Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауданның экономикалық дамуы сөз болды

27.04.2023, 17:30 237

HALYQLINE.KZ Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетовтың төрағалығымен өткен аудан активінің отырысында Мемлекет басшысы айқындаған экономикалық дамудың сегіз бағыты бойынша мақсат-міндеттер талқыланды.

Аудан басшысы Ел Президентінің кеңесте берген тапсырмаларының мән-маңызы айрықша екендігін және тұрғындар алдағы реформалардан зор үміт күтетіндігін айтты. Осы ретте атқарылатын жұмыстардың дені халық өмірінің сапасын арттыру, жаңа жұмыс орындарын құру, тұрғындар табысын арттыру, инфрақұрылымды одан әрі дамыту, адами капиталға баса назар аудару нақты мақсат екенідігін атап өтті.

Жиында аудан әкімінің орынбасарлары сегіз бағыт бойынша атқарылып жатқан негізгі жұмыстардың барысына және алдағы жоспарларға тоқталды. Аудан басшысы: «Мемлекет басшысы халықтың ай сайын жұмсайтын қаржысының тең жартысынан көбі азық-түлік алуға кететіндігін және соңғы 15 жылда азық-түлік бағасы шарықтау шегіне жеткендігін айтты. Аудандағы азық-түлік инфляциясының басты себептерінің бірі ауылшаруашылығы саласындағы өндірілетін өнімнің жоқтығынан. Яғни, көтерме саудаға тәуелділік. Азық-түлік бағасын тұрақтандыру үшін алдымен, делдалдық схемаларды анықтап, халықтың негізгі тұтынатын тауарларын «өндірушіден – тұтынушыға» қағидаты негізінде ауданға жеткізілуін үйлестіру керек. Биыл Жол картасы аясында 1500 гектарға егін егуді жоспарлап отырмыз. Меже толық орындалуы тиіс. Себебі бұл өз кезегінде бағаны тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Аудан халқын жыл көлемінде ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жылыжайларды салу жобаларына басымдық беру қажет. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы инфляция өскен сайын халықтың нақты табысы құнсызданып жатқандығын және несиені ең алдымен пайда әкелетін бизнеске, яғни тиімді жобаларға беру қажеттігін айтты. Осы ретте, индустрияландыру картасына енгізілген, 1352 адамды жұмыспен қамтитын 7 жобаның іске асырылуын жеделдету қажет. 2022 жылы 1,9 млрд. теңгені құрайтын 142 жоба несиелендіріліп, 107 жұмыс орны ашылды. Биыл жыл басынан 572,1 млн. теңгені құрайтын 66 жоба қаржыландырылып, 68 жұмыс орны құрылды. Аталған жұмыстар әлі де жандануы тиіс», – деді.

Мұнан бөлек, аудан әкімі сала басшылары мен қала, кент, ауылдық округ әкімдеріне 2023-2027 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту Тұжырымдамасы шеңберінде әлеуметтік, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту жобаларын жүзеге асыру үшін аудандағы тірек елді мекендердің санын арттыруды тапсырды. Коммуналдық инфрақұрылымды одан әрі дамыту бойынша қарқынды жұмыстар жүргізіліп, жаңа мөлтек аудандар бой көтеруде. Қазірде жобаларды жүзеге асыру арқылы кезекте тұрған 1856 азаматқа жер учаскесін табыстау жоспарланғандығын айтып, аталмыш жерлердің толық игерілуін қамтамасыз етуді жүктеді. Сондай-ақ, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, білім сапасын көтеру және зорлық-зомбылықтың алдын алу, кәмелет жасына толмағандар арасында құқық бұзушылықтарды жою, жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша да бірқатар нақты міндеттер жүктелді.

Ауылдық аумақтардың өмір сүру сапасын және табысын арттыру бойынша «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде бірнеше жобалар ұсыну қажеттігі және халықты ақпараттандыруға басты назар аудару тапсырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: