Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ауылдағы ағайынның ахуалымен танысты

16.02.2024, 8:55 170

HALYQLINE.KZ

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев ауданға қарасты Жіңішкеқұм, Қарақұм ауылдық округтерінде болып, жергілікті халықпен жүздесті, деп хабарлайды баспасөз қызметі.

Аудан басшысының сапары Жіңішкеқұм ауылдық округінде басталды. Округте қазіргі таңда қайта салынып жатқан №248 орта мектебі мен ауылдық округ әкімі ғимараты және елді мекендегі халыққа үздіксіз қызмет көрсетіп отырған дәрігерлік амбулаторияның бүгінгі жайымен танысты.

Іссапар барысында аудан әкімінің ауыл тұрғындарымен кездесуі ауылдық клуб ғимаратында өтті. Мұнда аудан әкімі биылға жоспарланған жобалар мен міндеттерге тоқталып, өңірдегі жаңа бастамаларды баяндады.

«Аймақта, өңірде істелініп жатқан жұмыстарды өздеріңіз жақсы білесіздер. Соңғы екі жылдың көлемінде облыстың бюджеті екі есеге өсті. Дәл осындай даму динамикасы ауданда да қалыптасып отыр. Өткен жылы 24 млрд теңгеден аса инвестиция тартылды. Осы жылдың даму бюджеті 12 млрд теңгеге жуықтап отыр. Аудан орталығында үлкен жоба жүзеге асып жатыр. Қаланы екі бетін жалғайтын теміржол үстінен өтетін көпір құрылысы бүгінде қарқынды жүруде. Өткен жылы Тастүбек пен Жалғызағым елді мекендерінде медициналық бекет пайдалануға берілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Қызылжар мен Бөген ауылдарында заманауи үлгідегі амбулатория бой көтерсе, дәл осындай денсаулық нысанының құрылысы биыл осы ауылдан да басталатын болады», – деді аудан әкімі.

Ауыл халқы аудан басшысына өздерін толғандырған ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, алдағы жұмыстарға сәттілік тіледі.

Халықпен жүздесу одан әрі Қарақұм ауылдық округінде жалғасты.

Алдымен аудан әкімі Абай елді мекеніндегі «Шаттық» мемлекеттік балабақшасындағы балғын бүлдіршіндермен кездесті. Одан соң, ауылдағы дәрігерлік амбулатория мен клуб нысанын аралады.

Жергілікті тұрғындармен өткен басқосуда Аманжол Сақыпұлы өңірде қордаланған мәселелердің кезең-кезеңімен шешілетінін және елді мекендердің инфрақұрылымдық жағдайларын жақсарту мақсатында жүргізілетін жұмыстарды жеделдету үшін тиісті шараларды қолға алатынын айтты.

Кездесуден соң, аудан басшысы тұрғындарды жекелеген мәселелері бойынша қабылдады.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: