Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өңірде өнеркәсіп өркендеп келеді

14.06.2023, 9:35 114

HALYQLINE.KZ Қызылорда облысының индустриялық аймақтары өнеркәсіп саласының қарқынды дамуына тың серпін беруде. Аймақта өткен жылы бірыңғай индустрияландыру картасы аясында құны 1 млрд теңге болатын 5 жоба жүзеге асырылды. Ал биылғы жылдың соңына дейін 7,4 млрд теңгенің 4 жобасын іске қосу жоспарлануда. Бұл жобалар аясында жергілікті тұрғындар үшін 125 жаңа жұмыс орны ашылады. Сәйкесінше, «Қармақшы құс» серіктестігінің қуаттылығы жылына 1500 тонна құс етін өндіруге қауқарлы құс фабрикасы іске қосылады. Ал «Айғасар» серіктестігі жылына 36 мың тонна бие сүтін өңдесе, «Казах камел» зауыты 700 тонна түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіреді. Бұған қоса, «Арал кварц» зауыты 172,8 мың тонна құрғақ құрылыс қоспаларын шығармақ. Аталған жобалар өңір экономикасын дамытуда елеулі үлес қосарына сенім мол. Статистикалық деректерге сәйкес, 2023 жылдың қаңтар-наурыз айларында шикізаттық емес экспорт көлемі 21,5 млн АҚШ долларды құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 18,8 пайызға өскен.

Сондай-ақ аймаққа инвестиция тарту — экономиканы дамытудың таптырмас тетігі. Биыл облысқа 424,2 млрд теңге инвестиция тарту индикаторы бекітілген. Сәйкесінше, осы жылдың 4 айында өңірге қаржыландырудың барлық көздері есебінен 99,8 млрд теңге инвестиция тартылып, көрсеткіштің өсімі 42,1 пайызды құрап отыр. Жалпы алғанда, өңірде жеке инвестициялардың көлемі жыл сайын ұлғаюда. Есепті кезеңде 70 млрд теңгеге жуық жеке инвестиция тартылып, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 27 млрд-қа ұлғайып үлесі 71%-ды құрады.

Айта кету қажет, өткен жылдан бастап елімізде әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізілімі жүргізілуде. Бұл тізілімге – қоғам үшін қандай да бір әлеуметтік мәселені шешу немесе пайдасын тигізу мақсатында тауарлар өндіру мен қызметтер ұсынатын іске асыратын кәсіпкерлер енгізіледі. Тізілімге енген кәсіпкерлердің қаржылық, мүліктік, инфрақұрылымдық, институционалдық және ақпараттық қолдау, салықтық жеңілдіктер секілді мемлекеттік қолдау шараларын алуға мүмкіндігі бар. Биыл бұл тізілімге облыстан 5 кәсіпкер енгізілетін болады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: