Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нәлібаев: Соңғы жылдары Сыр диқандары су тапшылығының кері әсерін сезініп келеді

28.02.2024, 15:00 88

HALYQLINE.KZ

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен өткен ауыл шаруашылығы құрылымдары өкілдерімен кездесуде вегетация кезеңіндегі болжамды су көлеміне сәйкес егін егу мәселесі талқыланды. Кездесуге ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, министрліктің және егіске су үнемдеу технологияларын қолдануда тәжірибесі бар кәсіпорындардың өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың, су шаруашылығы ұйымдарының, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары қатысты. Аудан әкімдері мен ірі шаруа қожалықтарының төрағалары бейнебайланыс арқылы қосылды. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

«Аграрлық сала – облыс экономикасының негізгі бағыттарының бірі. Күріш – аймақтың табиғи ерекшелігіне, ауа райы мен топырақ құрамына бейімделген негізгі дақылымыз. Соңғы жылдары Сыр диқандары су тапшылығының кері әсерін сезініп келеді. Былтыр вегетация кезінде егісті сумен қамтамасыз ету күрделі жағдайда өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы мен Үкіметтің қолдауының арқасында аймақта су тапшылығының алдын-алу шаралары қабылданды. Биыл да Сырдария өзеніндегі судың жағдайына қарап, алдағы вегетация кезеңінде тапшылық болатыны болжануда.

Өткен жылы егіс көлемі 4 800 гектарға ұлғайтылып, 193 400 гектар жерге егін егілді, 89 мың гектар күріш егістігінің әр гектарынан 56,5 центнерден өнім алынды. Саланы субсидиялауға 14 млрд теңге қаржы бөлініп, 224 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 3,7 пайызға артқан. Ауыл шаруашылығының негізгі қорына 12 млрд теңге инвестиция салынып, 20 пайызға өсті. Биыл да қолдау шаралары жалғасады», – деді өз сөзінде аймақ басшысы.

Облысқа арнайы іссапармен келген ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов саладағы негізгі мәселелерді атап өтіп, шешу жолдарын ұсынды.

«Өткен жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Су ресурстары және ирригация министрлігі 6 ай ішінде жаңа «Су кодексінің» жобасын әзірлеп, Парламентке қарауға ұсынды. Бұл құжат 3 мақсатты көздейді, олар – су тапшылығына қарамастан, ел экономикасына пайда әкелу, тұрғындардың күнделікті жағдайын жасау және экологиялық мәселелерді шешу. Министрлік бірнеше бағыт бойынша жұмыс істеуде, ең маңыздысы – суды үнемдеу жолдарын қарастыру. Үкімет су үнемдеу технологияларын енгізетін шаруа қожалықтарын қолдауды ұсынуда. Атап айтқанда, тамшылатып және жаңбырлатып суаруды енгізсе, субсидия 50%-ға дейін, ұңғыма қазса 80%-ға дейін ұлғайтылды. Қазір су үнемдеу – аса маңызды мәселе», – деді Нұржан Молдиярұлы.

Жиында «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясының басшысы Қайратбек Сәрсенбаев, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев, «Қазсушар» кәсіпорны Қызылорда филиалының директоры Роллан Ахметов, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев, Қазақ су шаруашылығы ғылыми зерттеу институты басқарма төрағасының орынбасары Нұрлан Балғабаев, Қазақстанның Еңбек Ері, «Таң ЛТД» серіктестігінің басшысы Имамзада Шағыртаев, «Soil Solution» ЖШС директоры Раушан Нұралы, «OMAD Start» компаниясының құрылтайшысы Шахобиддин Каромов, «BNK Group» компаниясының құрылтайшысы Ниязәли Бейсенбаев баяндама жасап, су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы тәжірибелерін бөлісті.

Айта кетейік, күні кеше Қызылордада Парламент Сенатының аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Әли Бектаев бастаған депутаттар, Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Болат Бекнияз, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Бағлан Бекбауов, шаруашылық құрылымдары мен су шаруашылығы мамандарының қатысуымен жаңа «Су кодексі» бойынша көшпелі отырыс өтті.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: