Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Арал ауданының әкімі ауыл аралап жүр

15.02.2024, 9:10 107

HALYQLINE.KZ

Кеше аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев Сазды және Аққұм ауылдық округтеріне барып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сазды ауылының халқымен өткен кездесуде аудан басшысы өткен жылы өңірде жасалған жұмыстарға тоқталып, алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар туралы баяндады.

«Өткен жылы облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, жалпы ұзындығы 21 шақырымды құрайтын ауылға кіреберіс автожол толықтай аяқталды. Ауыл тұрғындарының көптен күткен жол мәселесі шешіліп, аудан орталығымен қатынас жеңілдеді. Бұдан бөлек, Өздеріңіздің сұраныстарыңыз бойынша аудандық бюджет есебінен «Тағзым алаңы» салынды. Қазіргі уақытта мемлекетіміздің ұстанымы – бірінші кезекте халықтың тұрмысына қажетті әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу. Біз бұл бағыттағы іс-шараларды кезең-кезеңімен жүргізетін боламыз», – деді.

Кездесуден соң аудан басшысы елді мекендегі «Балауса» балабақшасының жай-күйін көріп, Ж.Түменбаев атындағы №60 орта мектептің жұмыс барысымен танысты.

Аудан әкімінің жұмыс сапары Шижаға ауылында жалғасты. Онда дәрігерлік амбулаторияның жұмысын көріп, медицина қызметкерлерімен кездсті. Мұнан соң Е.Көшербаев атындағы №57 орта мектепке ат басын бұрып, білім ұясының жұмыс барысын бағамдады. Мектеп бітіруші сынып оқушыларымен кездесіп, оларға алдағы білім бәйгесінде жоғарғы жетістікке жетулеріне тілектестігін білдірді.

Одан әрі ауыл халқының өтінішіне сәйкес демеушілік есебінен салынған «Аяулым» балабақшасымен танысты. 2 қабатты нысан 150 орынға арналған. Өз кезегінде аудан әкімі заманауи үлгіде балабақша салған жеке кәсіпкер Б.Жандаулетовке ризашылығын білдірді.

Мұнан соң, ағайынды Зейтеновалардың отбасылық кәсібімен танысты. Жас кәсіпкерлер бүгінде түрлі бұйым әзірлеп, түйе жүнінен өнім өндіруді қолға алған. Аудан әкімі жауапты сала басшыларына жергілікті кәсіпкерлерді қолдау бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен төмендетілген несие алуға қатысуға сүйемелдеу жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

Ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездескен аудан әкімі алдымен алда атқарылатын жұмыстарды тізбектеп өтті.

«Бұған дейін Аққұм ауылдық округінде ілкімді істер атқарылды. Ал, енді биыл ауылдарыңызда республикалық бюджет есебінен электр желісі жаңартылатын болады. Шижаға елді мекеніне газ желісін тарту – жоспарлы жұмыстардың бірі. Сексеуіл кентінен кейінгі ең бірінші кезекте осы ауылды «көгілдір отынға» қосу көзделген. Тиісінше осы жыл ішінде елді мекенді газбен қамту жобасы жүзеге асады», – деді.

Кездесуде тұрғындар тарапынан ауылға дәрігер мен жедел жәрдем көлігі қажеттігін айтты. Сондай-ақ, мал жайылымдық жерлері мен су ұңғымасы қажет екенін жеткізді. Өз кезегінде аудан басшысы ауыл үшін өзекті деген мәселелерді тез арада шешуді сала басшыларына тапсырды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: