Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Азғындық соңы – абақты

02.11.2023, 10:20 262

HALYQLINE.KZ

Күллі әлем қорғансыз бүлдіршіндердің құқығы үшін арпалысып әлек. Ойыншық ойнап жүрген сәтінен-ақ тағдырдың тәлкегіне ұшырап, озбырлыққа душар болған бейкүнә балалардың қарасы қалыңдады. Қоғамдық құндылықтардан алыс, нәпсісін тыюға қауқарсыз, педофилия атты психологиялық ауруға шалдыққандардың да саны көбеймесе, азаймақ емес. Азғындарға қарсы қаншама қозғалыс ұйымдастырылып, қамқорлық ұйымдары зардап шегудің алдын алу іс-шараларын жүзеге асырып жатқанымен, нәтиже көңіл көншітпейді. БАҚ-та жарияланған ақпараттар легін көріп жағаңды ұстайсың. Үстінен қылмыстық іс қозғалмай, бостандықта шалқып жүргендері қанша десеңші… Бұндай азғындыққа қандай адамдар жол береді? Педофилиядан зардап шеккендердің саны қанша? Өз мүддесі үшін қылмыстың артын жауып, тағдыры бүлінген бүлдіршіннің болашағына балта шапқан кімдер?

Педофилия – грек тілінен аударғанда «балаға деген махаббат» дегенді білдіреді. Педофил болудың себебі жайында нақты ақпарат табу өте қиын. Бұл тақырып ғылыми негізде аса зерттелмеген. Көп психиатр, медицина өкілдерінің айтулары бойынша бұл ауруға ұшыраудың басты себебі –балалық шақта болған психологиялық немесе физикалық жарақат. Ата-анасынан көп зәбір көрген балалар көбіне потенциалды педофил болып келеді. Педофилдердің көпшілігі – ер адамдар, алайда әйелдерде де бұл мәселеленің болуы бек мүмкін. Аталған ауруға шалдыққандар көбіне өзіне қарама-қарсы жыныс өкілдеріне құмар келеді. Бұл дертке шалдыққандарды ұзақ жылдар бойы емдеп жүрген психолог Ақмарал Шегентайқызы Caravan.kz сайтына сұхбат берген екен. Ол өз сөзінде: «Педофилдердің жасап жүрген әрекеті – дерт. Қандай да бір ауытқушылықтан болып тұрған әрекет. Мысалы, олардың мүшесі тұрмайды. Ал кішкентай баланың қорыққанына, шыңғырғанына қарап, оның мүшесі қозады. Содан ләззат алады. Тіпті, ол адамда ересек әйелдермен жыныстық қарым-қатынасқа түсуге қорқыныш болуы мүмкін. Маған кездескен педофилдердің көбі өздері де кезінде жәбір көрген болып шығады» дейді.

2019 жылы Қазақстандағы құқық қорғау органдарының есебінде адам зорлаған 2800 қылмыскер, бала зорлаған 1350 педофил тұрған. 2021 жылы колонияларда 1861 педофил жазасын өтесе, 50-і сол жылы бостандыққа шыққан. Айта кететін жайт, осы жылдар аясындағы қылмыстық істердің 77%-ы ата-ананың, туысқандардың немесе көршілердің тарапынан болған. Осы шамадағы зорлық-зомбылық фактілерінің 40%-ға жуығы 16 жасқа толмаған жасөспірімдерге қарсы жасалады.

Мемлекет басшысы да болып жатқан жайттардан бейхабар емес. Өзінің үкімет өкілдерімен өткен жиында «Елімізде ауыр қылмыстар жасалып жатыр. Біз заңнаманы ізгілендіреміз деп, азаматтардың құқығын назардан шығарып алдық. Осыған байланысты зорлау, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстар үшін, әсіресе балаларға қарсы жасалған қылмыстар үшін жазаны жедел түрде қатаңдату керек. Үкімет пен парламентке осындай тапсырма беремін» деп бала құқығын жаппай қорғау керек екенін сөз етті.

Жақында ғана өңірімізде де азғындық әрекеті тіркелген еді. Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде болған жағдай Қызылорда халқын дүр сілкіндірді. Әкесі 7 жастағы туған қызын зорлауға әрекеттенген. Бүлдіршіннің бақытына орай, 6-сынып оқитын ағасы оқиға орнынан дереу табылып, қитұрқы істің жүзеге асуына кедергі келтірген. «Аталған дерек бойынша Қазалы ауданының тұрғыны арыз түсірді. Арыз негізінде Қазалы аудандық Полиция бөлімінің сотқа дейінгі тергеп-тексерулерінің бірыңғай тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 124-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс тіркелді. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде» дейді Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Мұндай сорақылық халқымыздың ата салтында да, дінінде де болған емес. Көшеде асыр салып жүрген балаларға қарап, жымиюдың орнына күрсінетін халге де жеттік. Қашанда қызын аса қадірлеген, қонақ деп сыйлап, барын берген халқымыздың азғындық әрекеттерден жапа шегуі шынымен қынжылтады. Кәмелеттен асқан зардап шегушілерге кінәні қысқа киініп тапқан болар деушілер пижама киген бейкүнә бүлдіршіндерді айыптар ма екен?

Айтілес  АБАЙҰЛЫ.

Коллаж  egemen.kz  сайтынан  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: