Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан әкіміне ұсыныс айтылды

01.02.2023, 15:15 374

HALYQLINE.KZ

Шиелі ауданының әкімі Нұржан Ахатовтың қатысуымен Өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында өткен брифингте спикерге сұрағымыз бен ұсынысымызды қатар жолдадық. Кадр тасу мәселесі әкімдер арасында бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Сондықтан, сұрағымыз да осы тақырыпқа арналды. «Жергілікті кадрлармен жұмыс істеп жатырмын» деп қысқа қайырды аудан әкімі. Ал, ұсынысымыз ауданда емес, республикада маңызы бар мәселеге арналды. Шыны керек, қазіргі күні жастар ауылдан үдере көшуде, басты себебі – жұмыссыздық. Бұл ауданның кейбір ауылдарына тікелей қатысты. Сондықтан, «Жастарды ауылда тұрақтандыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр?» дей келе, «осы бағытқа басымдық беріп, нақты, нәтижелі жұмыс істеу арқылы өзге аудандарға үлгі болса…» деген ұсынысымызды да айттық. Әкім былай деп жауап қайырды.

 Бұл бағытта жастармен бірнеше кездесу өткіздім, мәселе жоқ дей алмаймын. Жалпы, ауданда ауыл шаруашылығы да, өндіріс те жақсы дамыған, тау-кен орындарында да жұмыс көзі бар. Осы орайда, біз жастарды жұмысқа алуға барынша жағдай жасап жатырмыз. Ауыл халқымен кездесу барысында бұл мәселе айтылады, ауыл әкімдеріне тиісті тапсырмалар берілуде, – деді Н.Сәбитұлы.

2022 жылы шиеліліктердің өмір сүру сапасын арттыру бағытында және әлеуметтік-экономикалық саласын дамыту жолында жүйелі жұмыстар атқарылған деп сеніммен айта аламыз. Өткен жылы аудан бюджетінің кірісі 22 млрд 470 млн теңгеге жоспарланып, жыл қорытындысымен 23 млрд 277 млн теңге болып, 103,6 пайызға артқан. Аудан экономикасына тікелей ықпал ететін барлық макроэкономикалық көрсеткіштерде де айтарлықтай өсім қалыптасқанын Нұржан Ахатов айтып өтті.

– Өнеркәсіп өнімін өндіру – 114,7, өңдеу өнеркәсібі – 101,2, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 103,1, инвестициялар тарту – 176,3, пайдалануға берілген тұрғын үйлер көлемі – 101,7, құрылыс жұмыстарының көлемі – 120,2 және бөлшек сауда көлемі 104,2 пайызға артты.

2022 жылы ауданда 3623 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланса, 3655 жұмыс орны құрылып, жоспар 100,8 пайызға орындалды. Сонымен қатар, жалпы халықтың аз қамтылған бөлігіне қайырымдылық, қамқорлық шараларын ұйымдастыру арқылы әлеуметтік қолдау жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 5263 отбасына 55 млн теңгеге қайырымдылық көмектер жасалды, – деді аудан әкімі.

Шиеліде жыл басынан бері 1 млрд 332 млн теңгенің 16 жобасы іске қосылып, 129 тұрақты жаңа жұмыс орны ашылған. Кәсіпкерлікті дамыту мақсатында мемлекеттік бағдарламалар арқылы жалпы құны 5 млрд 925 млн теңгені құрайтын 770 жоба қаржыландырылған.

– Өткен жылы Шиелі ауданы бойынша барлығы 30 301 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылы орналастырылып, диқандарымыздың тынымсыз еңбегінің арқасында, егін жинау науқанында ауданымыз «Үздік аудан» номинациясын иеленіп, жоғарғы көрсеткішке жетті. Биылғы жылға 30 511 гектарға егін егу жоспарлануда.

Сонымен қатар, көктем айларында облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлының тапсырмасына сәйкес, азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында, көкөніс, бақша, картоп өнімдерін егуге ниет білдірген аудан тұрғындары үшін 5 мың гектардан астам жерді жыртып, егін егуге дайындап беретін боламыз, – деді Н.Сәбитұлы.

Бұл жері – жомарт, халқы – мәрт шиеліліктер үшін қуанышты жаңалық деуге болады. Өйткені, азық-түлік бағасын тұрақтандырудың бірден-бір жолы – өнімнің тапшылығын тудырмау. Ал, тапшылық болмас үшін сұранысты қанағаттандырып отыру маңызды.

Ауданда төрт түлік мал басы мен өндірілген өнім көлемінде де тұрақты өсім байқалады. Сандарды сөйлетіп көрейік. 2022 жылы Шиеліде мүйізді ірі қараның саны – 109,2, уақ мал – 107,5 және жылқы 109,9 пайызға артқан.

«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында 4 жоба және жергілікті бюджет есебінен 2 жоба іске асырылып, жалпы құны 1,9 млрд теңге қаралса, тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында «Көкшоқы» мөлтек ауданында 18 пәтерлі 4 тұрғын үйдің құрылысы жүруде. Сондай-ақ, кезекте тұрған көпбалалы отбасыларға арнап, «Шұғыла» мөлтек ауданынан 20 тұрғын үй пайдалануға беріледі.

Тағы бір айта кетерлігі, биыл «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы бойынша 414 млн теңге қаржы бөлініп, 80 жас маманға тұрғын үй сатып алу үшін бюджеттік несиелер қарастырылып отыр.

Аудан орталығындағы басты 12 көшеге абаттандыру, көркейту-көгалдандыру, көшелерді жарықтандыру, инфрақұрылым жүйелерін жаңарту, жаяу жүргінші жолдарын қалыпқа келтіру жұмыстары да шет қалмайды. Оған аудандық бюджеттен қаржы қаралмақ.

Бүгінде Шиелі кенті және Ы.Жақаев, Бидайкөл, Байсын, Н.Бекежанов, Ш.Қодаманов, Ақмая, Алғабас ауылдары, яғни аудан халқының 68 пайызы «көгілдір отынға» қосылған. Бұл – өте ауқымды жұмыс. Бірақ, бұл санды әлі де ұлғайтуға болады екен.

– Жалпы құны 1 млрд 62 млн теңге болатын 4 елді мекенді газбен қамтамасыз ету бойынша жобалар тиісті министрліктерге тапсырылып, оның ішінде Еңбекші және Жиделіарық елді мекендерінің жобасы қолдау тауып, жалпы республикалық бюджеттен 442 млн 513 мың теңге қаржы қаралды.

Сондай-ақ, Алмалы және Ә.Тәжібаев елді мекендерінде газ құбырының және орамішілік газ тарату желілерінің құрылысын жүргізуге барлығы 1 млрд 710 млн теңгеге бюджеттік өтінім тиісті министрлікке тапсырылды.

Өткен жылы құны 2,1 млрд теңгені құрайтын Мұстафа Шоқай автоматты газ реттегіш станциясының құрылысын бастадық. Тартоғай (демеушілер есебінен), Майлытоғай елді мекендерінің (ішкі және сыртқы магистралды газ құбыры) жоба-сметалық құжаттары дайындалуда. Аудандық бюджеттен 23,1 млн теңге қаржы бөлінді. Жоғарыда аталған жобалар іске асқан жағдайда аудан халқының 85 пайызы газбен қамтылатын болады, – деді Нұржан Ахатов.

Бүгінгі күнде Шиелі ауданы бойынша сапалы ауызсумен 34 елді мекеннің 88 пайызы, 85 мыңнан аса тұрғынның 98 пайызы қамтамасыз етілген. Оның ішінде, орталықтандырылған ауызсу жүйесімен 23 елді мекен, жергілікті су көздері арқылы 7 елді мекен қамтылған.

Шиеліде денсаулық, білім, мәдениет және спорт саласында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатқанын брифинг барысында білдік. Аудан әкімі «біз тұрғындармен кездесулерде көтерілген өзекті мәселелерді жинақтап, жан-жақты саралап, өтініштерін қанағаттандыру мақсатында бірлескен жұмыстар жүргізіп жатырмыз» деп қалды. Әрине, елдің мәселесі тыңдалып, тұрмысы түзелгеннен артық не бар? Байқағанымыз, Шиеліде атқарылған жұмыс аз емес, әрине, атқарылатыны да…

 

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: