Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

2023 жылы Сыр өңіріне қанша инвестиция тартылды?

05.02.2024, 11:50 153

HALYQLINE.KZ

Өткен жыл Сыр өңірі үшін жемісті болды. Аймақ көшбасшылар қатарынан көрініп, қомақты инвестициялар тартылды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев облыстық мәслихаттың кезектен тыс ХІ сессиясында айтты, деп жазады облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Аймақ басшысы өз баяндамасында 2023 жылдың негізгі жетістіктерін атап өтті.

«Мемлекет басшысы мен Үкіметтің Сыр өңірін ерекше қолдауының арқасында аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында оң тенденция сақталды. Экономиканың негізгі салаларындағы өсімнің нәтижесінде аймақтар арасында көшбасшылар қатарынан көріндік. 2023 жылдың тамыз айынан бері республикада алғашқы үштіктеміз. Барлық көздерден жарты триллион теңгеге жуық инвестиция тартылды, оның 73 пайызы – жеке инвестициялар. Өңірдегі мұнай қорының сарқылуы салдарынан соңғы 10 жыл бойы төмендеу тенденциясын көрсетіп келген өнеркәсіп өндірісі көлемі өткен жылдың қыркүйек айынан бастап оң динамикаға шықты. Өсім өңдеу өнеркәсібі есебінен қалыптасты. Осы саланың өсу қарқыны бойынша 2022 жылы республикада 11-орында болсақ, өткен жылы 1-орыннан көріндік. Экономикалық тұрақтылықты сақтау оңай емес. Сондықтан бұл қарқынды одан әрі арттыруымыз қажет», – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жыл қорытындысымен облыстың өнеркәсіп өндірісі 3,6 пайыз (1024 млрд теңге), өңдеу өнеркәсібі 33,5 пайыз (308 млрд теңге), ауыл шаруашылығы 3,7 пайыз (224 млрд теңге), құрылыс жұмыстарының көлемі 40,4 пайыз (183 млрд теңге), тұрғын үй 8,4 пайыз (741 мың шаршы метр), сауда 4,7 пайыз (744 млрд теңге), көлік және қоймалау көлемі 7,8 пайызға (286 млрд теңге) артты.

Былтыр аймақ бюджеті 609 млрд теңгені құрады. Оның ішінде облыстың даму бюджеті 2,5 есе артты. Биыл да салық түсімдерін арттырып, жаңа өндіріс орындарын ашу арқылы бюджет көлемі ұлғайтылмақ.

Биыл 300 шақырымға жуық жолды жөндеу арқылы жақсы деңгейдегі жолдардың үлесі 92 пайызға жеткізілмек. Қызылорда қаласында Қорқыт ата әуежайының жаңа терминалы, заманауи үлгідегі автовокзал пайдалануға беріледі. Аймақ халқының 98,4 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтылған. Биыл 5,4 млрд теңгеге 14 жоба жүзеге асырылады. Бұл жұмыстар 2025 жылы да жалғасын тауып, осылайша облыста ауызсу мәселесі түбегейлі шешіледі. Тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 75 пайыз, жыл соңына дейін 12 елді мекен газдандырылып, көрсеткіш 78 пайызға жеткізілмек.

Облыста әлеуметтік салаға басымдық берілген. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 10 мектеп бой көтеруде, тағы 11 мектептің құрылысы басталады. Физика-математика бағытындағы 300 орындық жатақханасы бар 400 орындық мектеп-интернат ел игілігіне айналады. Өткен жылы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 25 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсететін 15 дәрігерлік амбулатория ашылды, қалған 12-сі осы жылдың соңына дейін тапсырылады. Мамыр айында Қан орталығы өз қызметін бастайды. Облыс орталығында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, құны 20,9 млрд теңге болатын Орталық стадион және 6,8 млрд теңгеге жабық бассейні бар көпсалалы дене шынықтыру-сауықтыру кешені көпшілік қолданысына табысталмақ.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: