Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұшақ билеті неге қымбаттай береді?

08.06.2023, 12:40 210

АШҚАРАҚ  ARYSTAN-ның  ТӘБЕТІН  КІМ  ТЫЯДЫ?

Бұрын «Fly Arystan балалар биле­тін 50% қымбатқа сатқан», «Рейс­тері себепсіз сағаттап кешігетін компания», «Қызмет көрсету деңгейі адам төзгісіз», «Жолаушылардың билеттері мен жүктеріне алатын ақша­сы удай қымбат» деген сөздерді жиі-жиі естіп жүретін едім. Астанадан Түркістанға ұшқанда ашқарақ Arystan-ның қарапайым жолаушылардың «терісін тірідей сыпыратын» жалмауыздығына өзім де куә болдым. Түсінікті болуы үшін, бәрін рет-реті­мен  баяндайын.

Адамның жүйкесін жұқарту үшін ашылған әуе компаниясы тіркеу рәсімінің  өзін  әдейі қиындатып қойған. Әуелі билет алған жолаушылар кезекке тұрады. Кезегің жеткен­де компания қызметкері «бізде тіркелу рәсімі онлайн жүргізіледі» деп онлайн тіркелетін жерге жөн сілтейді. Ол жерде әуелі билетіңді тіркейсің, сосын жүгіңді… Өзім ұйқым қанбай, рейске үлгермей қаламыз ба деп алаңдап тұрғанымызда жүгі­міз­дің салмағы 26 келі тартты! «Е, жарайды. Әрі кетсе бір 10-15 мың теңге төлейтін шығармын» деп қалтамдағы смартфонымды іздей бергенім сол-ақ еді, тіркеп тұрған қыз: «26 келіге 57 200 теңге төлейсіз» деп бақыра­йып тұр. Жалмауыздықтың да, мешкейліктің де шегі болмаушы ма еді?!. Багаждың 1 келісіне 2200 теңге ақы алады екен, Fly Arystan! Аңқау адамның қалтасын қағу – нағыз озбырлық  қой!

Естеріңізде болса, құрылған кезде Fly Arystan-ның билеттері 7 мың теңгеден сатылған. «Міне, тамаша! Билеттері қолжетімді әуе компания­сы құрылды. Енді пойызға мінбей, ұшақпен ұшамыз!» десіп жолаушылар бөркін аспанға атқан. Алайда көп ұзамай лоукостердің билеттері қымбаттады. Қазір 10 мың теңгеге билет жоқ. 4-5 күн бұрын алғанның өзінде Астанадан Түркістанға де­йін 1 адамға билет құны – 25-30 мың теңгеден. Бұл – әйгілі «Эйр Астана»  деген  әуе  алпауытының еншілес компаниясы. Бизнес-моделі «білмегеннен ақша қағу» принципіне негізделгені әу баста байқалмайды. Ақшаңды тек орын үшін төлейсің. Бірақ бір әрекетімен жаңылысқан жолаушыдан бір билет құнынан бірнеше есе көп ақша алады. Бортта бір жұтым қара суға да ақы сұрайды. Ашқарақ Arystan-ның мұндай тәбе­тін  кім  тыяды?

БИЛЕТ  БАҒАСЫ  ҚАЛАЙ  БЕЛГІЛЕНЕДІ?

Биыл ақпан айында ұшақ билеттерінің бағасы  21,5 пайызға дейін қымбаттады. Бұл – 2021 жылғы маусым айынан кейінгі ең жоғары көтерілген баға. Сонда бұған не себеп болып отыр? Мәселенің мәнісін құзыретті ведомствоның өкілдері түсіндіріп беруге тырысты. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің орынбасары Алмаз Ыдырысов ұшақ билеттерінің бағасы көптеген факторға байланысты белгіленетінін айтады. «Ең алдымен, ұшақ билетінің құнына 32 пайыз әуе керосинінің бағасы мен тапшылығы әсер етеді. Былтыр еліміздегі мұнай өңдейтін зауыттар 684 мың тонна әуе керосинін өндірді, ал  жанармайдың  сұраныс  көрсеткіші 806 мың тоннаға жетті. Яғни, Қазақстан 158 мың тонна әуе керосинін шетелден сатып алуға мәжбүр болып отыр. Эксплуатациялық шығындар мен әуе кемелерінің лизингі – 18 пайыз, әуежай қызметтері – 13 пайыз, жалақы төлеуге жұмсалатын шығындар – 6 пайыз билет бағасын белгілеуге ықпал етеді» дейді А.Ыдырысов. Оның айтуынша, әуе кемелерін сатып алу немесе жалға алу, қосалқы бөлшектерін сатып алу сияқты әуе  компаниясы  шығындарының  80  пайызға жуығы шетел валютасы арқылы іске асырылады. Ал әуе компаниялары өз табысының  80  пайызын  теңгемен  табады, сол себептен олар өз  шығындарын  жабу  үшін билет  құнын  қалағанынша  қымбаттатады.

Азаматтық  авиация  комитетінің  төрағасы Талғат  Ластаев  жыл  сайын шешімін  таппай келе  жатқан  әуе  керосині тапшылығы  саланың дамуына кедергі келтіріп  отырғанын айтады. «Жанармайдың тапшылығы мен құнының қымбаттауын тоқтату – қиын мәселенің бірі. Біздің әуе компаниялары негізінен керосинді Ресейден сатып алады. Ол жақта құны өте қымбат. Ұшақ билеттерінің қымбат болуы да осыдан. Тығырықтан шығатын жолдың бірі – өндіріс көлемін ұлғайту. Ол үшін зауыттардың инфрақұрылымын ауыстыру керек. Бұған көп қаражат пен уақыт жұмсалады. Үкімет әлі оның  шешімін  таба  алар  емес»  дейді  ол.

Қазақстанда ұшақ билетін белгілеуді мемлекет реттемейді. Сол себептен баға да тез құбылып тұрады. Мысалға, 2023 жылы қаңтар айында еліміздің екі аймағында (Батыс Қазақстан облысында – 67 пайыз, Абай облысында – 57,3 пайыз) бағалар күрт қымбаттады. Бұл Кәсіпкерлік кодекстің баптарын бұзатын әрекет болғандықтан, Бәсекелестікті қорғау агенттігі мен Бас көлік прокуратурасы бағаны шарықтатқан Air Astana әуе компаниясына қатысты бірлескен тексеру жүргізді. Алайда, бұл тексерудің қорытындылары сотқа жіберілгендіктен, әлі нақты айыппұл төлейтіні немесе төлемейтіні белгісіз. Бір белгілі болғаны, құзырлы екі мемлекеттік мекеме билеттердің бағасын негізсіз өсіруге тосқауыл қоятын нормативтік-құқықтық актілер дайындауда. Оның қандай боларын, билет бағасын реттеуге қаншалықты тиімді боларын уақыт көрсетер.

ҚАЙ  ЖАҚҚА  ҰШҚАН  АРЗАН  немесе  ҚЫМБАТ?

Қазір арзан билет сатып алу екі адамның бірінің қолынан келеді. Алайда, бағалар жылдам өзгеріп тұратындықтан, әрі ширақтық, әрі тапқырлық керек. Мысалы, бағаларды салыстырып көрейік. Астана-Алматы бағытына ұшаққа билет аламын десеңіз, төрт әуе компаниясының бірін таңдай аласыз: Air Astana, Fly Arystan, SCAT және Qazaq Air. Егер Сіз Air Astana-мен ұшамын десеңіз, мысалы 7 мамырдың түнінде сағат 03:15-те мінсеңіз – 41 837 теңгеге билет аласыз, ал күндізгі уақыттағы билет құны 46 837 теңгеге шығады. SCAT-пен ұшамын десеңіз, таңертегілік сағат 08.30-да мінсеңіз, 39 743 теңгеге билет аласыз. Күндізгі уақытта Fly Arystan-мен ұшсаңыз, 42 146 теңгенің билетін аласыз. Qazaq Air-дің ұшақтарының күндізгі бағасы бұл бағытқа – 42 563 теңге. Астанадан  Атырауға  билет  бағасы Air Astana-ға  алсаңыз,  103 337  теңге  тұрады.  Ал Air Astana-мен Астана-Ыстамбұл бағытына ұшамын десеңіз, 116 079 теңге төлейсіз. Осы бағытта SCAT – 136 089 теңгеге, Fly Arystan – 151 481 теңгеге апарады. Air Astana-ның бизнес кластағы орындарды арнайы жеңілдікпен сататын дәстүрі бар. Мәселен, 7 мамырға дейін халықаралық бағыттар бойынша (ішкі рейстерге жеңілдік жоқ) әлемнің  20  қаласына бағасы тиімді билеттерді алдын ала сатып алуыңызға болады. Астана мен Алматыдан – Ташкентке ұшамын десеңіз, 150 000 теңгеге барып-қайтуыңызға болады. Түркияның Анталья мен Бодрум қалаларына – 500 000 теңгеге билет сатып ала аласыз. Астанадан Делиге дейін 327 000 теңгеге билет табуға болады. Алайда, мұндай  жолаушыны  қызықтыратын  дәстүр өте  сирек.

ЖӘРДЕМАҚША  БЕРУ  МӘСЕЛЕНІ  ШЕШЕ  МЕ?

Айтыла-айтыла ауыз шаршаған, жазыла-жазыла жауыр болған бұл мәселені қалай шешуге болады? Саусағымызды бүгіп, санамалап шығайық. Біріншіден, отандық әуе компаниялары нарық жағдайында бір-бірімен қатаң бәсекелестікте әрекет етуде. Екіншіден, әуе компаниялары жанармайды нарықтық баға белгілеген Үкімет әуе керосинінің бағасына шектеу қоя алмайды. Үшіншіден, әркез құбылып тұратын теңгенің бағамы әуе тасымалдарынан мол табыс табуға мүмкіндік бермейді дейді әуе компанияларының өкілдері. Лизингке алынған әуе кемелерінің құны, қосалқы бөлшектерінің бағасы және техникалық қызмет көрсету шетел ақшасымен іске асырылады. Бұл жерде мәселені шешудің екі жолы бар сияқты. Бірінші жолы – ұшаққа мінетін халықтың төлем қабілетін көтеру. Ол үшін инфляцияны төмендетсек, азық-түлік пен тұрмыстық қызмет көрсету бағаларын түсірсек, жұрттың әлеуметтік ахуалы жақсарады. Екінші жолы – ішкі нарықта қызмет көрсететін барлық әуе компанияларына жәрдемақша беру. Мұндай тәжірибе Ресей мен Қытайда бар. Үкіметтен жәрдемақша алған әуе компаниялары қызмет көрсету сапасын жақсартады, билет құнын арзандатады. Өз кезегінде бұл жолаушылар ағынын молайтуға апарады. Әрине, егер құзырлы мемлекеттік органдар жай сөзбен емес, нақты іспен билеттерге қатысты ахуалды өзгерткісі келмесе, «баяғы жартас» сол күйінде тұра  береді.

Төлен  ТІЛЕУБАЙ,

журналист.

Астана  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: