Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аудан басшысы мерейтой иелерін құттықтады

18.07.2026, 9:35 29

Жаңақорған ауданының әкімі Жарқынбек Ғалымжан ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып, ел игілігі жолында еңбек еткен азаматтар — Тұрғанбай Әлімхан 80 жас, Айнақожаев Пахмаддин 75 жас, Сарсенбаев Бағдат 70 жас мерейтойларымен құттықтады.

Салтанатты жиынға «Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры Марат Аралбаев, Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Куат Шарабидинов ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Басқосуда аудан басшысы мерейтой иелерінің ел дамуына қосқан еңбегін жоғары бағалап, олардың өмір жолы кейінгі буынға өнеге екенін атап өтті.

«Жаңақорған өңірі елге еңбегімен сыйлы, өмірлік ұстанымы мен азаматтық келбеті арқылы құрметке бөленген тұлғаларға бай. Туған жердің өсіп-өркендеуіне адал қызмет еткен азаматтардың еңбегі әрдайым жоғары бағаланады. Бүгінгі мерейлі күндеріңізбен аудан жұртшылығының атынан және өз атымнан шын жүректен құттықтаймын. Ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына, мәдениеті мен руханиятына қосқан сүбелі үлестеріңіз үшін зор алғысымды білдіремін. Дендеріңізге саулық, отбасыларыңызға амандық, ұзақ ғұмыр тілеймін», – деді Ғалымжан Жарқынбекұлы.

Жиында мерейтой иелеріне аудан әкімінің құттықтау хаты табысталып, халқымыздың игі дәстүріне сай сый-сияпат жасалды.

«Сыр медиа» ЖШС-нің бас директоры Марат Жайылханұлы мен облыстық «Сыр бойы» газетінің бас редакторы Қуат Шарабидинов құттықтау сөз сөйлеп, Пахмаддин Айнақожаұлына Қазақстан Журналистер одағының «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісін табыс етті.

Сонымен қатар, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірсерік Тақырбасов сөз алып, мерейтой иелерінің ел игілігі жолындағы еселі еңбегіне тоқталып, ақжарма тілегін жеткізді.

Кездесу соңында мерейтой иелері өздеріне көрсетілген зор құрмет пен ыстық ықылас үшін аудан басшылығына және жиналған қауымға шынайы ризашылықтарын білдіріп, ел бірлігі мен өңірдің өсіп-өркендеуіне тілектестіктерін жеткізді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: