Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арабқұл дегеніміз кімдер?

21.02.2024, 9:00 487

HALYQLINE.KZ

Кейінгі кезде әлеужеліде имамдарды, дін қызметкерлерін, молдаларды арабқұл деп күстаналау жиі көрініс беретін болып жүр. Әрі сондай жауластық, дұшпандық пейілде айтылады. Байқайтыным, көбіне мұндай пікірді діннен алыстау, өзінің дінге қатысын әлі күнге айқындай алмай жүрген дүбара жандар жазатын сияқты.

Жалпы, арабқұл дегеніміз кім? Оның арабқұлеместен қандай айырмашылығы бар? Арабқұл деп айыптаушылардың өз ұстанымдары қандай? Осылардың аражігін қал-қадерімше ажыратып бергім келеді.

Алдыменен ислам мен араб мәдениетін ажыратып алайық. Ислам – тек жалғыз араб халқына емес бүкіл адамзатқа түскен ортақ дін, ортақ құндылық. Айталық, Солтүстік Кореяда 2001 жылы небары 34 мың мұсылман болса, қазір онда мұсылмандар саны 200 мыңнан асты. Жапонияда 2010 жылы 110 мың мұсылман болса, қазір олардың саны 300 мыңға жетті. 1970 жылы Канада елінде мұсылмандар саусақпен санарлық болса, қазір олардың саны 3 млн-ға жуықтады. Үнденезияда 300 млн мұсылман бар. Қазақстанда халықтың 72 пайызы – ата-баба дінінде. Бүгінгі таңда жер бетіндегі халықтың 2 млрд-ы, яғни төрттен бірі – мұсылман. Олар арабқұлдар емес, олар – исламды жан жүрегімен қабылдаған жандар.

Ислам дін ретінде бүкіл әлемді қамтыса, ал араб мәдениеті араб елдерімен ғана шектеледі. Араб лигасына 22 араб мемлекеті мүше болса, олардың өзі араб тілінің 25 диалектісінде сөйлейді. Араб әлемінде 450 млн-дай адам болса, солардың ішінде арабша сөйлейтін 20 млн-дай араб христиандары бар.

Араб мәдениеті дегеніміз – арабтардың тарихи даму барысында қалыптасқан мәдениет. Кейде оған арабтармен қатар орта ғасырлардағы Таяу және Орта Шығыс, Солтүстік Африка мен Оңтүстік Батыс Еуропа халықтарының ислам ықпалымен қалыптасқан мәдениетін де жатқызады. Ерекшелігі олардың бәрі бір тілде – араб тілінде сөйлейді, жазады. Араб тілі орта ғасырларда латын тілі сияқты ғылым тілі болды. Сөйтіп араб мәдениеті ежелгі антикалық ғылым-білімді еуропалық бүгінгі өркениетке ұластырған өзіндік көпірге айналды. Араб халифаты тұсында айтарлықтай өркендеген араб әлемі Османлының 400 жылдық билігі тұсында бұрынғы ықпалынан айырылды, тозғындыққа ұшырады. Арабтардың түріктерді әлі күнге ұнатпайтыны сондықтан.

Араб лигасына мүше 22 мемлекеттің әрқайсысының тарихи тұрғыдан қалыптасқан өз мәдениеті, әдет-ғұрпы бар. Киім киістері де, музыкалық әуестіктері де, отбасылық құндылықтары да бір-біріне ұқсамайды.

Біз Араб түбегінде пайда болған ислам дінін бүкіл адамзатқа түскен дін ретінде ұстанамыз. Ал арабқұл дегеніміз кім сонда? Арабқұл дегеніміз – өз мәдениетін менсінбей арабтардың (саудиттердің) киім киісін, мәдениетін, діни ұстаным қағидаттарын көшіріп алып, қаз қалпында пайдаланушылар. Олар өзінің ұлттық ерекшеліктерінен араб мәдениетін жоғары қойғысы келеді. Араб мәдениетін ислам құндылығымен шатастырады.

Бірақ ол бізге сіңісті бола алмайды. Өйткені арабтың еркектерге арналған дишдаша, кандура деген көйлектері біздің еліміздің климаттық жағдайларына келмейді. Әйелдерін бөтен көзден қызғанудан туған, көзін ғана жылтыратып (никаб), қалған жерін қара киіммен «абая» қымтап алатын саудиттік дәстүр бізге жүрмейді, қазақ әйелдері орамал тағып, кимешек киген.

Бізде көбіне шетелде, әсіресе Сауд Арабиясында оқыған жастар сондағы ресми уахабистік, дәлірек айтқада салафиттік бағытты ұстанып келеді де қазақ өміріне саудия арабтарының әдет-ғұрпын норма ретінде енгізгісі келеді. Міне, арабқұл дегеніміз – сол! «Домбыра харам», «келіннің ата-енесіне сәлем салу -ширк» дейтіндер көбіне солардан тарап жатады. Егер құдіретті болса, домбыраға тиісер бұрын алдымен сол Саудиядағы арабтардың рауап, уд, канун, най, рик, барабан сияқты ұлттық аспаптарын неге жоймайды? Келіннің ата-енесіне сәжде емес, тек сәлем салатынын неге ажыратпайды?

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты діни мекемелер мен мешіттерде қызмет ететін жігіттер мен қыздарды, имамдарды, молдаларды «арабқұл» деу мүлде қисынға келмейді. Өйткені олар ислам дінін ұстанғанымен, араб мәдениетін ұстанбайды! Әйелдерінің бет-аузын қара абайкамен қымтап тастамайды.

Арабқұл деп күстаналаушылардың бойында ең алдымен өз ұлтына деген сүйіспеншілік болғанымен, діни сауаты кемдіктен ислам мен араб мәдениетін ажырата алмайды. Содан шатасады. Біреуге айып тағардан бұрын адам өзінің не айтпағын негіздеп алған дұрыс! Біздер әлхамдулла, мұсылманбыз, бірақ арабқұл емеспіз!

Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),

жазушы-публицист.

Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: