Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нәлібаев «қалап жатыр», халыққа жарап жатыр ма?

06.07.2023, 11:40 148

Қаланың халі жақсы жорға мен сұлу қыздың кейпіндей. Себебі көрікті қызға жақсы ер жолықса – жадырай түсіп, гүл-гүл жайнайды. Жаман азамат жолықса – шөлдеген шөптей суалады. Дәл осылай, жақсы атты жайрату оп-оңай. Шауып келе жатып, зорығып жығылады. Ақмешіт еліміздің тарихында астана болса да, өзге өңірлердің әсемдігі жағынан кенжелеп қалғанын мойындамасқа болмас. Дегенмен, аймақ басшысы кеткен олқылықтың орнын толтыруға көшкен сыңайлы. Соңғы уақытта қалада бірнеше нысанның құрылысы басталды. Жалпы, облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бірнеше іргетасты қалап жатыр, бірақ халыққа ол жарап жатыр ма? Жарату үшін жас басшы жауаптылармен жүздескенде бірінші сауалы «жоспарлаған уақытта аяқтала ма?» деп жиі сұрайды. Бұл сұрақтың маңыздылығы да түсінікті. Халыққа керек дүние уақытында аяқталып, игіліктеріне жұмсалса керемет емес пе? Міне, аптаның басында сол жағалауда бір емес, екі замануи нысанның құрылысының кірпіші қаланды. Жаңа нысан – жақсы нышан. Алғашқысы  физика-математика  бағытындағы  мектеп-интернат ғимаратының іргетасын  қалау рәсімі  өтті.

Білімге құйылған инвестиция – ең тәуірі. Қазақта «асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар» деген мақал өзгерді деп айтуға болады. Қазіргі заман ой баққандардың озатын кезеңі  екенін  айтқан жөн. Сол себепті өңірде физика-математика бағытына көңіл бөлініп, арнайы мектеп-интернатының ашылғаны дұрыс. Облыс әкімі де жерлестерін заманауи үлгідегі жаңа білім ордасының ірге көтеруімен құттықтады.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Жолдауында «Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың маңызды шарты. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс» деген болатын. Президент қазіргі цифр­ландыру, индустрияландыру заманында ІТ саласына деген сұраныс пен техникалық ғылымдардың маңыздылығын ескере келе, жаратылыс­тану-математика бағытындағы пәндерге басымдық беруді тапсырды. Бұл ретте ел дамуына өзіндік үлес қоса­тын мамандарды оқыту, ІТ саласына жаңа леп әкелетін  бағыттарды  дамыту – біздің  ортақ  міндетіміз!

Бүгін – Сыр жұртшылығы үшін айрықша қуанышты күн. Құны 8 миллиард теңгені құрайтын жаңа мектеп оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндік жасайтын барлық заманауи жабдықтармен жарақталады. Мектеп құрылысы келесі жылы аяқталып, оқушылар мен ұстаз­дар игілігіне беріледі. Шын мәнінде баланың игілігінен артық құндылық жоқ. Ал, өмірде өшпейтін із – балаға берген білім мен мейірім болса керек. Балаларымыздың  болашағы  зор  болсын! – деді  аймақ  басшысы.

Балаға тек білім емес, тәрбиенің асқан шыңы берілетін орда болсын деп игі тілектерімен жиналған қауымды мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Бақтиярұлы мен білім саласының ардагері Бақберген Досманбетов  құттықтады.

Ал, екінші құрылыс сол жағалауда замануи үлгіде автовокзал  ашылмақ.

– Ел Президенті мен Үкіметтің жан-жақты қолдауының арқасында аймақта тың жобалар өркен жайып, жаңа нысандар салынуда. Оның ішінде, көлік инфрақұрылымын  дамыту  бойынша  да  ауқымды жос­парымыз  бар. Біз өткен жылдан бері аймағымыздың негіз­гі қақпасы саналатын әуежай, теміржол вокзалы, автовокзал инфрақұрылымын дамытуға басымдық бердік. Соның нәтижесінде әуежай алаңы жаңарып, жаңа автовокзалдың құрылысы басталуда. Осы жылдың наурыз айында ел ағаларымен бірге жерлесіміз Болат Өтемұратовтың қолдауымен құны 15 миллиард теңге болатын «Қорқыт Ата» әуежайының жаңа терминалының  іргетасын  қаладық. Бүгінде терминал құрылысы  қарқынды  жүруде.  2024  жылдың мамыр айында ел игілігіне  табыстаймыз.

Енді жолаушылар мен тасымалдаушыларға қызмет көрсететін, барлық стандарт талаптарына сәйкес­тендірілген заманауи үлгідегі жаңа автовокзал ғимаратының іргетасы қаланбақ. Бұл кешен жолаушыларға қызмет етіп, жол қатынасының реттелуіне негіз болады. Мұнда тек автовокзал ғана емес, ірі сауда және қоғамдық тамақтану, тұрмыстық қызмет көрсету орындары,  қоймалар, автокөлік жөндеу цехтары да  жұмыс  істейді. Бәрі де жолаушыларға қолайлы, қауіпсіз әрі ыңғайлы болады, – деді  Нұрлыбек  Машбекұлы.

Рәсімде жерлестерін Жалағаш ауданы және Қызыл­орда қаласының құрметті азаматы Қожахмет Баймаханов  құттықтап,  Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері  Қорғанбек Қайруллаұлы бата берді. Жаңа  сапаржай  пайдалануға  берілгеннен  ке­йін  барлығы 55 автобус маршруты (124 рейс) ұйым­дас­тырылады. Мұнан бөлек, Ташкент қаласына 1 халықаралық рейс, 46 ауданаралық, Астана, Алматы, Шымкент, Жезқазған, Түркістан, Сарыағаш, Жібек жолы (Черняевка), Ақтөбе және тағы басқа қалаларға 8  маршрут жолға шығады. Нысан жаз мезгілінде күніне 3700-ден астам, қыста мыңнан астам жолау­шыға қызмет көрсетуге ыңғайластырылып салы­нады. Құны 975 миллион теңгені құрайтын жаңа автовокзал  құрылысы жыл соңына дейін аяқталып, халық  игілігіне  қызмет  етпек.

Бұған дейін сол жағалауда қан орталығының құрылысы басталып кетті. Сондай-ақ көптің сұра­нысына сәйкес үлкен футбол стадионы да сол жаға­лауда салынбақ. Жалпы, түрлі нысанға байығалы тұрған аймақтың интернеті де уақыт өте келе бір ізге түсер. Әйтпесе әлі күнге дейін сол жағалауды жағалай жүгі­ріп, байланысқа шығу қиындық әкелетіні ақиқат. Әкім мен облыстың құрметті азаматтары іргетасын қала­ған  оқужай  мен  сапаржайдың  сәні  мен  сапасы да  келісті  болғай.

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: