Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жанқожа бабаның мерейтойы елдегі кей жағдайға байланысты атап өтілмей қалмай ма?

03.04.2024, 12:15 528

HALYQLINE.KZ

Қазалы ауданы әкіміне

АШЫҚ ХАТ

Құрметті Мейрамбек Зинабдинұлы!

Қай кезден де Сырдың елі, жырдың елі, батырлар мен бидің елі аталады. Жаугершілікте найзасының сағасы қаннан кеппеген, торғауыт сауыттарынан оқ өтпеген, атса оқтары далаға кетпеген, ерліктері ұрпағының есінен кетпеген арысы Жанқожа, Ақтандай, берісі Үрмаш бастаған бес батырдың, дауды дуалы ауыздан шыққан бір ауыз сөзбен, өңмеңдеп келген жауды бір оқпен тоқтатқан Бекарыстан, Құлбарақ, Жетес бидей әділ биліктерімен елді аузына қаратқан, тауып айтатын ұтырлы әңгімелерін елге таратқан, шешендік сөздің шебері, жастарына кеңес берген келелі, би бабаларының ұрапақтары сөздің мағынасы мен маңызына, тұспалды сөздің түп тамырына бойлап, тереңнен ойлап, айтар ойларын ретті жерде айғайлап емес, бажайлап жеткізген. Ата салты мен халықтың үлгі болар үрдісін сақтай білген Сыр бойының Қазалы деген ауданының тізгінін қолыңыза алуыңыз құтты болғай!

Өзіңізге мәлім, жоғарыда аты аталған батыр бабамыз Жанқожа Нұрмағамбетұлының (Нұрымбетұлының) осы жыл 250 жылдық мерейтойы тойланатын жыл сияқты еді. Осы атаулы жылға орай аудан тұрғындары Дархан Бекжан мен Алматыда тұратын жерлесіміз, Қазалы, Арал аудандарының Құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті Жазушысы Молдахмет Қаназдың ұсыныс-пікірлері де айтылған болатын.

Қазіргі таңда мәдениет ошақтарындағы (мәдениет үйі, кітапханалар) мен мектептерде ұйымдастырылған шағын іс-шаралар болмаса, ауқымды жұмыстардың қолға алынғанын естімедік. Арнаулы шешімдер шығып, комиссия тағайындалғанын да баспа бетінен көрмедік.

Жоғарғы жақтың жалпылама той-думан, аста-төк ас беруді шектеу туралы пікірлерінен де хабарымыз бар.

Оның үстіне қазіргі таңдағы бірсыпыра елді мекенді топан су басып, тұрғындарды әбігерге салып, күйзеліске ұшырап жатқандарынан да хабардармыз.

Дегенмен, жоспарланып, жобасы жасалған істің қолға алынбауы ойлантады. «Өлі риза болмай, тірі байымайды» дейді. Ал, енді елім деген, жанын шүберекке түйіп, етігімен қан кешкен, озбырлыққа көнбеген, өлетінін білсе де, өрлігінен танбаған Жанқожадай батыр бабамыздың ерлігінің кейбір облыс басшысының келеңсіз істерінің (су тасқыны, қаржы шығындары) себебінен көмескіленуі де көңілге қонбайды.

Құметті Мейрамбек Зинабдинұлы!

Ұлу жылының сәуірі де келді. Сәуір болмай, тәуір болмайды деген де сөз бар. Сол тәуір істердің басты іс-шарасы етіп осы істі шындап қолыңызға алсаңыз деген өтініш бар.

Қазір аудан шаруашылықтарының қарбалас кезеңі екенін де білеміз. Сыр-анамыздың сағасындағы ел болғандықтан, егін мен малдың жайына байланысты істердің бастан асатын мезгілі екені де рас.

Шүкір, биыл жер ылғалы мол болып, малдың жайына жайлы, дариямыздың суы молайып, егін егудің тиімді жолдарын қарастырып, егіншілеріміздің де еңсесі көтерілер деген тілекпен іс-шараны өткізуге байланысты комиссия құрылса деген (бұрын құрылған болса), қарауына төмендегі ұсынысымды білдіргім келеді.

Бірінші: Ауданның атын Жанқожа батыр есімімен атау (Бастамашы – аудан тұрғыны, желтоқсан көтерілісінің ардагері Дархан Бекжан).

Екінші: Бабаның соңғы шайқасы «Арықбалық шайқасына» мемориалдық ескерткіш орнату (Бастамашылары – Жұмабек Табынбаев, Молдахмет Қаназ).

Үшінші: Бабамызға аудан орталығынан еңселі ескерткіш орнату (Аудан тұрғындарының өтініші).

Төртінші: Аудан орталығындағы баба кесенесіне, орталық баба атындағы мешітке баба туралы қысқа-нұсқа түсінік берілген мемориалдық тақта орнату.

Бесінші: Қазіргі таңда «Шекаралық аймаққа кіру туралы заңдылыққа» байланысты баба басына зияраттаушыларға қиындықтар туындауда. Шекералық аймаққа кіруге жеңілдіктер беруді заңдастыру (Рәсімдеуді бір терезе арқылы емес, бабаның атымен аталатын шекаралық бекетте жүргізуді ойластыру).

Алтыншы: Бабаның мазары аудан орталығаннан 300 шақырымда. Көбінесе зияраттаушылар сырт аудан, облыстардан келеді. Келушілерге шекаралық заңдылық бір кедергі келтірсе, баратын көлік жалдау екінші кедергі болуда. Сондықтан келушілерді апару үшін шырақшыға жүрдек көлік (Таблетка УАЗ) осы іс-шарада естелік ретінде табысталса. Ол көлік шекара бекетінде арнаулы есепте тұрса, шырақшы осы арнаулы көлікпен зияраттаушыларды шекара бекетінен кедергісіз алып өтетіндей жағдай жасалса.

Бұл өтініш жалғыз менің емес көптің ойында жүрген, орайы келсе де орындалмай жүрген істер болатын. Осындай келелі істерді жүзеге асырудың орайын келтіру Сізге бұйырып тұр.

Халықтың алғысын, әрі әулие, әрі батыр Жанқожа батырдың рухының да ризалығын алуыңызға тілектестік көңілмен, Жанқожа батыр ұрпақтары (Қазалы, Арал төңірегінде тұрғындардың бәрі,т іпті қазақ тілін жете меңгерген басқа ұлт өкілдері де өздерін батыр бабаның ұрпағы санайды) атынан:

Есекей  Құдайберген,

ардагер заңгер,

Қазақстан Журналистар Одағының мүшесі,

Әділет органдары жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін медалінің иегері.

Қазалы ауданының Құрметті Ардагері.

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: