Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Егініміз күйіп жатыр». Шаруашылық директоры су тапшылығы туралы жанайқайын жеткізді

14.07.2023, 17:15 212

HALYQLINE.KZ

Су тапшылығының зардабын тартып жатқан қызылордалық күрішшілер Кәсіпкерлер палатасының алаңында сала мамандарымен мәселені шешудің жолын іздеді. Бұл туралы Қызылорда облыстық кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі хабарлады.

Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Агроөнеркәсіп кешені кеңесінің кезекті отырысы аяқ су мәселесіне арналды.

Отырысқа егін және мал шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер мен облыстық ауылшаруашылығы және жер қатынастары басқармасының, «ҚазСуШар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиалының, Арал-Сырдария бассейндік инспекциясының өкілдері қатысты.

Күрішшілер егінге қажет суды дәл қажет сәтінде ала алмай отырғанына алаңдаушылық білдірді.

«Мамырда керек су маусымда берілді. Енді шілдеде су сұрасақ, тамызда береміз деп отырсыздар. Каналымызда су жоқ қазір, кеуіп кетті. Егініміз күйіп жатыр ғой. 125 гектарға еккен күрішімізді көк күйінде тастадық, күйіп кетті. Енді қалған егінімізге қауіп төніп тұр», – деді Тұрмағамбет ЖШС директоры Пірмантаев Нұржан.

Салаға жауапты мамандар жағдайды бақылауда ұстап отырғандарын, берілетін су көлемін реттеп отырғандарын айтумен болды.

Кәсіпкерлер палатасының отырысында күрішшілер мәселесі қаралуда

«Су тапшылығын еңсеру үшін күріштіктің көлемін азайту керек деген пікірлерді жиі естиміз. Әрине, суды үнемдеу маңызды. Алайда күрішсіз Қызылорда облысының экологиялық ахуалы нашарлайды. Топырақ тұзданып, «жарамсыз оазиске» айналады. Өйткені, Сыр топырағының қатты тұздануын күріш егу арқылы шаймаса, аса тұзды топырақта басқа дақылдардан өнім алу мүмкіндігі өте төмен. Бұл – мамандардың тұжырымы. Осы  салада 550-дей ірілі-ұсақты шаруашылықтарда 9500-ден астам маусымдық және тұрақты жұмысшылар жұмыс істейді. Ауыл халқының 45-50 пайызы осы саладан нәпақасын тауып отыр. Оны да ескеруіміз керек», – деді Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасының диреторы Пірмұхаммед Сыздықов.

Су тапшылығының салдары егіншілерге ғана емес, мал ұстап отырған кәсіп иелеріне де зардабын тигізіп жатыр екен.

«Жауапты мамандар шабындыққа берілетін судың мәселесін де ескергенін сұраймыз. Мысалы, Тереңөзектегі Асқар Тоқмағамбетов ауылында биыл төртінші жыл шабындықта су жоқ. Өз көзіммен барып көрдім», – деді «Сыр сыйы» шаруа қожалығының жетекшісі Нұрлан Биманов.

Жиын соңында кәсіпкерлер суды үнемдеу үшін жауапты мекемені анықтап, қараусыз қалған каналдарды балансқа алуды, сондай-ақ берілетін суды қадағалайтын арнайы комиссия құруды ұсынды.

Сала мамандары кәсіпкерлердің ұсынысын басшылыққа алып, шешу жолдарын қарастыратынын жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: