Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік саладағы қызмет сапасы мен бақылау күшейтілді

28.08.2026, 8:35 33

HALYQLINE.KZ

Қызылорда облысында 35 мыңнан астам мүгедектігі бар адам тіркелген. Жарты жыл ішінде 6 223 азаматқа мүгедектік тағайындауға қатысты мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 1 248 адамға алғаш рет мүгедектік белгіленді. Ал 18 жасқа дейінгі балалар арасында алғашқы мүгедектік тағайындау көрсеткіші өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға төмендеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Бекболат Шәріпбеков баяндады.

Медициналық-әлеуметтік сараптама қызметтерін цифрландыру мен қолжетімділігін арттыру бағытындағы жұмыстар да жалғасуда. Атап айтқанда, 2 897 адамға проактивті түрде сырттай куәландыру жүргізілген. Бұл жалпы куәландыру санының 46,6 пайызын құрайды.

«Әлеуметтік төлемдерді тағайындау және қайта қарау жұмыстары да жүйелі жүзеге асырылуда. 2026 жылдың 6 айында облыста 304 мыңнан астам адамға республикалық бюджеттен жалпы сомасы 124,4 млрд теңге зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақы төленді. Сонымен қатар 51 мыңнан астам азаматқа мемлекеттік қызмет көрсетіліп, 27 мыңнан астам төлем жаңадан рәсімделген. Әлеуметтік қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына жүргізілген бақылау нәтижесінде 12 субъекті тексерумен қамтылып, 23 заңбұзушылық анықталды. Олардың 87 пайызы жойылып, қалған кемшіліктерді түзету бойынша тиісті мерзімдер белгіленді. Жоспардан тыс тексерулер қорытындысымен 13 лауазымды тұлғаға жалпы сомасы 1,3 млн теңгеден астам айыппұл салынып, толық көлемде бюджетке өндірілді», — деді департамент басшысы.

Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласында да жұмыстар жалғасуда. Спикер атап өткендей, облыстағы 27 ұйым толық лицензияланған және бүгінде 3 655 азаматқа арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетуде.

Есепті кезеңде департаментке жеке және заңды тұлғалардан 910 өтініш түскен. Өтініштердің басым бөлігі еңбек өтілін растау және мүгедектік тобын қайта қарау мәселелеріне қатысты. Тұрғындарға заңнама талаптарын түсіндіру мақсатында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары да тұрақты жүргізілді. Жарты жыл ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында 40 мақала жарияланып, әлеуметтік желілерде 92 ақпараттық хабарлама таратылды, сондай-ақ халықпен және еңбек ұжымдарымен кездесулер ұйымдастырылды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: