Шиелі ауданының әкімі Айтбай Жандарбеков тиісті сала басшыларымен бірге аудан орталығында жүргізіліп жатқан жолдарды қайта жаңғырту жұмыстары барысымен танысты, деп жазады баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта Шиелі кентіндегі Яссауи, Бәкіров, Есабыз және Байтұрсынов көшелерінің қиылысынан Шиелі кентіндегі К-4 каналы көпіріне дейінгі автомобиль жолдарын қайта жаңғырту мен жаяу жүргіншілер жолдарын салу жобалары жүзеге асырылуда.
Жобаның жалпы құны 1 млрд 520 млн теңгені құрайды. Жаңғыртылатын автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 4,04 шақырым. Жобаның бас мердігері – «УАД» ЖШС, техникалық қадағалаушысы – «СК Энерго-OIL» ЖШС, ал авторлық қадағалаушы мекеме – «СпецМонтажСтрой LTD» ЖШС.
Айта кету керек, жоба аясында Яссауи көшесі төрт жолақты болып қайта жаңғыртылады.
Сонымен қатар, жоба толық аяқталғаннан кейін аталған көшелер заманауи талаптарға сай жаңартылып, жолдың жүріс бөлігі абаттандырылады, жол бойына заманауи аялдамалар орнатылатын болады. Сондай-ақ, жол белгілері, жол таңбалары және көше жарықтандыру шамдары толықтай жаңартылады.
Жұмыс барысымен танысқан аудан әкімі мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарының сапасын қатаң бақылауда ұстап, белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде нақты тапсырмалар берді.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!