Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ардагерлер қала өзгерісінің куәсі болды

05.10.2026, 12:00 37

HALYQLINE.KZ

Қаланың бүгінгі келбеті – оның ертеңге жасаған қадамының көрінісі. Кешегі еңбегімен шаһардың іргесін бекіткен аға буын үшін Сыр елінің бүгінгі өзгерісі де, келешекке бағыт алған жаңа жобалары да айрықша мәнге ие. Халықаралық қарттар күні қарсаңында қаладағы ірі құрылыс нысандары мен абаттандырылған аумақтарды аралаған ардагерлер Қызылорданың жаңарған тынысымен танысып, ел игілігіне бағытталған жұмыстардың нәтижесін көзбен көрді.

Халықаралық қарттар күніне орай қала әкімдігінің және қалалық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен өткен сапардың алғашқы аялдамасы шаһардың спорттық әлеуетін арттыруға бағытталған ірі жобалардың бірі – «Қызылорда арена» спорт кешенінен басталды. Құрылыс алаңында ардагерлер нысанның жобалық ерекшеліктерімен танысып, мұнда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын бағамдады.

Заманауи спорт кешенінде халықаралық талаптарға сай 50 метрлік бассейн, футзал, баскетбол және волейбол залдары, сондай-ақ конференция залы қарастырылған. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін ұлттық құрамалардың оқу-жаттығу жиындарын өткізуге, Азия және әлем чемпионаттары секілді халықаралық деңгейдегі жарыстарды ұйымдастыруға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, кешен мәдени-көпшілік іс-шаралар өтетін маңызды орындардың біріне айналмақ.

Құрылыс барысымен танысқан ардагерлер спорт нысандарының көбеюі жас ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастырып, бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беретінін атап өтті.

– Қала әкімінің бастамасымен бүгінгі күні мерекеге орай  қаламыздың  көркейген нысандарын аралап жатырмыз, бұл – біз үшін үлкен құрмет. Қызылорданың бүгінгі өзгерісіне қарап, көңіл қуанады. Бұрын бұл аумақтарда мұндай ауқымды нысандар болады деп ойлау қиын еді. Қазір қаланың әр бөлігінде ел игілігіне қызмет ететін жаңа ғимараттар бой көтеріп, тұрғындарға қолайлы орта қалыптасып келеді. Әсіресе, балалар мен жастардың спортпен айналысуына мүмкіндік беретін осындай кешендердің салынуы – болашаққа жасалған маңызды қадам. Біз аға буын ретінде мұндай игі бастамалардың жүзеге асып, қаламыздың көркейе түскенін қалаймыз. Жастарға жасалған жағдай – елдің ертеңіне жасалған инвестиция, — дейді Белкөл кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сартай Қайруллаев.

«Қызылорда арена» спорт кешенінен кейін ардагерлер Президент саябағы маңында салынып жатқан көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. Мұнда 9 қабатты 15 тұрғын үй бой көтеріп, жоба аясында 945 пәтер пайдалануға берілмек. Тұрғын үй құрылысы мұнымен шектелмейді. Президент саябағына қарама-қарсы орналасқан «Еңбек» саяжайы аумағында да жаңа шағынауданның негізі қалануда. Мұнда 9 қабатты 22 көппәтерлі үй салынып, барлығы 1936 пәтер пайдалануға беріледі. Қазірдің өзінде құрылыс жұмыстары қызу жүріп жатыр. Алдағы уақытта бұл аумақтар қаланың жаңа тұрғын аудандарына айналып, шаһардың сәулеттік келбетіне өзіндік реңк бермек.

Тұрғын үй мәселесі – елдің әлеуметтік ахуалымен тікелей сабақтас мәселе. Осы ретте, Қызылордада баспанаға мұқтаж азаматтарды тұрғын үймен қамту бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Биыл бюджет қаражаты есебінен жаңа пәтерлер сатып алынып, ипотекалық бағдарламаларға қатысушылар мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға баспана ғып беру көзделген. Жаңа үйлердің құрылысын көрген ардагерлер қаладағы тұрғын үй құрылысының қарқын алуын оң бағалады. Олардың айтуынша, жаңа баспаналардың бой көтеруі – тұрғындардың өмір сүруіне қолайлы жағдай қалыптастырудың маңызды көрсеткіші.

Сапар барысында ардагерлер Ботаникалық баққа да ат басын бұрды. Қаланың қақ ортасында бой түзеген бұл нысан табиғат пен заманауи инженерлік шешімдерді ұштастырған ерекше орындардың біріне айналып келеді. Мұнда тропикалық және субтропикалық аймақтарға тән өсімдіктердің бірнеше түрі өсірілуде. Веерлі пальма, Канар құрмасы, кактус пен алоэ, вашингтония пальмасы, стрелиция, жакаранда, алып юкка, мақта ағашы, бамбук, кариота сынды өсімдіктер бақтың өзіндік көркін айқындай түседі. Сирек өсімдіктердің жергілікті климатқа бейімделіп, жыл он екі ай бойы сақталуы үшін мұнда микроклиматты автоматты басқару және заманауи суару жүйелері қарастырылған. Бақтың тыныс-тіршілігімен танысқан қариялар қаладағы көгалдандыру жұмыстарының маңызына тоқталды. Табиғи ортаны сақтауға бағытталған мұндай жобалар қаланың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ботаникалық бақ қала қонақтарын қызықтыратын туристік нысандардың қатарын толықтыра алады.

– Қалалық ардагерлер кеңесі мен әкімдік ұйымдастырған бұл сапар өте жоғары деңгейде өтуде. Қаламыздың көрікті жерлерін, соның ішінде жаңадан бой көтеріп жатқан тоғыз қабатты тұрғын үйлер мен «Қызылорда арена» спорт кешенін аралап, қарқынды құрылыс жұмыстарына риза болдық. Бұл үйлер пайдалануға берілгенде, қаншама тұрғын баспаналы болып қуанады. Ботаникалық бақтағы тропикалық өсімдіктерді тамашалап, тамаша әсер алдық. Табиғаттың түрлі тамашасымен танысып жатырмыз. Осындай игі бастамалар көбейіп, өңірімізде еңбек етіп жатқан азаматтардың ісіне береке берсін!, — дейді ардагер журналист Кенжалы Ерімбетов.

Аға буын өкілдерінің шаһардың тыныс-тіршілігімен танысуға бағытталған сапары Президент саябағында да жалғасты. Қаланың көрікті орындарының біріне айналған саябақты аралаған ардагерлер мұндағы абаттандыру жұмыстарына, көгалдандырылған аумақтарға және тұрғындардың тынығуына жасалған жағдайға назар аударды. Саябақтың кең аумағы қала тұрғындарының таза ауада серуендеп, отбасымен бірге демалып, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне, балалардың ойнауына қолайлы орта қалыптастырған. Ардагерлер қоғамдық кеңістіктің қала өміріндегі маңызына тоқталып, мұндай орындардың тұрғындардың демалыс мәдениетін қалыптастыруға ықпалы зор екенін атап өтті. Қызылорданың табиғи-климаттық ерекшелігін ескерсек, шаһардағы әрбір саялы орынның орны бөлек. Осы тұрғыдан алғанда, саябақтарды көгалдандыру, бар жасыл желекті күтіп-баптау және жаңа көшеттер отырғызу – қаланың экологиялық ахуалын жақсартуға бағытталған маңызды жұмыстардың бірі. Саябақтағы жасыл желек пен абаттандырылған кеңістіктер шаһардың ажарын ашып қана қоймай, тұрғындарға жайлы орта қалыптастырып отыр.

– Осындай әдемі орындарға алып келген ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін. Еліміз тыныш, азаматтарымыз аман болсын! Осылай қызмет жасап, бізге қолдау көрсетіп, қаланың көрікті жерлерін аралатып жатқан барша жасқа рақмет айтамын. Осы қалада тұрғаныма 10 жылдай болса да, бұл жерді бұрын келіп көрмеппін. Өте керемет! Елімізде осындай жетістіктердің болып жатқанына, қаламыздың көркейіп, сапалы құрылыстар мен әдемі орындардың көбейгеніне өте қуаныштымыз. Осындай игі істердің игілігін бүкіл ел болып көрсін деп тілеймін, — дейді ардагер мұғалім Ұлайым Жұматаева.

Сапар соңында ардагерлерге «Ақ отау» мейрамханасында құрмет көрсетілді. Басқосуда аға буын өкілдері ел мен жердің амандығын тілеп, Сыр елінің әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған бастамалардың нәтижелі болуына ақ батасын берді. Қала өзгерісінің куәсі болған қариялардың ақ тілегі де сол – бүгінгі құрылыс пен игі бастамалардың баянды болып, оның игілігін келер ұрпақ көрсін.

Перизат  ЗАХРАДИН

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: