150 мың адам келіп кетеді. Мұның бәрі инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымға айтарлықтай салмақ түсіреді. Сол себепті, көші-қон үдерісін тиімді реттеу қажет, яғни, пәрменді іс-шаралар қабылдау керек. Негізінен, көп адам қалаға жақын жерлерден жұмыс істеуге келеді. Сондықтан бұл саланы нақты реттеп, бақылау күшейтілуге тиіс» деді Қ.Тоқаев.

Сондай-ақ Үкіметке Астана қаласы, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, елорда агломерациясын дамытуды ойластыру жөнінде тапсырма берілді. «Үкімет Астананың, Ақмола және Қарағанды облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп, елорда агломерациясын дамытуды ойластыруы керек. Арнайы құжат қабылдау қажет. Онда тұрғындардың пікірі және қалаға қатысты мәселенің бәрі ескерілуге тиіс. Сондай-ақ Астананың, жақын маңдағы облыстардың әкімдіктері, мәслихаттары және қоғамдық кеңестері арасында өзара тиімді қатынас орнату маңызды. Елорда және оның төңірегінде орналасқан елді мекендер біркелкі дамуы керек. Олардың арасында көп айырмашылық болмауға тиіс. Сол үшін нақты шаралар қабылдаған жөн. Бұл, әсіресе, әлеуметтік салаға қатысты мәселе. Бір сөзбен айтқанда, бас қала маңындағы елді мекендерді көркейту қажет. Олар өмір сүруге барынша қолайлы болуға тиіс» деді Мемлекет басшысы.

Тұрмыс  сапасы  артуы  үшін…

Бұдан бөлек, Президент елорда халқының тұрмыс сапасын үздіксіз арттыру қажеттігіне тоқталды. Президенттің пайымдауынша, Астананың барлық тұрғындарына қала инфрақұрылымы, атап айтқанда, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, сондай-ақ саябақтар мен қоғамдық орындар секілді нысандар тең дәрежеде қол жетімді болуға тиіс.

«Емханалардағы кезектің көптігіне және жеке клиникаларда көрсетілетін қызметтің қымбаттығына байланысты адамдар соңғы сәтке дейін дәрігерге қаралмайды. Мұның бәрі қала тұрғындарының денсаулығына кері әсерін тигізеді. Жағдайды түзеу үшін елордада үшінші көпбейінді аурухана салу жөніндегі ұсынысты қолдау маңызды деп санаймын. Сапалы білім беру қызметінің қолжетімді болуы аса маңызды. Астанада баланы мектепке немесе балабақшаға орналастыру әлі де өзекті мәселе болып отыр. Көптеген мектепте оқушылар саны жоспарлы межеден артық. Шын мәнінде, үш ауысымды оқыту жүйесі сақталып отыр. Бұған жол беруге болмайды. Қалада жаңа білім беру мекемелерінің құрылысына басымдық беру қажет. Сондай-ақ 15 қосымша білім беру нысанын салу керек. Астанада білікті ұстаздардың тапшылығы ерекше сезіледі. Жыл сайын бір мыңға жуық мұғалім жетіспей жатады. Сондықтан елордада педагогикалық жоғары оқу орнын ашу туралы ұсынысты қолдаймын» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент қазіргі цифрлық өркениет пен білім экономикасы жағдайында интернетке қолжетімділік адамның, әсіресе қала тұрғынының негізгі қажеттіліктерінің біріне айналып отырғанын атап өтті. «Алайда елордадағы интернет пен ұялы байланыс тұрақтылығы сын көтермейді. Бұл тұрғындар үшін қолайсыз жағдай тудырып қана қоймайды, сондай-ақ қала экономикасына едәуір шығын келтіреді. Астана қонақтары үшін өте жағымсыз әсер қалыптастырады» деді Мемлекет басшысы. Астанадағы интернет сапасын сынға алып, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннен мәселені қалай және қашан шешетінін сұрады.

«Біз есеп жүргізіп, нәтижесінде интернет жылдамдығы нашар 67 орынды анықтадық. Ол жерлердің тұрғындарымен де кездестік. Онда үйінің төбесіне станса орнатудан қорқатын радиофобтар тұрады. Әкімдік 60 тұрғын үй бойынша түсіндіру жұмысын жүргізуге көмек көрсетті. Қазіргі таңда осының ішінде 33 үй шатырына базалық станса орнатуға келісті. Нәтижесінде оның бесеуіне қажетті құрылғы орнатылды, алтауына орнатылып жатыр. Қалғаны бойынша келісімшарт дайындалу үстінде. 28 үй бойынша 3 ай бойы жұмыс істеп келеміз, олар келісім бермей отыр. Тұрғындарға стансаның денсаулыққа ешқандай зияны жоқ екенін түсіндіре алмай келеміз» деді министр. Оның айтуынша, заң талабына сай егер тұрғын үйінің төбесіне базалық станса орнатуға қарсылық білдірсе, онда құрылғы алынып тасталады.

Министр келтірген мәлімет бойынша жылына осындай 150 станция алынады. «Осы мәселеден кейін заңға өзгерту енгізуді жоспарлап отырмыз. Оған сай тұрғындардың 50 пайызы станса орнатуға қарсы болса ғана оны алып тастаймыз. Ал екінші мәселе – тарифтердің төмендігі. Қолданушылар интернетте көп отырады, тиісінше ол жүйеге көп салмақ түсіреді. Мәселен, шетелдіктер қандай да бір материалды ашпас бұрын «Бұл мен үшін пайдалы ма, жоқ па?» деп ойланады. Өйткені, оны қараса, көп мегабайты кетеді» деп түсіндірді Бағдат Мусин. Министрден кейін аталған сауалға жауап берген елорда әкімі Жеңіс Қасымбек интернет сапасына қатысты мәселе қазан айына дейін 60-70% шешіледі деп сендірді. «Негізінен осындай орындардағы тұрғындардың 90 пайызы келісімін береді. Тек 3-5 адамның қарсылығы қолбайлау болып отыр. Тиісінше станция орнатуға рұқсат беруге ниетті адамдар осындай тұрғындардың кесірінен бұл мәселеге тап болып жатыр» деді әкім.

«Елорданы дамытуға қатысты барлық мәселені жан-жақты ойластырып шешу маңызды. Ол үшін «Астананың мәртебесі туралы» заңға шұғыл түрде тиісті өзгерістер енгізу қажет. Заң арқылы әкімдіктің құзыреті мен жауапкершілігін күшейту керек. Астана тұрақты даму үшін оны тиімді әрі сапалы басқару қажет. Жалпы, Астананы өркендету үшін, ең алдымен, әкімдік, кәсіпкерлер және тұрғындар арасында сенімді серіктестік орнату қажет. Басты міндет – әрбір азаматтың тұрмыс сапасын жақсарту. Осыны дұрыс түсінген жөн» деп сөзін түйіндеді Мемлекет басшысы.

Жиында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек, Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, сондай-ақ Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин сөз сөйледі.

Кеңестен кейін Мемлекет басшысына Астана қаласын дамытудың Бас жоспары таныстырылды.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: