Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аралда дала жұмыстары жандануда

07.04.2020, 11:01 765

HALYQLINE.KZ –| Әні-міне дегенше көктемнің екінші айы да орталанып қалды. Шаруа қамын күйттеген қауым күн райының жылт еткен сәтін ұтырлы пайдаланып қалуда. Қазіргі таңда әлемнің көптеген мемлекеттері сияқты біздің елімізде де коронавируспен күрес басты тақырыпқа айналды. Алайда күнкөрісі ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты жұрт өзге тірліктің бәрін шетке ысырып қоя алмас еді. Арал десе көз алдымызға телегей теңіз, таудай толқын төсінде тербелген қайық, айдынға құрылған аудан шүпірлей төгілген су маржаны балық елестейтіні белгілі. Атакәсібі бойына қанмен дарыған теңіз перзенттері балық аулап, мал өсіруге қоса егіс егуді де жете меңгерген. Алысқа бармай-ақ, Ақбай алқабында өсірілген қауын-қарбыздың тіл үйірген шырын дәмі көпшілікке жақсы мәлім.

Ағымдағы жылы аудан бойынша 192,3 гектар жерге егіс егу межеленген. Оның ішінде картоп, көкөніс, бақша, ескі жоңышқа және жаңа жоңышқа дақылы орналастырылады. Соған орай дақылдар көлеміне сәйкес орналасу сызбасы әзірленіп, облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасы, облыстық «ҚазСуШар» РМК Қызылорда филиалымен, облыстық Арал – Сырдария бассейндік инспекциясымен және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасымен келісіліп, бекітілген.

Теңіз төскейінде егіс жұмыстарын жүргізудің өзіндік ерекшелігі де бар. Мәселен, егісті Ақирек, Жаңақұрылыс ауылдық округтеріндегі жеке және шаруа қожалықтары ексе, қажетті суды «Қазалысушар» өндірістік учаскесінен келісім шарт жасау арқылы алады. Ал Ақирек ауылдық округіндегі егіске қажетті негізгі су Басықара каналынан, Жаңақұрылысқа Қараарықтан жеткізіледі.Сондай-ақ, егіспен шұғылданатын жеке және шаруа қожалықтары дала жұмыстарына қажетті жанар-жағармайды Қазалы, Арал ауданындағы май құю бекеттерінен сатып алады. Арал ауданында дәнді дақылдар күріш, бидай егілмейтіндіктен мемлекет тарапынан жеңілдетілген жанар-жағармайға шаруашылықтардан тапсырыс жоқ.

Егіс егетін ауыл әкімдігіне шаруашылықтар мен жеке тұрғындарға суғару технологиясын (тамшылатып суару, насос орнату, т.б.) жетілдіру мәселелеріне байланысты түсіндірме жұмыстары жүргізіліп тұрады. Облыстың солтүстік бөлігіндегі Арал ауданында көктемде егіс егу, күзде өнім жинау өзге өңірлермен салыстырғанда кеш басталып, кеш аяқталатыны да елеулі қиындық тудырады. Десе де, дала жұмыстарына қатысатын техникалардың дайындығы бөтен емес. Оған қоса су жолдарын тазалау шаралары шаруашылық күшімен жүзеге асқанын атап кетсек.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: