Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Бала биіктен құламасын» десеңіз…

20.04.2020, 11:58 1030

HALYQLINE.KZ –| Жаз басталысымен биік қабаттан құлау оқиғасы жиілей түседі. Екінші, үшінші және одан да жоғары қабаттан құлау фактісі көбіне терезедегі москиттік торды орнатумен байланысты. Тұрғындарға арнайы мекемелерге терезеге тапсырыс беру кезінде москитті торды балалардың бойы жетпейтін жеріне орнатуға немесе басқа да қалқандар арқылы сақтық шараларын қатаң қадағаласа деген өтінішіміз бар. Жазда асыр салып ойнағанның орнына бүлдіршіндер аурухана қақпасында қамалуға мәжбүр.

Жаз басталса дәрігерлердің қол-аяғы сынған кішкентай пациенттерден қолы босамайды. Ал, жел қақтыру үшін ашқан терезеден ауып құлаған сәбилердің статистикасы мүлдем қорқынышты. Олардың бірлі-жарымы жарақаттан жеңіл құтылса, бірі мерт болады. Көп жағдайда медицина әлсіз болады. Тіпті, мүгедек болып қалуы мүмкін. Биіктен құлау жағдайлары жол-көлік оқиғалары секілді адамның жиі мерт болуына әкеліп соғады. Жоғары қабаттан балалардың абайсызда құлау оқиғалары бойынша тіркелген мәліметтерге сүйенсек, олардың жасы әлі беске де толмаған. Еңбекке жарамды азаматтар арасында мұндай жағдайларға көбіне құрылыс мамандары ұшырайды. Әсіресе, егде жастағы азаматтар үшін құлаудың салдары өте ауыр болады. Мәліметтерге сүйенсек, балалардың москит торынан құлауына ерекше назар аудару керек. Ата-аналарға көпқабатты үйлерде балаларды терезеге жақындатпай, мұқият болуларын ескертеміз.

Қызылорда қаласы бойынша 2018 жылы – 4 бала, 2019 жылы – 7 бала (1 бала оқиға орнында қаза тапқан) терезеден құлау фактісі бойынша әр түрлі жарақатпен емдеу мекемелеріне жатқызылған. Зардап шеккендердің негізгі бөлігін 1 мен 6 жас аралығындағы балаларды құрайды.

Статистикаға сүйенсек, қайғылы жағдайлардың көбісі ата-ананың қарауынсыз қалған үйлерде немесе ата-аналардың салғырт қарауынан болады. Ойын баласының кез келген нәрсеге әуестеніп, қолды-аяққа тұрмай, мазасыз күйде болатыны айтпаса да түсінікті. Сондықтан сәбиіңіздің өміріне қауіп төнбес үшін, оның әр қадамына абай болғаныңыз абзал.

Қорғау шаралары:

– егер бала үйде болса, терезені ашық қалдырмау;

– терезенің тиісті қорғауы болмаса, торды сенімді тірек ретінде пайдаланбау;

– балалар оған сүйеніп тұрғанды ұнатады;

– терезе, балкон немесе шыны есіктер алдында ойнап жүрген балаларды қараусыз қалдырмау;

– балалар терезенің алдына шығып, төмен құламауы үшін жиһаздарды терезенің жанына коймау;

– балаларға қауіпсіздік сабақтарын өткізу. Үлкен балаларды кішкентай бүлдіршіндерге қамқор болуды үйрету;

– балалар терезені өз бетінше ашпау үшін терезеге блокиратор немесе оның тұтқасына құлып орнату керек.

Әлия ЕРЕЖЕПОВА,

Қызылорда облысы ТЖД

Өрт сөндіру және авариялық-құтқару қызметі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: