Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Цирк сиқырынан айырылды ма?

16.04.2020, 10:59 780

Соңғы жылдары интернеттің кеңінен қанат жаюы, әлеуметтік желілердің кө­беюі цирк өнеріне деген жұрттың қызығушылығын кемітіп жіберді деген ой-пікірлердің айтылып жүргені рас. Мұндай жағдай бізбен көршілес Ресейде, Украинада  және Еуропа елдерінде де көрініс беруде. Тіпті, 90-жылдардан бері дүниежүзіне әйгілі болған цирк индуст­риясының алыбы – канадалық Дю-Солей циркінің де үлкен қиындықтарды басынан кешіріп жатқаны туралы да баспасөзде көп жазылады. Кейбір сарапшы-мамандар бұл мәселені цирктердің жан-жануарлардан бас тартуымен тікелей байланыс­тырады. Шынында да солай ма? Әлемдік цирктердегі аң үйретушілер мен акробаттар көрермендері мен табысынан айырылып жатыр ма, әлде бұл жаңсақ пікір ме? Осы  мәселені  кеңірек талдау үшін, цирк индустрия­сының әлемдік деңгейдегі сарапшы-мамандарымен, қарапайым көрермендермен  тілдестік.

«АЗИЯ   ЖАҢҒЫРЫҒЫ»   ӘЛЕМДЕГІ   ЕҢ   ҮЗДІК 

ФЕСТИВАЛЬДЕРДІҢ   ҚАТАРЫНА   КІРЕДІ

Шынында да цирк өнеріне деген халықтың қызығушылығы төмендеді ме, әлде керісінше артты ма деген сауалдың жауабын елордамызда өткен 12-ші «Азия жаңғырығы» халықаралық цирк өнері фестивалінен таптық. Былтырғы 4-8 шілде күндері астаналық цирктің іші көрермендерге лық толды. Сол күндері цирк бағдарламасын көріп отырып, балалармен бірге үлкендердің де цирк өнеріне деген зор қызығушылығын байқадық. Ал, 13 елден­ жиналған  цирк  әртістерінің өнер жарысының деңгейі өте жоғары­ болды. Бұл біздің пікіріміз емес. Әлемдік деңгейдегі цирк өнерінің майталмандарының айтқан сөзі. Қазылар алқасының мүшесі, Майамидегі «Фаерберд продакшн» компаниясының президенті Петр Дубинский «Азия жаңғырығы» фестивалі әлемдегі ең ірі, беделді 15 фестивальдің қатарына кіретінін айтады.

«Менің пайымдауымша, «Азия жаңғырығы» фестивалінің деңгейі жыл сайын тез өсіп келеді. Бұл әлемдегі ең үздік аймақтық­ фестиваль болып табылады. Бұл – Орталық Азия сияқты өте талант­ты, үлкен аймақтағы әртүрлі елдердің цирк әртістеріне өзін танытуға, цирк өнерінде мойындатуға мүмкіндік беретін жалғыз ірі фестиваль. Ол әлем бойынша өтетін ең үздік 15-17 фес­тивальдің қатарына кіреді. Олардың қатарында Монте-Карло, Қытай және Ресейдегі беделді фестивальдер бар. Ең бастысы, бұл өнер жарысы жаңа таланттардың бағын ашуға, өзін мойын­датуға мүмкіндік береді. Сонысымен өте құнды» дейді Петр Дубинский. Оның айтуынша, алдыңғы жылы осы фестивальде керемет өнер көрсеткен екі қазақ қызы әуелі Италияға, кейінірек Монте­-Карлоға шақыру алған. Ал былтыр Әділет Тиканов жетекшілік ететін алматылық әртістердің «Ауыспалы саты» атты цирк нөмірі «Азия жаңғырығы» фестивалінің алтын медалін иеленіп, Беларусь Мемлекеттік циркінің директоры Владимир Анатольевич Шабанның атынан арнайы жүлде Минскі фестиваліне шақыру алды. Бұл да – үлкен жетістік.

ЦИРКТЕН   АҢДАРДЫ   АЛАСТАТУ  – 

ӨНЕРДІ   ӨЛТІРУГЕ   АПАРАТЫН   ЖОЛ

Соңғы жылдары әлемдегі кейбір цирктердің аңдарды алас­татып, тек театрлық қойылымдарға, мағынасыз шоуға айналып бара жатқаны шындық. Алайда цирктің өзін, оның манежін жан-жануарларсыз көзге елестетудің өзі қиын. «Азия жаңғырығы» фестивалінің режиссері, Ресейдің Халық әртісі, әйгілі Корниловтар әулетінің 4-ші өкілі Таисия Корнилова цирктен жануарларды аластатқан елдердің барлығы өнерді өлтіруге әрекет жасаған­ын  айтады.

«Яғни, жан-жануарлар жоқ жерде, цирк те жоқ. Ол жай ғана театрға айналады. Мысалы, менің туып-өскен жерім Латвияда қазір циркте үлкендерге арналған эротикалық шоу көрсетеді. Өз басым циркті жануарларсыз еш қабылдай алмаймын. Себебі, цирк дегеніміз – ат қораның иісі. Циркке келген әр адам балалық шағына саяхат жасап, аттар, пілдер, жолбарыстармен және өзге де аңдармен бірге ғажайып әлемге еніп кетеді. Қай заманда да цирк жануарлар арқылы көрермендерді өзіне қызықтырған. Тіпті, цирктің дүниеге келген жері – Англиядағы Атлей циркінің өзі аттардың өнерін халыққа көрсетуден бастау алған. Ортадағы домалақ арена жануар­лардың өнерін көрсету үшін жасал­ған. Ал, аңдарды цирктен алас­тататын болсақ, онда бұл өнердің не керег­і бар?» деген пікір айтты ол.

Таисия Анатольевнаның пайым­дауынша, жануарларды қорғаушылар бұл мәселені көтере берсе, цирк өнерін­е  үлкен  қауіп төнеді. Өйткені, цирктегі  аңдардың  денсаулығы мен өмірі, құқықтары  толықтай  қорғал­ған. «Мысалы, Ресейде аңдарды үйретушілерге лицензия беру туралы заң шықты. Яғни, кез келген аң үйретуші маман аңдармен жұмыс істеуі үшін әуелі заңды түрде лицензия алады,­ содан соң аңдармен жұмыс істеуге рұқсат етілгені жөнін­дегі психиатр маманның қорытындысын ұсынады. Меніңше, аңдардың өмірі мен денсаулығын осылай да қорғауға болады» дейді  ол.

ЦИРККЕ   ДЕГЕН   ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ: 

АРТТЫ   МА,  КЕМІДІ   МЕ?

«Латино» Халықаралық цирк фестивалінің президенті (Италия­) Фабио Монтико цирк өнерінің жылдар мен ғасырлар бойы адамдарға ерекше жылылық, қуаныш, көтеріңкі көңіл күй сыйлап келе жатқанын айтады. «Жыл сайын мен әлемдегі көптеген цирк фестивал­ьдеріне барамын. Сонда бір байқағаным, цирк өнеріне деген­ халықтың ықыласы еш төмендемеген. Керісінше, заманауи технологиялар цирк индустриясына деген қызығушылықты одан сайын арттыра түсуде. Соның бір дәлелі, Нұр-Сұлтан қаласында 12-ші рет өткен «Азия жаңғырығы» халықаралық фестив­алі. Бұл фестивальдің өткен жылғы ұйымдастырушылық деңгейі де, қатысу­шыларының құрамы да, қазылар алқасының алуандығы да, көрермендердің қызығушылығы да ғаламат болды­. Цирктің атмосферасы бөлек. Өйткені, бұл жерде бірнеше өнер бір-бірімен қабысып, көрерменге  ерекше әсер сыйлайды. Менің ойымша, циркке деген қызығушылық  ешқашан  да  кемімейді»  дейді  ол.

Мұндай пікірді Таисия Корнилова да қостайды. «Мен жақында ғана Будапештегі цирк фестиваліне бардым. Халықтың цирк­ке деген қызығушылығы өте жоғары екенін көрдім. Ресейдегі Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы цирк қойылымдарын көрсеңіз, Еуропадағы цирктерді тамашаласаңыз, циркке деген көрермендердің ықыласының бір тамшыға да кемімегенін көрер едіңіз. Өйткені, цирк дегеніміз – бұл естен кетпейтін мереке, ерекше көңіл күй сыйлайтын ойын-сауық, адамның жанын рақат­тандыратын демалыс орны. Мысалы, былтырғы «Азия жаң­ғырығы» фестивалі Нұр-Сұлтан қаласындағы цирктің бәріміздің көз алдымызда өсіп-өркендеп, дамып-жетіліп келе жатқанын көрсетті. Бұл – көрермендер үшін аса маңызды нәрселердің бірі. Менің ойымша, бүгінгі интернет мен теледидардың дәурені жүріп тұрған заманда адамдардың циркке деген қызығушылығы­н жоғалтпауының өзі – шынайы өнердің қадір-қасиетінің ешбір кемімегенінің көрінісі» дейді ол.

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Азат Бабайұлының пікірінше, көрермендердің циркке деген қызығушылығы артпаса, кеміген жоқ. «Мен жыл сайын, елорданың туған күнінде өтетін «Азия жаңғырығы» цирк өнері фестивалін асыға күтемін. Балаларымды және өзге қалалардан келген туыстарымды ертіп, циркке барамы­н. Бұл өнерден алатын әсерді, ләз­затты сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны  тек көзбен көру керек. Мысалы, өткен жылы сымтемірде өнер көрсеткен қытайлық акробат Жанг Фанның, вьетнамдық қос бишінің өнерін көргенде ауызымызды ашып, көзі­мізді жұмдық. Қандай ғаламат өнер! Мұндай өнердің өлмейтіні анық. Ал, кейбіреулер интернет, театр­ циркке деген қызығушылықты жояды­ деген негізсіз пікір айтады. Өнердің бәсі де, өресі де, өрісі де биік болғанда, ол өміршең екені даусыз­»  дейді  А.Бабашұлы.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист,

Нұр-Сұлтан  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: