Жаз шықса жұрттың дегбірі қашады. Аптап ыстықпен бірге жарықтың өшуі жиілейді. Кешкілік самал желдің өзі соқса, әлдебір жерде бағана құлап, сым үзіліп, бүтін бір шағынаудан қараңғылыққа қамалады. Электр қуаты тұрақсызданса, артынан ауызсу да әлсірейді. Су сорғылары тоқтап, тұрғындар краннан сылдырап аққан суды сағаттап күтеді. Қызылордалықтардың күнделікті тіршілігіне айналған көрініс – осы. Соңғы аптада әлеуметтік желілерде жарықтың жиі сөнуі мен ауызсу қысымының төмендеуіне қатысты шағымдар толастаған жоқ. Әсіресе кешкі мезгілде кондиционерлер қосылған уақытта электр желісінің жүктемесі артып, кейбір аудандарда жарық бірнеше мәрте өшкені айтылды. Артынша су қысымының төмендеуі де жұрттың наразылығын күшейтті. Тұрғындарды толғандырған сауал көбейді. Инфрақұрылым неге мұндай күйге жетті? Жаңғырту жұмыстары қай деңгейде? Жағдай қашан түзеледі? Осы сауалдарға жауап беру үшін бүгін облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде шұғыл брифинг өтті.
Жиынға «Қызылорда электр тарату тораптары компаниясы» АҚ-ның оңалтуды басқарушысы Бауыржан Жантасов пен «Қызылорда су жүйесі» мекемесінің басшысы Жасұлан Абатов қатысып, өңірдегі электр және ауызсу инфрақұрылымының қазіргі ахуалына тоқталды.
Электр энергетикасы саласының бүгінгі жайын баяндаған Бауыржан Жантасов соңғы жылдары қаланың қарқынды кеңейіп, жаңа тұрғын аудандары мен әлеуметтік нысандардың көбеюі электр желілеріне түсетін салмақты айтарлықтай арттырғанын айтты. Оның сөзінше, мәселе ұзақ уақыттан бері арпалысқа түсірген әрекет. Жылдар бойы қалыптасқан жүктеме мен инфрақұрылымның тозуы соңғы уақыттар ғана айқын сезіле бастаған.
– Қызылорда қаласының 35/10 киловольттық электр желілері мен қосалқы станцияларының тозу деңгейі 60 пайызға жеткен. Ауа температурасы көтерілген сайын тұтыну көлемі де күрт артады. Қалыпты жағдайда қала тәулігіне шамамен 92 мегаватт электр энергиясын пайдаланса, аптап ыстық кезінде бұл көрсеткіш 122 мегаватқа дейін өседі. Яғни желілерге түсетін жүктеме 32 пайызға артып отыр. Сондықтан жүйенің өткізу қабілетін күшейту үшін трансформаторлардың қуатын кезең-кезеңімен ұлғайтып, электр желілерін жаңғырту жұмыстарын жүргізудеміз, — деді спикер.
Айтылған уәждің жаны бар. Қала ұлғайып келеді. Тұтынушы көбейді. Алайда мұндай өсім кешеден басталған жоқ. Демек, мәселе халықтың электрді көбірек пайдалана бастағанында ғана емес, инфрақұрылымның сұранысқа дер кезінде бейімделе алмауында да жатыр. Брифинг барысында соңғы жылдары атқарылған жұмыстар да айтылды. Компания қаражаты есебінен жыл сайын электр желілерін жаңғыртуға инвестиция бөлініп келеді. Биыл бірқатар 35 киловольттық әуе желілерінің өткізгіші ауыстырылып, тоқ өткізу қабілеті бірнеше есеге артқан. Сол жағалауда жаңа қосалқы станцияның құрылысы басталып, жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарланған. Ал алдағы кезеңде құны 21 миллиард теңгені құрайтын «Левобережная» қосалқы станциясын салу және қаланың негізгі бес қосалқы станциясын толық жаңғырту көзделіп отыр.
Электр жүйесіндегі тұрақсыздықтың салдары ауызсу жүйесіне де әсер етіп отырғанын Жасұлан Абатов жасырмады. Оның айтуынша, соңғы күндері тұрғындардан түскен шағымдардың басым бөлігі дәл осы электр энергиясының үзілуінен туындаған.
– Соңғы аптада бірнеше су алу құрылымында электр энергиясының уақытша өшуі тіркелді. Соған байланысты жекелеген мөлтек аудандарда ауызсу қысымы төмендеп, кейбір нысандарда су беру уақытша тоқтады. Мұндай жағдайда дизельді электр станцияларын іске қосып, қысқа мерзім ішінде су қысымын қайта қалпына келтірдік. Электр кернеуінің тұрақсыздығынан бірнеше насос қондырғысы істен шықты. Барлығы жедел ауыстырылып, қазіргі уақытта тұрғындарға ауызсу тұрақты әрі үздіксіз беріліп отыр, — деді мекеме басшысы.
Мәселе бұнымен ғана шектелмейді. Спикердің айтуынша, кейбір тұрғындардың инженерлік талаптарды сақтамай, өз бетінше қосымша құбыр тартуы да су қысымының төмендеуіне себеп болып отыр. Соның бір мысалы Әл-Фараби тұрғын ауданында анықталған. Бастапқыда бір ғана үйді сумен қамту үшін жүргізілген шағын құбырға кейін тұтас көше қосылып кеткен. Соның салдарынан желінің өткізу қабілеті жетпей, қысым төмендеген. Бұған қоса, аптап ыстықта көгал суару мен тұрмыстық мақсатта суды шамадан тыс пайдалану да жүйеге қосымша салмақ түсіріп отырғаны айтылды.
Е.СӘРСЕНҰЛЫ
P.S: Бұқара жарық пен судың жайын талқылаудан жалыққан. Ендігі тілек біреу ғана. Мәселенің мәйегі сөзбен емес, іспен шешілсе. Сонда ғана халықтың күдігі тарқап, сенімі беки түседі.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!