Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сырты – бүтін, іші – түтін тұрғын үйлер

24.08.2023, 11:40 399

Осы жылы қаламызда біраз көпқабатты үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұған көптеген жергілікті тұрғын бір қуанып қалды. Бірақ, «осы жөндеу жұмыстары талаптарға сай келе ме? Арада жыл өтпей, тұрғындар шағым айтып жүрмей ме?» деген де күдік жоқ емес. Шынын айту керек, бұл жұмыстардың сапасы көптің көңілінен шықты дей алмаймыз. Өйткені, демеушілердің есебінен істеліп жатқан жөндеу жұмыстарының кейбірі үйлердің тек көшеге қараған тұсына жасалып, сырты арнайы металмен қапталған. Ал үйлердің аула жақ тұсын сол күйі қалдырған. Бұған дейінгі әктеу,  сырлау жұмыстары да дәл  сондай  еді.

Біз осы үйлерде тұратын тұрғындардан «Жөндеу жұмыстары туралы ойыңыз қалай?», «Үйлердің сыртын металмен қаптағаннан кейін ыстық-суық біліне ме?», «Металдар қаламыздың дауылды желіне төтеп бере ала ма?», «Жөндеу жұмыстары көңіліңізден шықты ма?» деген сынды сұрақтарды қойған едік. Тұрғындар  бізге  былай  деп  жауап  қатты.

Қанат, қала  тұрғыны:

– Әрине, жөндеу жұмыстары жүргеннен кейін үйіміздің көркі кірді. Бірақ, неліктен үйдің аула жағына жөндеу жұмысы жүргізілмеді? Онымен қоса үйдің ішіне кірсең, адам шошырлық, әбден тозып кеткен. Бұл үйлер кірпіштен тұрғызылған, сондықтан сыртын қандай металмен қаптасаң да, баспанамыз суықты да, ыстықты да өткізбейді. Ал жел мәселесіне келетін болсақ, оны уақыт өте көре жатармыз. Алайда бір түсінбегенім, апатты жағдайдағы үйге абаттандыру жұмысын жүргізіп не керек? Одан да саудасы біткен үйді бұзып, жаңа баспана салмай ма? Қысқаша айтқанда, сырты – бүтін, іші – түтін.

Бану  Ахметова,  қала тұрғыны:

– Үйдің жөнделіп жатқаны көңі­лімнен шығады. Бірақ мен «бұлар ескі үйлер болғаннан кейін бұзылып, жаңа үй соғыла ма?» деп ойлап жүр едім. Енді үйдің сыртын жылтыратқанымен, аула жағы сол күйі қалды. Оның үстіне есік алдын қопарып тастады. Аулада аяқ басып жүре алмай қалдық. Астан-кестені шыққан жерлерді қайта қалпына келтіреді деп ойлаймыз. Осы подъездің ішін жөндеу өзімізге байланысты шығар. Бірақ, үйдің  жағдайы  нашар. Үйлерде тұратын қарт кісілер де бар. Олар үйдің ішін өздігімен жөндей алмайды ғой. Енді үйдің сыртының көркін кіргізгенімен, іші адам шошырлықтай  болып  тұр.

Айдос, қала  тұрғыны:

– Абай  даңғылындағы   №37, №39 сынды т.б. үйлер ескірген. Тек сыр­тын металмен қаптатып жатыр. Қаламыздың климаты өте қиын. Үйіміздің сыртын металмен жапқаннан кейін ыстық-суықты тартатын сияқты. Сосын жөндеу жұмысын толықтай іші-сыртына істемей ме? Подъездің түрі қорқынышты. Ішінің бәрі опырылып кеткен. Балаларды жіберуге қорқасың. Жалпы, бір сөзбен айтқанда, сырттан келген қонақтардың көзіне әдемі көріну үшін ғана жасалған сияқты. Үйдің сыртын жапқаннан кейін, қабырғада жарық пайда болса көрінбейді. Ол – өте қауіпті. Сондықтан, үй жөндеудің басқаша әдісін қарастыру керек еді деп  ойлаймын.

Жергілікті тұрғындардың ойы – осы. Аталған мәселеге жауапты адамдар мұны ескере отырып, нақты шешімін табуға қол ұшын созады деп ойлаймыз. Тұрғындармен тілдесу барысында олардың тартыншақтап, пікір беруге қорқақтағанын байқадық. «Ауруын жасырған өледі». Сондықтан, бес саусақтай білетін мәселені өзге емес, өзіңіз  айтқаныңыз  орынды.

Абдулла  ҚЫРЫҚБАЙ.

Суреттерді  түсірген  автор.

Пікірлер:
  • Қайырлы күн! Маусым айынан бастап демеушілердің қолдауымен облыс орталығындағы 28 үйдің қасбеттері заманауи панелдермен қапталуда. Аталған жұмыстар жергілікті демеушілердің, атап айтқанда қала құрылысшылары мен кәсіпкерлерінің қолдауымен жүргізілуде. Кәсіпкерлердің бұл игілікті қадамы туған жерге тарту жасаудан туындаған. Соңғы үлгідегі, сапалы материалдармен қапталған тұрғын үйлердің қасбеті шаһардың сәулеттік келбетіне жарасымды әрі суық пен ыстыққа төзімді.
    Бүгінде жалпы 10 үйдің, атап айтқанда, Абай даңғылындағы №41, 43, 44, 46, 54 үй, Панфилов көшесіндегі №26 үй, Мұратбаев көшесіндегі №17 үй, Желтоқсан көшесіндегі №34 үй, Сырдария шағын ауданындағы №1 және №2 тұрғын үйлердің сыртқы қасбетін әрлеу жұмыстары аяқталған.
    Негізінде жоғарыда аталған жұмыстарды және одан бөлек ішкі жөндеу жұмыстарын жүргізу тұрғындардың міндетіне кіреді. Яғни, ҚР «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңына (32-бап, 1-тармақ) сәйкес, пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері кондоминиум объектісінің ортақ мүлкіне ағымдағы және күрделі жөндеу жүргізуді қоса алғанда, кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау және оның қауіпсіз пайдаланылуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды қолдануға міндетті екендігі көрсетілген. Осыған сәйкес, кез келгкн жөндеу жұмыстары тұрғындардың қаржылай шығыстарына қатысуымен және ПИК бірлесуімен жүргізілетіндігін жеткіземіз.

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: