Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі Арал ауданында жеке қабылдау өткізді

01.11.2023, 8:20 116

HALYQLINE.KZ

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Мемлекет басшысының «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлығына сәйкес Арал ауданының тұрғындарын жеке қабылдады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Аудандық Оқушылар үйінде өткен жеке қабылдауға облыстық сот төрағасынан бастап барлық құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Ашықтық қағидасына негізделген қабылдауда жалпы саны 70-тен астам азаматтың өтініші қаралды. Облыс әкімі екі сағатқа жуық уақытта барлық азаматтың өтінішін, ұсыныс-пікірін тыңдады. Жергілікті азаматтар тұрғын үй алу, жұмысқа орналасу, жеке бизнес бастау және кәсібін кеңейту, аяқ су, қоғамдық көлік мәселелерін көтерді.

Аймақ басшысы барлық сауал сала мамандарымен бірге мұқият зерделеніп, заңдылығына қарай шешім қабылданатынын жеткізді. Жауапты басқарма басшыларына нақты тапсырма берді.

«Өзім көпбалалы анамын. 4 жастағы қызым туғалы бері ДЦП ауруымен ауырады. Қызымның денсаулығына қатысты мәселемен аймақ басшысының қабылдауына жазылдым. Бүгінде ауданымызда арнаулы орталық болмаған соң, Қызылорда қаласына қайта-қайта қатынау бізге қиындық тудырып отыр. Сол себепті екі ауданға ортақ мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған оңалту орталығын Арал қаласынан салып беру туралы өтнішімді жеткіздім. Міне, бүгінгі кездесуде облыс әкімі Нұрлыбек Машбекұлы орталықты келесі жылы ашуды қолға алатынын айтып қуантты. Түйткілді мәселемнің шешілуіне қолдау көрсеткен аймақ басшысына шынайы алғысымды білдіремін»,- дейді қабылдауға келген аудан тұрғыны Гүлмира Бәйменова.

Айта кетейік, бұған дейін аймақ басшысының тапсырмасымен облыс әкімінің орынбасарлары мен құқық қорғау органдары басшыларының орынбасарлары әр ауданда бір күн бойы жеке қабылдаулар өткізді. Тұрғындардың мәселелері қаралып, реттілігіне қарай шешімін тапты.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: