Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зейнетақы жүйесі шетел тәжірибесінде

01.05.2025, 8:40 62

Әлем  елдері  зейнет жасына жеткен  азаматтарына қандай өмір ұсына алады? Бұл сұрақ бүгінде тек әлеуметтік емес, стратегиялық маңызға ие мәселеге айналды. Бірі қартаю демографиясымен күрессе, бірі болашақ ұрпақтың ауыртпалығын азайтудың жолын іздеуде. Жаһандық тәжірибе көрсеткендей, зейнетақы жүйесі – мемлекеттің дамуы мен халықтың сенім деңгейін айқындайтын басты көрсеткіштердің бірі.

Қаржылық тұрақтылық пен әділетті үлесті қалай сақтап қалуға болады? Бұл сұраққа жауап іздеу үшін біз әлемнің түрлі еліндегі зейнетақы модельдерін салыстырып, олардың мықты және әлсіз тұстарын саралап көреміз. Сонымен бірге, Қазақстанның қазіргі жүйесіне көз жүгіртіп, болашаққа қандай  бағыт  ұстану  керектігін  талдаймыз.

Әр елдің зейнетақы жүйесі бірдей қалыптаса қойған жоқ. Бұған ең алдымен экономикалық даму деңгейі, демог­рафиялық жағдай және әлеуметтік саясаттағы айыр­машылықтар әсер етеді. Сондай-ақ, мемлекеттің табыс құрылымы мен халықтың еңбекке қабілетті бөлігіне жүк­темесі де зейнетақы моделін айқындайтынын ескерген жөн. Сонымен бірге, әр қоғамның тарихи жолы, қаржылық мәдениеті мен заңнамалық тұрақтылығы да жүйе қалып­тасуында  шешуші  рөл  атқарады.

Бүгінгі  таңда  әлем  елдері өздерінің мүмкіндігіне, халық­тың  сұранысына және экономикалық реализмге сай түрлі  шешім ұстанып отыр. Енді осы жүйелердің ерек­шелік­теріне  тереңірек  үңіліп  көрейік.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, зейнетақы жүйесі әр жерде әрқалай жұмыс істейді. Экономикасы қуатты елдер халықтың қартайған  шағындағы  әл-ауқатын  ойласа,  кейбір  мемлекет  әлі  де  жүйені  тұрақтандыру  жолында.

Мәселен, Еуропадағы ең озық үлгілердің бірі – Германияда. Олай деуге себеп, бұл елде мемлекеттік зейнетақы жүйесі жұмыс істейтін азаматтардың табысынан ауда­ры­латын міндетті жарналар есебінен қаржыландырылады екен. Германияда ресми зейнеткерлік жас – 67 жас, алайда  халықтың  өмір  сүру  ұзақтығы  жоғары  болғандықтан, бола­шақта  бұл  көрсеткіш тағы  ұлғаюы мүмкін дейді сарап­шылар. Мұнда зейнетақы төлемдері салыстырмалы түрде жоғары, бірақ жүйенің ұзақмерзімді тұрақтылығы үшін  рефор­ма  қажеттігі  жиі  айтылады.

Азия құрлығына көз жүгіртсек, Жапония ерекше назар аударады. Әлемдегі ең қарт ел саналатын бұл мемлекетте халық­тың төрттен бірі 65 жастан асқан. Сондықтан зейнет­ке шығу жасы 65-ке дейін біртіндеп ұзартылған. Жапонияда мемлекеттік базалық зейнетақыға қоса қосымша жинақ­таушы бағдарламалар белсенді дамыған. Алайда халықтың қартаюы мен еңбекке қабілетті тұрғындар санының азаюы жүйеге  едәуір  салмақ  түсіріп  отыр.

Солтүстік Америкадан АҚШ-ты алсақ, бұл елде зейнетақы жүйесі көпқабатты құрылымға ие. Азаматтар федералды деңгейдегі әлеуметтік қамсыздандыру бағдарламасына (Social Security) қатысады, сондай-ақ жеке зейнетақы қорларына (401(k) сияқты) ақша жинай алады. АҚШ-та зейнетке шығу жасы ресми түрде 67 жасқа көтерілген. Бұл жүйенің ерекшелігі – мемлекет пен жеке бастаманың үйлесуі: әр азамат өзінің болашағы  үшін  өзі  де  жауапты.

Оңтүстік Америкада Чили тәжірибесі қызық. Бұл ел 80-жыл­дары әлемде бірінші болып толықтай жинақтаушы зейнетақы жүйесіне көшкен еді. Яғни әр азамат өз шотына міндетті жарна аударып, зейнет жасында сол жинаған қаражатын пайдаланады. Бүгінде бұл жүйенің тиімділігі туралы пікір әртүрлі. Бір жағынан, жекеменшік шоттардың болуы еркіндік береді, екінші жағынан, табысы төмен адамдар үшін жеткілікті  жинақ  жасау  қиынға  соғады.

Африка құрлығында Оңтүстік Африка Республикасы мысал бола алады. Мұнда  мемлекеттік зейнетақы қоры ең аз табыс табатын аза­маттарға арналған әлеуметтік көмек қызметін атқарады. Ресми зей­нет­керлік жас – 60 жас. Алайда елдегі  әлеуметтік теңсіздік пен экономикалық қиындықтар  зейнетақы  жүйесін толыққанды әрі тұрақты етуге кедергі  келтіруде.

Бір  қызығы,  әлемде ең мол зейнетақы алатын елдер қатарына Нидер­ланд пен Дания кіреді. Бұл мемлекеттерде мемлекеттік қолдау мен жеке жинақтау жүйесі тиімді үйлескен. Нидерландта, мысалы, база­лық  мемлекеттік  зейнетақыға  қоса, әркім жұмыс берушілер арқылы қосымша жинақ жасайды. Бұл комбинация халықтың зейнет жасындағы  өмір  сапасын  жоғары  деңгейде  ұстап  тұруға  мүмкіндік береді екен.

Ал бізде зейнетақы жүйесінің өзіндік ерекшелігі бар. Қазақстанда азаматтар ай сайын табысының 10 пайызын Бірыңғай жинақтаушы зейнет­ақы қорына (БЖЗҚ) аударады. Яғни әр адам өз болашағы үшін өзі ақша жинайды. Мемлекет тарапынан базалық және ортақ зейнет­ақы төлемдері де қарастырылған. Бірақ  негізгі салмақ  азаматтың өз жинағы­на түседі. Бұл жүйе шетелдік үлгілерден осымен ерекшеленеді. Мысалы, кей елде зейнетақыны толық мемлекет төлесе, бізде әркім өз  еңбегінің  жемісіне  көбірек  сүйенеді.

Әлем елдерінің тәжірибесі көрсеткендей, зейнетақы жүйесінің табыс­ты жұмыс істеуі экономикалық әлеуетке, әлеуметтік саясаттың сапасына және халықтың белсенділігімен тығыз байланыста. Германия, Нидерланд, Дания  секілді елдерде мемлекет пен жеке бастаманың тиімді үйлесімі халықтың қартайған шағында жайлы өмір сүруіне мүмкін­дік берсе, Жапония мен Чили мысалдары жүйенің үнемі жаңарып, заман  талабына сай  бейімделуі  қажет  екенін  көрсетеді.

Қазақстан үшін бұл тәжірибелерден шығарылатын негізгі сабақ – тұрақты экономикалық даму мен әділетті әлеуметтік саясатқа негізделген аралас модельді жетілдіру. Зейнетақы жүйесін реформалау кезінде халықтың әл-ауқатын басты орынға қойып, ұзақмерзімді қаржылық тұрақтылық пен әр азаматтың болашақ алдындағы жауапкершілігін үйлест­іру  маңызға  ие.

А.ЖАЙШЫЛЫҚ

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: