Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арнайы заң керек пе?

05.05.2023, 10:20 292

HALYQLINE.KZ

Қазір Мәжіліс депутаты Анас Баққожаевтың депутаттық сауалы қызу талқылануда. Бірі қоштап, екіншісі қарсы пікір білдіруде. Әр адамның өмірге деген көзқарасы, білген-түйгені әртүрлі. Сондықтан азаматтық қоғамда сан түрлі пікірдің айтылғаны дұрыс. Алайда ақиқатты тану бәрінен де маңызды.

Алдымен блог – не, блогер – кім, соңы анықтап алу маңызды секілді. Қарапайым тілде түсіндірсек, блог – онлайн күнделік, блогер – күнделік жүргізуші. Яғни кәсіби маман өз тәжірибесімен бөлісіп, блогында сериялық жазбалар жазатын адам. Мейлі ол аспазшы болсын, мейлі мұғалім болсын, мейлі спортшы болсын…

Әлеуметтік желіде парақша немесе аккаунт ашқанның бәрін блогер деуге болмайды, дұрысы, «әлеуметтік желінің белсендісі». Осы анықтама дұрыс келеді. Ал енді әлеуметтік желінің белсенділеріне арнап заң шығару қаншалықты керек?

Бізде Конституция бар. Онда сөз бостандығы туралы айқын заң баптары көрсетілген. Адамның ар-намысы мен қадір-қасиетіне тиісіп, моральдық зиян келтірсе, заңмен жауап береді. Міне, әлеуметтік желі белсенділері осыған бағынуы керек.

Енді желіде жергілікті билік пен депутаттарды сынаған жазбалар неге желдей есіп жүр? Біріншіден, билік ашық емес. Ақпарат алу қиын. Ресми ақпарат құралдарын қолбала етіп, халықтың оқығысы, естігісі, көргісі келетін ақпаратты барынша шығартпауға тырысады. Негізі демократия нышаны бар елдерде блоксфера басқа бағытта дамуда.

Осындай олқылықты желінің белсенділері пайдаланып, түрлі тақырыптағы негативті жазбаларды жариялай бастады. Содан билікке қарсы пікір жазғандар «халық қаһарманы» болып шыға келеді. Әлеуметтік желінің бір артықшығы кері байланыс орнатуға, пікір білдіруге мүмкіндік мол.

Яғни қоғамдық пікір тудыруда оңтайлы құралға айналды. Өзін блогер санаған азаматтар осыны тиімді қолданып, билік өкілдерін бопсалау әрекеті орын ала бастады. Бұған биліктің өзі кінәлі! Енді заң шығармақ…

Егер Үкімет ашық болып, керекті ақпараттарды басылымдар мен телеарналар еркін алуға кедергі келтірмесе, блогерсымақтардың көтеретін мәселесін журналистер де дәйектей алады.

Бір есікті жабып, екіншісін ашқанымен пәледен құтылу қиын. Дұрысы, мәселенің салдарымен күреспей, оның алдын алу маңызды. Ол үшін әлеуметтік саясатты жүйелі жүргізіп, халықтың әлеуетін арттыруға мән бергені дұрыс. Болды!

Әлеуметтік желідегі негативті ақпараттармен күресіп, халықтың ой-арманын тұмшылап тастағаннан ешнәрсе ұтпайтынымыз анық. Қазір желіде өзінің тілегін айтып, желін шығарып жүрген адамдар желіге шектеу қойғаннан кейін алаңға шығып, талабын қояды. Бұл – анық!

Нұрлат  БАЙГЕНЖЕ,

журналист.

Астана  қаласы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: