Қазір студенттер, магистранттар жаппай диплом алып жатыр. Әрине, жоғарғы оқу орнын, колледжді бітіргені, бірнеше жылдық білім бәйгесінің игілігін көргені жақсы. Дей тұрғанымен, сол жастардың дені өз мамандығымен жұмысқа орналаспайтын секілді. Әлбетте, оған бірнеше себеп те жоқ емес. Ол уәжі орынды да болуы мүмкін. Бір белгілісі, жастар аз жалақыға бірден бойұсына қоймайды. Бұл да – нарық заңына сай дұрыс құбылыс.
«Болашақтың басты дағдысы – өмір бойы оқу (lifelong learning) және қайта бейімделу (re-skilling). Бір алған диплом өмір бойы асырайтын заман өтті, сондықтан жастар мамандық емес, үнемі жаңарып отыратын дағдылар портфолиосын жинауды үйренуі керек» деген еді полиглот, профериентолог Нұршат Әбу бізге берген сұхбатында. Міне, бағанадан бері орағытып айта алмай отырғанымыз – осы. Әрі жұрттың бәрі «айлық-жалақы аз» деп тұрақты жұмыстан бас тартса, сапалы кадр табу мәселесін майшаммен қарайтын кез алыс емес екенін сеземіз. Осы орайда, «алыс-жақын шетелде жағдай қандай?» деген сауал өзінен-өзі сау ете қалады. Ендеше…
КӨРШІ ЕЛДІҢ ЖАСТАРЫ БІР-БІРІНЕ «ТАМАҚ» ТАУЫП БЕРІП ЖАТЫР
Қытайда жастар қолына диплом алысымен, артынша арқасына дорба асынуға мәжбүр. Мұны Қытай қоғамындағы үлкен әлеуметтік өзгеріс және «жұмыс дағдарысы» деуге болатындай.
Шынын айту керек, қазіргі уақытта іргелес мемлекеттегі жағдай мәз емес. Жас ер балалардың көбі мопедпен тамақ не әртүрлі заттарды тасып жүр. Ал, қыздары тікелей эфирде косметика сатады. Бір қарағанда, бұл жай ғана цифрлық дәуірдің жаңа тренді немесе жемісі секілді көрінеді. Дей тұрғанымен, мұның астарында көп шиеленіс бар.
Бір ғана мысал, 2026 жылы Қытайдағы жастар жұмыссыздығы қайта өсіп, 16-24 жас аралығындағы азаматтар арасында 16,9 пайызға жеткен. Бұл – ресми статистика. Яғни, шын мәнінде бұл сан одан да көп болуы ықтимал.
Соңғы бірнеше жылда Қытай экономикасындағы баяулау, жылжымайтын мүлік нарығындағы дағдарыс және технологиялық компаниялардағы қысқарту жастарды дәстүрлі еңбек нарығынан ығыстырып шығарды. Соның салдарынан елде жаңа буын қалыптасты. Олар тұрақты кеңсе жұмысын емес, платформалық экономиканы таңдауға мәжбүр.
Бүгінде Қытай қалаларында ең көп көзге түсетін екі кәсіп бар. Бірі – танымал платформаларында жұмыс істейтін жеткізу қызметкерлері. Екіншісі – әлеуметтік желілердің тікелей эфирде тауар сататын стримерлер.
Бұрын Қытай әлемнің фабрикасы саналса, қазір ол алгоритмдердің фабрикасына айналып барады. Мысалы, Meituan платформасының өзінде ғана миллиондаған жеткізуші жұмыс істейді. 2024 жылғы компания дерегіне сәйкес, 7,45 миллион курьер платформа арқылы табыс тапқан. Арада бірнеше жыл өткенін ескерсек, бұл статистиканың едәуір ұлғайғаны анық.
Сол секілді, livestreaming индустриясы Қытайдағы ең жылдам өсіп жатқан нарықтардың бірі саналады. Әсіресе, Douyin платформасында тікелей эфир арқылы сауда жасау жастар арасында негізгі табыс көзіне болып отыр.
КҮНДІЗ – ДИПЛОМ ИЕСІ, КЕШКЕ – КУРЬЕР
Қызығы, бұл екі орта бір-бірімен тығыз байланысып кеткен. Схема өте қарапайым. Ең біріншіден, жігіттер жеткізу қызметіне орналасады. Қыздар тікелей эфирде косметика мен киім сатады. Ер адамдар стример қыздарға донат жіберсе, стримерлер оған жаңа тауар, косметика сатып алады. Ал сол тауарды тағы бір жеткізуші жеткізеді. Яғни, жұмыссыздықтан қысылған және шаршаған жастар өзара тәуелді цифрлық экономика құрған.
Қытайлық әлеуметтік зерттеуші Ли Цзянь мұны «жабық платформалық айналым» деп сипаттайды.
– Бұл классикалық еңбек нарығы емес. Жастар бір-бірінің тұтынуы арқылы бір-бірін асырап отыр, — дейді ол.
Қытай қоғамында бұрын мемлекеттік қызметке орналасу немесе ірі компанияда жұмыс істеу мәртебе саналатын. Қазір жағдай мүлдем өзгерген. Әлеуметтік желілерде университет бітірген жастардың «күндіз – диплом иесі, кешке – курьер» болып жүргені қалыпты құбылыс болды. Тіпті, кей мәлімет бойынша Meituan мен Ele.me платформаларындағы жеткізушілердің едәуір бөлігінің жоғары білімі бар болып шықты.
26 жастағы қытайлық курьер Чэнь Сы жайлы оқиға ел ішінде қызу талқыланды. Ол Douyin желісінде 3 жылда жеткізу қызметі арқылы 1 миллион юань тапқанын айтқан. Бірақ оның сөзіне қарағанда, бұл үшін күніне 18 сағат жұмыс істеуге тура келген. Бұл оқиға Қытай қоғамын қақ жарды. Бірі оны «еңбекқорлықтың символы» деп бағаласа, екіншілері мұны «қалыпты өмірдің күйреуі» деп қабылдаған. Өйткені, платформалық экономикада тұрақтылық жоқ екені баршаға аян. Бүгін алға шығарған алгоритм ертең тасада қалдыруы да мүмкін.
ЖАСТАР «ОСЫ КҮНМЕН ӨМІР СҮРУ» ПСИХОЛОГИЯСЫНА КӨШТІ
The Economist басылымы соңғы жылдары курьерлердің әр тапсырыстан алатын табысы азайып, жұмыс уақыты ұзарғанын жазады. Ал Human Rights ұйымдарының зерттеулерінде курьерлердің жол ережесін жиі бұзатыны жайлы дерек бар. Себебі, кешіккен әр минут айыппұлға айналады.
Қытайлық зерттеуші Чжан Юй мұны «цифрлық феодализм» деп атайды.
– Бұрын жұмысшыны басшы қадағаласа, қазір алгоритм басқарады, — дейді ол.
Негізінен, стримерлердің де жағдайы тұрақты емес. Бүгін трендте жүрген эфир иесі ертең аудиториясыз қалуы мүмкін. Сондықтан, олар күн сайын эфирге шығып, өз өмірін контентке айналдыруға мәжбүр. Бір қызығы, Қытай жастары бұл жағдайға бейімделіп үлгерген. Олар тұрақты мансап туралы арманнан алыстап, «осы күнмен өмір сүру» психологиясына көшкен. Ел ішінде бұған қатысты түрлі термин мен ұғымдар таралып жатыр.
Жасыратыны жоқ, бұл құбылыс Қазақстанға да жат емес. Соңғы жылдары бізде де курьерлік қызмет күрт өсті. Әлеуметтік желі арқылы сауда жасау көбейді. Ең өкініштісі, жастардың тұрақты жұмысқа қызығушылығы азайған. Әсіресе, ірі қалаларда дипломы бола тұра жеткізу қызметінде жүрген жастар артып келеді. «Айына пәлен мың теңге табуға болады» деген такси қызметтерінің жарнамасы жер жарады. Экономистер мұны «еңбек нарығының трансформациясы» деп бағалайды. Басты мәселе, мұндай жұмыстың көпшілігі әлеуметтік кепілдік бермейді. Егер мемлекет жаңа цифрлық еңбек нарығын реттемесе, ертең Қазақстанда да «алгоритмге тәуелді буын» қалыптасуы мүмкін. Қазір көрші ел Қытай соның айқын мысалына айналып отыр. Еліміз де бұл мәселемен түбі бетпе-бет келеді.
Рыскелді ЖАХМАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!