Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Диқан қауымының үміті

31.05.2023, 11:47 170

Мамыр айы да аяқталды. Дәл қазір диқандар далаға дән сеуіп, келер жылғы өнімнің ырысты, мол болуынан үмітті. Ауыл шаруашылығы – ауыр шаруашылық. Күн астында маңдай тердің төгілуін талап ететін тірліктің машақатын сырбойылық диқандар жақсы біледі. Биыл аймақта 195,6 мың гектарға егін егіледі. Өткен жылға қарағанда биыл дән даласының көлемі 7 мың гектарға артқан. Оның ішінде негізгі дақыл күріштің көлемі 83,9 мың гектарды құрайды. Жалпы, осы жылы егіс көлемін – 7,0 мың гектарға, күріш көлемін – 5,3 мың гектарға, малазықтық дақылдарды – 2,3 мың гектарға ұлғайту межеленуде.

Кеше қойындәптерін қолтықтаған бір топ тілші өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифингте қалаға қарасты Абай ауылындағы «Ақжол» егін шаруашылығына бардық. Аптап ыстықтың уақытында күрішті суға бастырып жүрген диқандардан шаруашылықтың биылғы егін маусымында қандай өнім түрлерін егіп жатқаны жайлы сұрап, күріш алқабының көлемін көзбен көрдік. Биыл ақжолдықтар 250 гектар жерге егін еккен. Шаруашылық бригадирінің айтуынша, өңірдегі су тапшылығына қарамастан жоғары өнім алуды көздеп отыр.

Абай ауылы
  • «Ақжол» шаруашылығы 1997 жылдан бері күріш егумен айналысып келеді. Соңғы жылдары өңірдегі су тапшылығы салдарынан шаруашылықтағы егіс көлемі біршама қысқарды. Дегенмен, біз қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, 250-300 гектарға дейін егін егудеміз. Жалпы, біздің шаруашылықта 15 адам еңбек етеді. Бүгінде мұндағы жұмысшылар Сыр салысын толық суға бастырып, 100 гектар жерге жоңышқа екті. Еккен әр гектардан жыл сайын 60 центнерден жоғары өнім жинаймыз. Шаруашылықта жалпы саны 6 техника қамтамасыз етілген, – деді «Ақжол» шаруашылығының өндіріс бригадирі Жетпісбай Ерденов.

Күрішті суға бастыру үшін аяқсудың көлемі көп болуы керек. Дегенмен, осы жылы да су мәселесі алаңдатқандықтан, диқандар жерді арнайы Түркияда құрастырылған «Мара» лазерлі аппаратымен тегістеген.  Бұл – сырбойылық күрішшілердің соңғы жылдары қолданып келе жатқан ерекше әмбебеп технологиясы. Лазерлік аппарат арқылы жерді тегістеп, оған кететін судың көлемін 3 есеге дейін азайтады. Мұның беретін пайдасы орасан зор. Егер жер тегіс болып, су жақсы келіп тұрса, өнімді де өндіріп алуға болады екен. «Ақжол» шаруашылығының диқандары «алғаш рет пайдаланған технологияның нәтижесін күз келгенде білетін боламыз» деп отыр.

26 жылдан бері дән себумен айналысып келе жатқан «Ақжол» егін шаруашылығының диқандары өткен жылы әр гектардан 60 центнерден өнім алыпты. Ол жалпы есеппен 1500-ден аса тоннаны құрайды. Тағы бір айта кетерлігі, мұндағы егіліп жатқан күріштің тұқымы «Абзал и К» шаруашылығынан алынады екен. Яғни ол әбден тексеруден, сұрыптаудан өткен. Ал мемлекет тек тексеруден өткен күріш сорттарын егуге ғана субсидия бөледі. Диқандардың айтуынша, адал өнім адал табыс әкеледі. Мұндағылардың басты ұстанымы да – осы. Сол үшін күннің ыстығына қарамастан, адал еңбекпен тер төгіп жүр.

Әр жылы тұтынушылардың сұранысына байланысты себілетін дәннің де тұқымы өзгеріп отырады. Бұған дейін «Янтарь» мен «Лидер» сортына деген сұраныс жақсы болса, енді биыл «Янтарь» сорты көптеп егіліпті. Мұндағы диқандар әр дәнді досындай көріп, ысырап етпеуге тырысады. Бұл жайында өндіріс бригадирі Жетпісбай Іскендірұлы айтты.

Жалпы, облыста егін егу жұмыстары 15 наурыздан басталған болатын. Бүгінгі күнге дейін 80,5 мың гектар жерге негізгі дақыл күріштің дәні себіліп, оның 72 мың гектары суға бастырылды. Ал дәндік жүгері – 210 гектарға, сүрлемдік жүгері – 420 гектарға, күнбағыс – 45 гектарға, соя – 64 гектарға, картоп – 1,7 мың гектарға, көкөніс 3,7 мың гектарға егілді. Жалпы 3 979 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы толық жөндеуден өткізіліп, көктемгі егін егу науқанына қатысуда.

Қазақта «еңбек түбі – береке» дейтін түйінді сөз бар. Тура мағынасында қабылдасақ, еңбегі өткен шаруалардың соңында мол ырысқа, байлыққа кенелетінін түсінеміз. Ал тереңіне үңілсек, сол еңбектің арқасында қаншама халықтың үйінде ішер асы түгенделіп тұрады. Яғни ешкімнің таршылық көрмейтіні, берекелі тұрмыс кешетіні айтылған. Міне, жер мен диқан барда берекеміз сарқылмайды. Таршылықтың тіні жоламайды. Әрдайым солай болғай.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: