Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақұрылыстықтар ризашылығын білдірді

18.05.2022, 16:15 901

HALYQLINE.KZ

«Ойды ой қозғайды, ойламасаң, сөз қайдан туады?» деген. Кешегі 8-9 мамыр күндері көрші Бекарыстан би ауылындағы Көбек аталығы ұрпақтарының ұйымдастыруымен республика, облыс көлемінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында «Ауылым – алтын бесігім» атты үлкен іс-шара өтті. Негізгі мақсаты – өткенімізді еске алып, ата-бабамызды ұлықтау. Осы мақсатта Көбек атамызға ас беріп, оның елге қалдырған өнегелі, өсиетті сөздері, ел бірлігі туралы әңгімелерін кейінгі ұрпақтары осы күнге дейін жалғап келеді. Ұрпақтар сабақтастығы осы емес пе?! Мұндай іс-шараның өтуі, біріншіден, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болса, екіншіден, алыстағы ағайынның бір-бірімен жат болмай қарым-қатынастары жақсаратыны. Үшіншіден, ұрпағымыздың ата-бабасының кіндік қаны тамған жеріне тәу етіп, бір-бірін көрмеген туыстармен құшақ жая қауышып, бір марқайып, көңілі шаттана бастағанын көрдік. Іс-шараны аудан әкімі Мұхтар Оразбаев ашып, көпке ризашылығын білдіргеннен кейін облыс көлемінен келген жас ақындардың айтысы болып, жыраулар Көбек атамыз туралы жыр жырлап, көрерменнің көңілінен шыға білді. Одан кейін жастар алаңында гала концерт болып, Бекарыстан би ауылының көшесінде аспан аясында ән қалықтап, сырттан келген қонақтар мен ауыл тұрғындарының көңілдері бір көтеріліп қалды. Келесі күні облыстан, әр аудан, ауылдан келген балуандар күресі, гір тасын көтеру, яғни спорттың әр түрінен өнер көрсетіп, сайын далада ат бәйгесі болды.

«Таза ауа – дертке дауа» деген. Таза ауаны сіміре жұтып, ас берушілерге рақметімізді айтып, келген көлігімізбен Жаңақұрылысқа беттедік. Жеңіл көліктен гөрі, көпшілікпен бірге жүрейін, әңгіме ой-пікірлерімен бөлісейін деп автобусқа міндім. Көпшіліктің көңілі көтеріңкі, ой-пікірлері бір жерге тоғысып жатыр. Әсіресе құлағым елең ете қалғаны, автобус ішіндегілер: «Аға, біз ауылдан шыққанда Қазалыға қарайтын 13 шақырым жолдың нашарлығынан қорқып едік. Міне, жолдың тегістеліп, тас төселіп, асфальтталып жатқанын көріп, көңіліміз көтеріліп қалды. Кешеден бері Көбек атамыздың асында көрген-білгенімізді мына тақтайдай болып тегістеліп жатқан жолмен ұштастырып, осындай халыққа игілікті іс жасап, кешеден бері елмен бірге араласып жүрген Қазалы ауданының әкімі Мұхтар Оразбаевқа алғысымыз зор. Оның әрбір талабы оң болып, халықтың алғысына бөлене берсін. Жақсының жақсылығын айту – біздің парызымыз. Ауылына қарап, азаматын таны деген осы емес пе?! Біздің осы тілегімізді халықтың мұң-мұқтажы мен жоғын жоқтайтын «Халық» газеті арқылы білдірсеңіз», – деген тілектерін білдірді.

Көптің тілегін жерде қалдырмай, «әкім бол, халқыңа жақын бол» дегендей, қолыма қалам алып, көзбен көріп, ойға түйгенімді жазып отырмын. Сәл шегініс жасап, оқырман қауымға түсінікті болуы үшін Жаңақұрылыс пен Бекарыстан би аралығындағы 35 шақырым жолдың 13 шақырымы Қазалы ауданының меншігінде екенін айта кетейін. Жүргінші халық осы 13 шақырым жолдан қиыншылық көретін. Ал Арал ауданына қарайтын жол да оңып тұрған жоқ. Оның жыры бір бөлек. Бүгінгі таңда қашықты жақындататын да, жақынды қашықтататын да – жол. Жолың сапалы болса, елдің әлеуметтік тұрмысы жақсара түсетіні белгілі. 1986 жылдан бері жөндеу көрмеген, әбден тозығы жеткен, ойдым-ойдым шұқыр болып қалған жолдан жолаушылар да мезі болған.

Міне, осындай жайттан зәрезап болған халық бүгін сол жолдың, жоғарыда айтқандай Қазалы ауданына қарасты 13 шақырым жолдың жөнделіп жатқанын көріп, «бұл жолмен жалғыз Жаңақұрылыс халқы емес, Қаратерең, Тастақ, Қарашалаң, Көкарал бөгеті арқылы Ақбасты, Беларан ауылына дейін баратын жолаушылар және Арал теңізінен балық аулайтын облыс көлеміндегі, тіпті басқа өңірлердегі балықшы кәсіпкерлер жүреді. Бұл бір берекелі іс болған екен» деп риза болысты.

Сердалы  Шалбаев,

Жаңақұрылыс  ауылдық  ардагерлер  кеңесінің  төрағасы,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: