Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Цифрландыру – дамудың кілті

13.04.2023, 10:40 408

Қоғамда бұрындары мынадай еді деп жиі айтылады. Жалпы, өткен мен бүгіннің айырмасын білу үшін бұл әңгіменің айтылуы жөн. Мәселен, қыстың ызғары ауылда қатты сезіледі ғой. Сол кезде қайта-қайта отын кіргізіп, от жағу біраз әбігерге салатын үдеріс екені сөзсіз. Жанның қанатын қырқатын, жүректің отын сөндіретін кәрілік емес пе? 80-ге жуықтап қалған қарт адамға бағанағы айтқан тірліктің ешбірі оңай емес. Менің әжемді де бұл іс қажытып жіберетін болған соң, қыс айларында кіші қызының жанына келетін. Әжемнің қалаға келгенін ести салып, мектебімнің геолокациясы тәтемнің үйіне жақын деп сылтауратып әжеме баратынмын. Сол уақытта әкем алып берген әжептәуір смартфоным бар. Ал, әжемде екі ұялы телефон бар болатын. Бірі – біздікінен сәл арзандау смартфон, екіншісі – ел арасында таралған «жайфон». Әжем қайсысын жиі қолданатын деп ойлайсыз? Әрине, жайлы «жайфонымен» ауыл-қаладағы туыс-туманың саулығын білетін. Міне, сол кезде екі телефонын ұстап отырған әжем «Құдай-ау, кезінде осы бәлесіз-ақ күн көрдік. Қазір заман өзгеріп бара жатыр» деп таңырқай күрсініп қоя беретін.

Расында да, бүгінгі күні ел экономикасының даму перспективасы цифрландырумен байланысты екені дәлелденген. Сол себепті мемлекеттік бағдарламаларда «Цифрлы Қазақстан» болуы үшін бірнеше жоба қолға алынған. Ал, Қызылорда облысында цифрландыру жобалары 2018 жылдан бастап іске асырылып келеді. Өңірді цифрландыру «Цифрландыру, ғылым және инновация арқылы технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы мен «Ақылды» қалалардың эталондық стандарты аясында жүзеге асырылады. Ендеше, әжем тек телефонның түр-түрі барына таң қалса, қазір елде, облыста  едәуір  өзгерістер  бар. Олай  болса,  аймақта әр  сала  жандану  мен  жаңарудың  қандай  кезеңінде  тұр? Тарқатып  көрейік.

Ең алдымен, сөзіміздің әлқиссасын білім саласынан бастасақ. Бүгінде аймақта барлығы 295 мемлекеттік мектеп «Қазақтелеком», «Транстелеком» және «Сәтті» байланыс оператор­ларының арналары арқылы интер­нет­ке  қосылған. Сондай-ақ, «BilimLand» цифр­лы білім беру контентінің «Онлайн мектеп» платформасы бойынша 42 пәннен 5 700 сабақ пен 140 мыңнан  астам тапсырма қолжетімді. Ұстаздардың бүгінде барлық жағынан жағдайы жақсарып  келеді. Тіпті мектеп түлектері арасында  ұстаз  мамандығы  трендке  айналса  керек.  Қазір  бір сыныптың 50 пайызынан астамы мұғалім мамандығын таңдайды. Жыл сайын айлық өсуінен бөлек, қағазбастылықты азайту жұмыстары да істеліп, бірізге түсті. Мәселен, қағазбастылықтан арылу және білім беру сапа­сын арттыру мақсатында «Күнделік» электронды журналы бар. Цифрландыру дәуірінің бастамалары да осы шығар. Мұнымен қоймай, ата-аналарға балалардың сабаққа қатысуын бақылауға мүмкіндік беру, сабаққа келмеу сағаттарын және сабақтан қалуды азайту үшін «Күнделік. Трекер» қосымшасы іске қосылды. Мектепке дейінгі және орта білім беру ұйым­дарында балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету  және кәмелетке толмағандар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында «Қауіпсіз  мектеп»  жобасы  жүзеге  асырылуда.

Қазіргі таңда облыс бойынша 295 мемлекеттік  мектептің:

Келесі денсаулық саласындағы жаңашылдыққа көшсек. Шыны керек, бұл сала егде жастағы кісілерге көп қиындық әкелді. Десек те, бүгінгі уақыт цифрландыруды талап етіп тұр. Мұндағы өзгерісті жауапты сала маман­дары  баяндап  берді.

– Қазіргі таңда аудандық деңгейге дейінгі және  аудандық  деңгейден төмен барлық медицина­лық ұйымдар компьютермен 100% және кемінде 4 мегабит/сек интернетпен 93,2%-ға қамтылған. Барлық медициналық ұйым «Даму-мед» кешенді медициналық ақпараттық жүйесімен қамтылған. Бүгінде аймақ тұрғындарына 100% электронды денсаулық паспорты толтырылған. Қазіргі  күні дәрігерге тіркеу, дәрігердің  тағайындауы  электронды  түрде  «Даму-мед»  жүйесі  арқылы  жүзеге  асырылуда.

Облыстың 15 медициналық ұйымында, оның ішінде 8 аудандық, бір қалалық және 6 облыстық медициналық ұйымда телемедицина құралдарының кешендері орнатылған. 2022 жылдың қорытындысы бойынша телемедициналық консультациялар саны 870-ті құрады. Оның ішінде республикалық орталықтармен консультация­лар  саны – 18, облыстық деңгейдегі медици­налық ұйымдармен – 242, көпбейінді облыстық ауруханамен – 610.

Зерттеу нәтижелерін жоғалту жағдайларының алдын алу, сондай-ақ қайталама зерт­теулер жүргізу мақсатында медициналық құжат­тар ұзақ және тұрақты сақтауды талап етеді, осыған байланысты «DICOM бейнелерін жіберу  және мұрағаттау үшін PACS жүйесін енгізу» жобасы іске асырылды. Қызыл­орда облысы­ның денсаулық сақтау басқармасына қарас­ты және меншік түріне қарамастан медициналық ұйымдардың ішінде PACS жүйесі енгізілуге тиісті 37 медициналық ұйымның барлығында PACS жүйесі енгізілген, – деді Қызыл­орда облысы әкімінің аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің  басшысы  Сәбит  Ибадулла.

Бұған қоса, денсаулық сақтауды цифрландыру саласындағы негізгі міндет Денсаулық сақтау министрлігінің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының ақпараттық жүйелерін біріктіру болып табылады. Осы мәселені шешу үшін бүгінгі таңда e-Health электрондық денсаулық сақтаудың жаңа цифр­лық архитектурасына көшу жүзеге асырылуда, оның аясында азаматтар денсаулығының ұлттық электрондық паспортын қалыптастыруды, микросервистік архитектураны пайдалануға көшуді және эталондық деректер базасын құруды қамтамасыз ету жоспарлануда. Жобаның толық іске қосылуы осы жылға жоспарланып  отыр  екен.

Бүкіл құжат цифрландыруға көшірілсе, халық­тың көкейінде бұл қаншалықты қауіпті деген сауал жатады. Осының шет жағасын шығарайық. «Әкімшілік құқықбұзушылықтардың бірыңғай тізілімі», «Электрондық қыл­мыс­тық  іс (Е-УД)» жобалары 2018 жылдан бас­тап  кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келе­ді. Пандемия кезінен басталған жылы Қызыл­орда қаласында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 20 стационарлық «Арқан» жылдамдық өлшегіші орнатылып, қазіргі  таңда  барлығы  қолданыста.

– Бірыңғай бейнебақылау жүйесін құру шеңберінде қылмыстар мен әкімшілік құқық­бұзушылықтардың  алдын  алу  үшін  бейнебақылау жүйесін кеңейту, қылмыстық қызметті төмендету мақсатында Қызылорда қаласында 1400 қалалық бейнекамера, сондай-ақ қиылыс­тарда  зияткерлік  камералар  мен  стационарлық  жылдамдық  өлшегіштер  орнату  жоспарлануда.

2018 жылдың соңында Қызылорда қаласы бойынша 101, 102, 112 шұғыл қызметтердің қоңырауларын қабылдайтын және тіркейтін «112 – Бірыңғай кезекші-диспетчерлік қызметі» пилоттық жобасы іске асырылды. Жоба «Көмек-112» автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде жүзеге асырылады, түскен қоңырау жауапты жедел қызметтерге жіберіледі және олардың уақытылы, сапалы орындалуын бақылайды, – деді  бөлім  басшысы.

Қызылорда облысы әкімінің аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің айтуынша, жобаның  іске  асырылғаны  мынадай:

– 1 ауысымға диспетчерлер саны 27-ден 15  адамға  дейін  қысқарды;

– өтініштерді қабылдаудың орташа уақыты 80 секундтан 40 секундқа дейін екі есеге қысқарды;

– тұрғындардан шұғыл қызметтерге көмек көрсету бойынша шағымдарды қабылдау мүмкіндігі  пайда  болды;

– Қызылорда облысы әкімі аппаратының «Жедел  әрекет  ету  орталығы» КММ базасында облыстың жергілікті тұрғындары есебінен 75  жаңа  жұмыс  орны  құрылды;

– коммуналдық қызметтерге өтініштерді кешенді бағыттау үшін, «Бірыңғай байланыс орталығы – 109»  ықпалдастырылған.

Сонымен  қатар,  жоба  2018 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін «112 – Бірыңғай кезекші диспетчерлік қызметі» арқылы 2,5 миллионға жуық  өтініш қабылдаған. Және жыл сайын облыс тұрғындары арасында танымалдылыққа ие болып, барлық шұғыл қызметтер үшін бірыңғай нөмірді пайдалану ыңғайлылығын дәлелдепті.

Әрі қарай көлік саласындағы бірен-саран өзгеріске тоқталып өтейік. «Қызылорда қаласы­ның қоғамдық көліктеріне электронды билет жүйесін орнату» жобасын жүзеге асыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба жеке инвестиция арқылы мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік  аясында жүзеге асырылуда. Қазіргі таңда  жалпы  430 қалаішілік қоғамдық көліктің 199-ында электронды билет жүйесінің стационарлық валидаторлары мен терминалдары орнатыл­ған. Бүгінде жолаушылар Kaspi.kz, Halyk bank қосымшалары, Activ және Kcell (кэшбэк – 25 теңге), Beeline (кэшбэк – 10 теңге) ұялы байланыс операторларының қосымшалары, сондай-ақ көлік карталары мен SMS арқылы онлайн төлем жасайды. Былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, валидатор орнатылған автобустарда сатылған билеттің жалпы санының 80%-ы қолма-қол ақшасыз төлемдер үлесінде. Яки, валидаторлар орнатылған автобустар төлемінің 4 393 588 данасынан 3 534 221 көлік карталары, мобильді қосымшалар арқылы төленген. Жақын арада көлік көп жиналатын жерлерде автоматтандырылған тұрақ орындарын енгізу жоспарланған-ды.

Аймақтағы 20 ауылдық округ интернетке зәру. Ал, 210 ауылдық елді мекен әлемжелімен қамтамасыз  етілген.  Оның  ішінде, 173 елді  мекен 250 адамнан астам, 37 елді мекен 250 адамнан кем екенін айтып өтейік. Қазақстандық­тарды халық саны 250 адамнан асатын ауылдық елді мекендерді сапалы интернетпен қамтамасыз ету екі жобаны іске асыру арқылы жүзеге асырылады: «Талшықты-оптикалық байланыс желісін салу» және «Интернетке мобильді кеңжолақты қолжетімділік». Қызылорда облысы әкімінің аппараты цифрлық технологиялар бөлімінің берген мәліметі бойынша  бірсыпыра  тоқталып  өтейік.

Бірінші жоба шеңберінде ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында біздің өңірдің 73 ауылдық елді мекенінің мемлекеттік органдары үшін «Талшықты-оптикалық байланыс желісін салу» құрылысы толығымен  аяқталған  және  64 ауылдық әкімдік, 72 білім беру мекемесі және 69 медициналық мекеме ТОБЖ-ға қосыл­ған. Әлеужеліден  хабарсыз яки мемлекет  мүмкіндік  жасамай отырғандардың жа­йын  Сәбит  Ибадулла  былай  түсіндірді.

– Интернетпен қамтылмаған 20 шалғай ауылдық елді мекен (халқының саны 250 адамнан кем 20 АЕМ) бар. Бүгінгі таңда қалған елді мекен­дерді интернетке қосу, сондай-ақ байланыс сапасын арттыру үшін ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министр­лігімен бірлесіп Жол картасы дайындалуда.

2022  жылдың  29  наурыз – 7 сәуір аралығында министрліктің Телекоммуникациялар коми­теті меморандум аясында қосылған 30 елді  мекеннің  интернет  және байланыс сапасының  параметрлерін  өлшеу  бойынша жұмыстар  жүргізді.  Өлшеу нәтижелері бойынша интернет пен байланыс сапасының бұзылуы анықталды, ҚР ЦДИАӨМ Телекоммуникация комитеті тарапы­нан байланыс операторларымен тиісті жұмыс   жүргізілді, – деді  ол.

Облыс бойынша 37 ауылдық елді мекенде (АЕМ)  3G-ден  жоғары  сапалы  4G  интернетке  көшу  қамтамасыз етілді. Атап айтсақ, «КаР-Тел» (Beeline) ЖШС – 23 АЕМ, «Кселл» АҚ – 14 АЕМ. Осы жылы «КаР-Тел» компания­сы облыстың  9 АЕМ-де базалық станция салуды  жоспарлап  отыр.

Шыны керек, сол жағалауда интернеттің нашар тартатыны рас. Міне, осы мәселе бо­йынша «Қазақтелеком» және «Транстелеком» операторлары Қызылорда қаласының сол жағалауындағы  көпқабатты тұрғын үйлерді интернетпен қамтамасыз ету жұмыстарын жүргізуде екен. Сондай-ақ, «Кселл» АҚ осы сол жағалауда орналасқан базалық станция­ларды биылғы жылдың 2-тоқсанына дейін жаңғыртуды  жоспарлап  отыр.

Азамат  АБИМОЛДА

Тақырыпқа  тұздық

«ОТБАСЫНЫҢ  ЦИФРЛЫҚ  КАРТАСЫН»  ӨЗЕКТЕНДІРУ  МӘСЕЛЕЛЕРІ  ҚАРАЛДЫ

Жақында қала әкімінің орын­басары Жанмұрат Сейіловтың төрағалығымен Қызылорда қаласында «Отбасының  цифрлық картасын»  өзектендіру  бойынша  кеңес отырысы  өтті.

Қазақстанда 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап отбасы цифрлық картасы іске қосылды. Аталған картада 19 млн қазақстандықтың ақпараты жинақталып, 6,3 млн отбасының арнайы портреті, оның ішінде Қызылорда облысы бойынша өзектендіруге жататын 178 778 адамның тізімі қалыптастырылған.

Кеңес барысында Қызылорда қаласындағы «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде деректерді өзектендіру жұмыстарының барысы туралы қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Кенжегүл Құрақбаева баяндады.

«Отбасының цифрлық картасы» арқылы өмірлік қиын жағдайдағы отбасылардың әлеуметтік карталары жасақталып, әлеуметтік жағдайына байланысты   3 санат негізінде ақпараттық жүйедегі мәліметтер кезеңімен өзектендірілуде. Сонымен қатар, «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесі арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға потенциалды түрде үміткер бола алатын 5 530 азаматтың мәліметі ұсынылып, жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын қажет ететін 288 азаматтың тізімі және жұмысынан айырылу жағдайына байланысты жәрдемақы алуға құқығы бар, бірақ өтінім бермеген 273 азаматтың тізімі ақпараттық жүйеде толық өзектендірілген.

Күн тәртібіндегі келесі мәселе бойынша қалалық білім бөлімінің бас маманы Самат Күнхожаев «Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына бармайтын балаларды ақпараттық жүйеге енгізу» туралы тоқталса, Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шаймбетов «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру» жүйесіне өзектендірілмеген азаматтар туралы баяндады.

Күн тәртібіндегі соңғы мәселе, NEET санатындағы жастардың тізімін өзектендіру туралы қалалық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Парасат Жаңабергенов хабарлама жасады.

Қызылорда қаласындағы жұмыссыз жастардың үлесін төмендету мақсатында @jumys.bar жобасы іске асырылып келеді. Инстаграм әлеуметтік желісінде өзекті әрі соңғы бос жұмыс орындары жарияланып отырады. «Мүмкіндіктер керуені» жобасы аясында да жұмыссыз жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жыл басынан бастап ұйымдастырылған бос жұмыс орындарының  жәрмеңкесінде 65 мекемеден 346 бос жұмыс орны ұсынылып, 119 азамат жұмысқа орналасқан.

Күн  тәртібінде  көтерілген мәселелер  бойынша  Жанмұрат Жақсымұратұлы әр салаға «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесіндегі мәліметтерді өзектендіру жұмыстарын жандандыруды тапсырып, қалаға қарасты кент және ауылдық округ әкімдеріне әрбір тұрғынның отбасының цифрлық картасына енгізілуіне тікелей басшылық жасауды жүктеді.

Халық-хабар

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: