Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді

22.10.2022, 10:00 82

HALYQLINE.KZ

Ұлттық мереке – Республика күні және Арал қаласының 95 жылдығы қарсаңында теңізді өлке жұртына тарту жасалды. Арал ауданында бірнеше әлеуметтік нысан ел игілігіне пайдалануға берілді.

Аталған мерекелер қарсаңында аудан орталығынан жаңа сауда үйі бой көтерді. Нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Серік Сермағамбетов жиылған қауымды Ұлттық мерекемен және Арал қаласының 95 жылдығымен құттықтады. Сонымен бірге, өңірде кәсіпкерлік саласының өркендеп келе жатқандығына тоқталып, сауда орталығының жұмысына сәттілік пен табыс тіледі.

Жеке кәсіпкер А.Төремұратова жаңадан ашылған нысанды «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы және өз қаражаты есебінен тұрғызды. Құны 400 млн теңгені құрайтын сауда орталығында 50-ден аса тұрғын қосымша жұмыспен қамтылатын болады.

Мерейлі мерекеде аудандағы спорттық ойын алаңдарының саны 3-еуге толығып, 7-еуге жетті. Облыс әкімінің бастамасымен, демеушілердің қолдауымен «Балалар жылына» арналған тарту Арал қаласының Әленов, Алматы, Сырым батыр көшелері бойынан салынған. Жаңадан бой көтерген нысан жанында футбол және волейбол алаңдары бар.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан Халқына Жолдауындағы «Өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы мен бақытты балалық – бұл біздің жалпыұлттық міндетіміз», – деген тапсырмасына орай жыл басынан бері ауданда 2 ойын-сауық орталығы ашылды. Сондай-ақ, балалар мерекесі қарсаңында аймақ басшысының атынан әлеуметтік көмекті қажет ететін, аз қамтылған, көпбалалы және ата-ананың қамқорлығынсыз қалған отбасыдағы 50 балаға велосипед табысталған болатын.

Білім саласының дамуына ерекше үлес қосып жүрген жергілікті кәсіпкерлер аз емес. Нәтижесінде ауданда бүгінде 22 жеке балабақша жұмыс істесе, оның 6-ауы биыл пайдалануға берлді. Солардың бірі Бөген ауылдық округінде ел игілігіне өз жұмысын бастады. Жеке кәсіпкер Болатбек Әліпов өз қаражаты есебінен, туған ауылынан 70 орындық замануи үлгідегі балабақша салды. Жаңа нысанда барлығы 24 ауыл тұрғыны еңбек етеді.

Айта кетейік, «Балалар жылы» аясында Арал ауданында жеке кәсіпкерлердің өз қаражаттары есебінен ойын алаңдары мен ойын-сауық орталықтары, балабақшалар салынып, бұл бағытта барлығы жарты миллардтан астам қаржы жұмсалды. Аталған жұмыстар жыл соңына дейін өз легімен жалғасады.

Сондай-ақ, Республика күні қарсаңында Аудан орталығынан кәсіпкерлерге арналған «Кәсіпкерлік үйі» ашылатын болады. Бұл өз кезегінде кәсіпкерлерге қаржылай көмек, консалтингтік және бизнес кеңес беру секілді қызмет түрлерін бір орталықтан көрсетуге мүмкіндік береді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: