Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Иммунитеті жоқ жастардан қалауыңша «діни радикал да, қызтеке де» оп-оңай жасай беруге болады

09.05.2020, 11:15 1321

«Иммунитет» деген медицина термині баршамызға таныс шығар? Яғни, адам ағзасындағы түрлі дертпен күресетін күш немесе ағзадағы гомеостазды (тепе-теңдік, баланс) реттеп отырушы механизм.

Адам туғанда бұл механизм бірге туады. Бірақ бұл механизм кейбір күші мықты дерттерге төтеп бере алмайды екен. Ал, ондай дерттермен күресу үшін докторлар вакцинация жасап, жас нәрестені болашақта шалдығатын қызылша, гепатит, ветрянка деген секілді дерттердің түрімен табиғи иммунитеттің әлі жететіндей етіп жеңіл формасымен әдейіге ауырдыртады. Ол кезде баланың дене қызуы көтеріліп, мазасы қашады. Ары кетсе 1-2 күнде тез жазылып шығады. Осы процесті баланың ағзасы есте сақтап алады, кейін өскенде жаңағы дерт ағзасына жабысқанда еш әсер ете алмайды. Себебі кішкентайында ауырып қойған. Егер вакцина салынбай, өскенде жаңағы дертке шалдығатын болса онда иммунитет инфекциямен күресе алмай, адам өліп кетуі әбден мүмкін. Сол себепті те вакцинация біз үшін өте маңызды.

Бұл, айтып отырғанымыз – адамның биологиялық денесінің қамы үшін жасалатын шаралар.

Рухани қабаты да тура осылай назарға алынып, реттеліп отырмаса өмір жолында түрлі бәлеге ұшырап, өмірі қайда, өзі қайда қалғанын білмей, тұқымы тұздай құрып кетуі ғажап емес. Сол үшін де жас баланы ата-ана кішкентайынан аялап-мәпелеп, ертегі-қисса, жыр-дастандар секілді түрлі, жанға мейірім ұялататын құндылықтарды айтып, тәрбиесін беріп отырады. Расында да бұндай тәрбие көріп, өскен бала ізетті, ержүрек, батыл боп өседі. Бірақ, бұнымен іс біте қоймайды. Себебі ата-анадан берілетін бұндай тәрбие – жоғарыда айтқан адам туғанда бірге туатын табиғи иммунитетпен ісепттес. Әлі, гепатит, ветрянка инфекциялары секілді түрлі рухани проблемалар кездеседі. Оған төтеп беретін рухани иммунитет тағы керек. Неге десең, өткен шаққа үңіліп қарайық. Неткен алғыр, жастайынан батырлар жырын, аңыз-әпсана, Абай, Шәкәрімнің өлеңін жатқа соғатын, бүкіл қазақ жазушыларының роман-поэмаларын, әлем философиясын оқып, түбін түсірген қаншама азаматтар өмір жолында соқыр дінге ұрынып кетті. Дінге ұрынбағаны мемлекеттің қазынасына қол сұғып, жемқор атанып, абақтыдан бірақ шықты. Одан аман қалғандары елді аралап ақыл айтып, пұл тауып дегендей… Біреуі шетел асып, ол жақтан жиған-терген білімін пайдаланып, тығырыққа тірелген еліне жөн сілтеудің орына «бұндай елдің атасы нәлеті» деп елінен кетіп қалды. Енді бірі «өзімді іздеп жүрмін» деп түрлі мотивациалық тренингтерге қатысып, солардың берген тапсырмасын орындаймыз деп көше кезіп, қалтасы толы ақша болса да қайыр тілеп, қаңғыбас атанып кетті. «Неге олай жүрсің?» десең «нәпсіммен күресіп жүрмін» деп сол жүрісін мақтан тұтып «мазохист» боп кетті. Біреулері рационализмге ұрынды. Құдайдың берген асыл дінінің адамды кемелдікке жеткізетін тыйымдарына рационалды талдау жасап, «енді, ондай тыйымды ұстанбай-ақ өмір сүруге болады ғой, салыстырмалы түрде жай ғана айтып кеткен ғой» деп түрлі аргументтерді айтып, бойындағы «шахуатын» ақтап алды.

Айта берсе бұндай проблемаларға ұрынғандар өте көп.

Енді, назарды мына сұраққа қаратайық.

Сонда қалай, жастайынан беріліп келген тәлім-тәрбиенің пайдасы тимей, еш кеткені ме? Бұлар неге ондай күйге түсті? Біз де қазір балаларымызға қисса, жыр жаттатып әбігерге түсіп жатырмыз. Сонда балама берген тәрбием өскенде жоғарыдағыдай проблемалардан аман алып қалмаса, онда оның не керегі бар? Бұны қалай түсіндіреміз? Бұндай инфекциялармен қарсы күресетін иммунитетті қайдан аламыз? Әлде, пандетерминист діншілдерше «пешенесіне жазылған тағдыр ғой, не жазылса соны көреді» деп жылы жауып қоя саламыз ба? Жоқ. Олай етпейміз. Бұл жерде де жоғарыда айтқандай «рухани вакцинация» керек. Енді осы түйінді шешіп көрейік.

Иә, балаға кішкентайынан кітап көп оқытқан дұрыс. Себебі, білімді мыңды жығады. Бірақ, сонымен қоса бала өскенде жоғарыдағыдай өмірде өзін жоғалтып алмас үшін, оқитын кітаптарын екіге бөлеміз.

Ол – экзистенциалық және аналитикалық. Бар мәселе осында.

#Экзистенциялық кітаптар қандай қызмет атқарады? Ол – адамның қатқан жүрегін жібітеді. Жүрегіне мейірім, адамгершілік, батылдық, қайсарлық, ақжүректік т.с.с. адамның адами қасиеттерін оятады. Бұған қисса, ертегі, аңыз-әңгімелер жатады.

#Аналитикалық кітаптар қандай қызмет атқарады? Ол – қоғамдағы барлық салаларды қатаң талдаудан өткізіп, бозбала мен бойжеткенді профешинал өмірде кездесетін алуан түрлі салалардың қайсысы дұрыс, қайсысы бұрыс екенін анықтап беріп, қателесуіне жол бермейтін қызмет атқарады.

Мысалға дінді алайық. Егемендік алған жылдан бері Қазақстанға түрлі діни ағымдар келді. Діннен хабары жоқ жас өркен діннің көкесі осы екен деп жаппай ұрынды, әлі де ұрынып жатыр. Арада 30 жыл өткесін, жаңағы дінге ұрынған догматиктердің кесірінен туындаған проблемаларды шешеміз деп үкімет дінді енді қатаң назарға алып, сараптама жасай бастады.

Дінді зерттеп жүрген адамға соқыр діннің әңгімесін айтсаң, «кет ары» дейді. Себебі дұрыс-бұрысын біліп тұр. Сол секілді қарапайым адам, қоғамда шалыс баспасы үшін дінді зерттеп жүрген адамның білімінен хабардар болуы тиіс. Барлығы болмаса да, ең қарапайым деген білімін біліп отыру керек.

Енді сұрақты былай қоямыз. Қазақстанда бұндай экзистенциялық және аналитикалық кітаптар бар ма? Бар болса қайсы?

Қазақ дүниетанымына сай экзистенцияық кітаптар совет үкіметінде жойылып кеткені бәріне аян. Ал қазір «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры ондай кітаптарды қайта жаңғыртып, халық арасына таратып жіберді, әлі де таратып жатыр. Оның ішінде анау-мынау емес, сонау 1-2 ғасыр бұрын қазақтар қолданған оригинал құндылықтар. Былайша айтқанда қазақтардың экзистенциялық проблемалары шешіліп қойған, бәріміз ақжүрек, аңқылдақ, мейірім төгіп, ізет білдіріп тұрамыз. Ал, өмірде әрбір бәлеге ұрынып, бағыт-бағдардан адасып жатырмыз. Осының бәрі аналитикалық кітаптардың жоқтығынан. Себебі ондай кітаптарды жазатын институттар жұмыс істеп жатқан жоқ, істеп жатса да кітаптарын халыққа насихаттай алмай жатыр.

Оның салдары; сауаты жоқ адамдар психология, саяси манипуляция, отбасы мәселесі, мамандық таңдау, суицид т.с.с. түрлі проблемаларға жаппай ұрынып жатыр; енді, бұндай иммунитеті жоқ жастардан қалауыңша «діни радикал да, қызтеке де» оп-оңай жасай беруге болады. Осының алдын алу үшін бізде аналитикалық кітаптар көп жазылып, халыққа жаппай таралу керек. Я болмаса, сауат ашар жастар клубы әр университеттерде ашылып, мамандар лекция оқып отыру керек.

Қазір психология, бизнес, тұлға болу сынды кітаптар көп шығып жатыр. Бірақ оған тура бағасын беретін адамдар кемде-кем. Ал, ішіндегі жазылған пікірлерді оқысаң «жыл кітабы, бәленше миллион тиражбен сатылған» деген сыңайлы жақсы пікірлер жазылған. Бірақ, авторына қарасаң өмірде мән таппай, тентіреп кеткен, я шарлатандықпен әлі айналысып жүр. Аналитикадан сауаты таяз халық оны өміріне қаншалықты маңызды екенін білмесе де, сіміріп жатыр. Соқыр тауыққа бәрі бидай.

Енді, бұл тақырыпты қозғаған соң жоғарыда атап өткен «өзімізді іздейміз» деп жоғалтып алған субъекттерге шамамыз келгенше анализ жасап көрейік.

Қазір кез келген діни догматикке барып, «неге бүйтіп жүрсің» десең, «анау айтты, ол сондай білімді ұстаз, шетелде оқыған, сондықтан оған сенуге болады» деп айтқанынан қайтпайды. Бұндай проблема бұрындары да болған. Соған орай Шәкәрім атамыз:

Әулие, білгіш айтты, – деп

Жазылған талай қате көп.

Уланба ондай уды жеп,

Шатаққа сатпа шынымды.- деп айтып кеткен.

Кім айтса да және айтылған сөзі қанша жерден Құдай, жүрегіңді елжіретіп бара жатса да сау ақылмен талдау жасамай шешім қабылдау өте қауіпті.

Ал, «өзін танып, нәпсісімен күресушілерге» мынадай теорияны ұсынамыз.

Адам өзін танығанда қоғамнан оқшауланып, том-том кітаптарды оқып, я болмаса қолдан жасап алған қиындықтармен күресіп танымайды.

Мысалға, темірдің қаншалықты мықты екенін білу үшін алдымен ол темірмен бір затты ұрады. Сол кезде темірдің қандай мықты екені білінеді. Сол секілді адам да өзін қандай екенін танып-білу үшін бірдеңемен шағылысу керек. Ол үшін қоғамдағы маңызды бір міндетті арқалап, қадам басқан кезде бойындағы түрлі қырлары өзінен атылып шыға келеді. Мысалға олар: кедейліктен қорқу, қызғаншақтық, көреалмастық, іштарлық, сабырсыз, жалқаулық деген секілді жағымсыз қырлары. Міне, осы жағымсыз қырларын жоямын деп үйіне келеді де соған байланысты кітаптарды ақтарып, қалай күресу керектігін біліп алады да жаман пиғылдарын жөнге келтіреді. Бұл тәсілдің тағы бір жақсы жері – адамға қандай кітап оқу керектігін анықтап береді. Ал, жылына пәленше кітап оқимын деп, адам боп қалыптасуына еш қатысы жоқ кітаптарды оқи бергеннен пайда жоқ.

Сөйтіп, мінезін жөнге келтірген азамат қоғамға қайта оралып, міндетін атқарып кете береді. Былайша айтқанда адам бір модель жасай отырып, өзі де бір модельге айналады. Бұны Ф.Ницше айтып отыр: «Адам маңызды іспен шұғылданғанда, өзі де маңызды тұлғаға айналады». Өзін іздеп, түрлі субмәдениетті үстіне жағып, маңызды емес іспен айналысқан адамдар осылайша қоғамда субъект болып кете береді. Ақыры, «шарлатан мотивационщиктерге» жем боп жүреді. Ал, Франклше айтар болсақ: Адам өмірге өзіне үңіліп, өзін тану үшін келмейді, керісінше айналасындағы іске аспай жатқан мәндерді жүзеге асыру үшін келеді, – дейді. Бұны мысалмен былай түсіндіреміз:

Ауылдағы бір отбасын алайық. Бес баласы бар. Күйеуі ішкіш, жұмыс істемейді. Ішіп алса қатын-бала-шағасын сабайды. Енді осы жерде әйеліне құрбылары, төркіні бәрі жан-жақтан «күйеуіңді таста, онымен өмір сүруге мән жоқ» деп айтып жатыр. Расында да ішкіш күйеуімен бірге тұрудың мәні жоқ. Бірақ, келіншек соның барлығына балалары үшін шыдап, қанша ішкіш болса да балаларына әкесінің абыройын түсіртпей, көтермелеп отырады. Арада уақыт өтіп, балалары ер жетеді. Олар да әке-шешесін көріп, тәрбиелі боп өсіп, үйлі-баранды болады. Арада дүниеге немере келеді. Жаңағы ішкіш әке немересін қатты жақсы көріп, соңында арағын қояды. Сөйтіп, бақытты отбасы боп өмірлерін жалғастырып кетеді. Былайша айтқанда барлығына шыдаған келіншек іске аспай тұрған мәнді жүзеге асырып өз отбасына мән бітіреді.

Ал, қазіргі қоғамға мән бітіріп жүрген нақты тұлғаларды мысал келтіретін болсақ, мен білетін: Сәуле Әбілдаханқызы, Санжар Керімбай, Абзал Құспан аға-әпкелеріміз. Олар, қоғамдық іспен айналысқасын да субъект ішінде объектке айналды. Франклдың теориясы адамды осындай кемелдікке жетелейді.

Міне, өзін іздеген адам осындай істермен таниды. Ал, қарын тоқ, қайғы жоқ кезде қаңғыбастың кейпіне түсіп, өзімді танып жатырмын деу – жау жоқта семсерін сермеген «көтек батырды» еске салып, күлкіні еріксіз оятататын қылық.

Ал, «өміріңді өзгертіп беремін», «ұрпағыңды тәрбиелеп беремін» деп жұрттың аңқаулығын пайдаланып, түрлі тренингтер жүргізіп, нәпақа тауып жүргендер мына нәрсені ескере кеткені жөн.

Мотивация беретіндердің қоғамдағы миссиясы өте жақсы. Ол – халықтың санасын көтеру. Бұл жағымен келісеміз. Инстаграм желісінен күні-түні халықты аузына қаратып, әңгіме айтқанда түбін түсіреді. Бірақ, өкінішке қарай айтқан әңгімелері бір-біріне қайшы. Соған қарамастан ел дұрыс-бұрысын білмей, қымбат болса да пәленбай сома төлеп, қатысып жатыр.

Тренингтерде пайғамбарымызды мысал келтіріп айтқанда майын тамызады, бірақ одан үлгі алып, ісін де істеу керек шығар? Себебі, пайғамбарымыз алғаш дінді әкелгенде «Ей, халайық. Кәне, маған ақша төлеңдер, мен сендерге сауаттарыңды ашып беремін» деген жоқ шығар? Керісінше ел оны қудалады емес пе? Неге сондай жолмен сауат ашпасқа? Себебі, кезінде біз оқуға түсерде әке-шешеміз «балам, біз соңғы малымызды сатсақ та сені оқытамыз, сен біздің суатымызды аш, елді дамыт» деп жіберген еді ғой. Неге, соншама жыл жиған білімді ақша табудың көзіне айналдырып алдыңыздар?

Сіздер мені бұным үшін «қатты кетті» деп сөкпеңіздер. Мен қатты кеткен жоқпын, сіздер қатты «қуып» кеттіңіздер.

Әлбетте кім не істесе де, немен айналысса да өзі біледі. Онда менің шаруам болмауы керек. Тек, ел алдында жүрген сіздер үшін аяқтарыңызды аңдап басу өте маңызды. Себебі сіздерге ел қарап тұр. Оны да мен емес, ағылшын ойшылы Френсис Бекон айтып кеткен: «Атеизм деген – жұқа қабат мұз секілді. Оның үстімен бір адам аман өтіп кетуі мүмкін, бірақ артынан ерген жұрт құрдымға кетіп құриды». Сіздер адассаңыздар, ел де адасады.

Міне, бары осы. Балаңыз өмірде оң-солынан адаспас үшін өзіңіз үйде экзистенциялық кітаптармен қатар аналитикалық кітаптарды беріп, сауатын ашып отыруыңыз ләзім.

Амангелді  Мейрамбекұлы,

психолог

Пікірлер:
  • Психлог екен ғой, 😁 бәсе…. мен бала кезден ауылда қазақи тәрбиеде ержеттім сонда діншыл болма емес, бірАлла деп құрай бұирса дем тәлім тарбиеде ержеттік,,, хақ құдаиды танымаған адамға психлог керек деген шын екен ғой😃

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: