Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қай жыртығымызды жамаймыз?

14.09.2023, 12:00 258

HALYQLINE.KZ

Биліктің қай жағымен ойланатындығын осыған дейін де сұрау қылып, сөз еттік. Бәлки осыдан кейін де айтылар, оған күмән жоқ. Жүйеге жаңаша ойлай алатын жастар жақындамай, халықтың күйі қалыбынан өзгере қоюы екіталай. Ринат Зайытов айтыс аламанында азуын айға білеген арқалы ақын атанып, биліктегі біраз былықты батырып айтатын. Енді депутаттық мінберде ақ жағалылардың жағасынан алып,  әлеуметтің әл-ауқатына қатысты маңызды мәселені тілге тиек етті. «Ең төменгі жалақы болып заңға енген 85 мың теңге кімнің жыртығын жамайды?» деген төте сауалға  шенеуніктер шетінен титықтап қалды.

Биліктегілер қарапайым халықтың тұрмыс деңгейі өте жақсы деп ойлайды немесе олар білсе де ұртын толтырып отыра береді. Әйтпесе 85 мың теңгені өздері бір түскі аста-ақ жаратып жіберетінін біліп, сезіп отыр.

Қарапайым ғана арифметика. Мысалы, 5 адамнан тұратын отбасы бар делік. Әкесі – театр қызметкері, айлығы – 115 мың теңге. Шешесі – кітапханашы, айлығы – өздеріңіз айтып отырған 85 мың теңге. Бірінші баласы – студент, мемлекеттік грантта оқиды. Құдайға шүкір, бұл – біздің еліміздің игілігі. Екіншісі мектепте оқиды. Үшінші баласы мемлекеттік балабақшада. Жалпы отбасының табысы – айына 200 мың теңге. Енді бір ай көлемінде қажет болатын шығынға азық-түлік, кредит, коммуналдық төлемдер, балабақша және тағы басқаларын нақты келтіріп берейін. Азық-түліктен нан 180 теңгеден бір айға жоқ дегенде 5 адам 60 бөлке нан жеді делік. Күніне екі-ақ бөлкеден жегенде 10800 теңге болады. Сүт 810 теңгеден айына 10 литр сүт ішсе, 8100 теңге. Шайдың бір қорабы 500 теңгеден 5-еуін алса, 2500 теңге. Макарон 325 теңгеден 12 келі 3900 теңге. Жұмыртқа 60 теңгеден, 20 жұмыртқа 1200 теңге. Гречка 1 келісі 280 теңгеден бір айда 3 келі алса, 840 теңге. Ұн 10 келі алса, 3700 теңге. Күнбағыс майы – 8000 теңге. Картоп 130 теңгеден, 10 келі 1300 теңге. Коммуналдық төлемдері екі бөлмелі үйдің қазіргі таңда 27 мың теңгеге дейін барып тұр. Ұялы байланыс тарифтері – 7000 теңгеден 4 адамға 28 мың теңге. Жол жүру шығындары –7200 теңгеден 3 адамға 21600 теңге. Мемлекеттік бағдарламамен алған екі бөлмелі үйдің кредиттік төлемдері  – 80500 теңге. Балабақшаға – 16500 теңге. Сонда бас-аяғы 254215 теңге шығын шықты. Енді олар 54215 теңгені қайдан алады? Қалай есептедіңіздер бұны? – деген Ринаттың төте сұрағына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова міңгірлеп жауап қатып еді, депутат Ринат Зайытов жауабының нақты емес және жөнсіз жауап екенін қадап айтты.

Аталған есептің ішінде ол отбасының жейтін еті, дәрі-дәрмегі, жеміс-жидегі, техника, тазалық құралдары және өзге де тұрмыстық қажеттіліктері қосылмаған. Соның өзінде екі адамның екі жақтап тапқан 200 мың теңгесі күрмеуге келмей тұр. 85 мың теңгені билік қалай және қай жағымен есептегенін біле алмадық? Депутаттық сауал жолдаған Ринат Зайытовтың сауалы састырды ма, министрлер мәмілеге келе алмай үш сағат отырыпты-мыс. Айтпақшы 85 мың теңгені Президент соңғы жолдауында да айтып сүйіншілеген. Соған қарағанда мемлекет басшысы да халықтың зар илеген мұңын әлі естімей отыр.

Бізде сүйінші хабар көп қой. 85 мың теңгенің маңайынан шыға алмай отырғанымызда Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 2022 жылы атаулы әлеуметтік көмек алған 100,4 мың отбасы 2023 жылы кедейлік жағдайынан шыққанын айтып жерден жеті қоян тапқандай мәлімдеп отыр. 2022 жылы АӘК алушылар саны 141,5 мың отбасын (728,7 мың адам) құраса, осы жылдың 1 тамызында 102,7 мың отбасы АӘК (538,9 мың адам) алыпты. Өңірлік бөліністе биылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша АӘК алушылардың ең көп саны Түркістан облысында, яғни 25,1 мың отбасы екен. Қызылорда облысы бұл бойынша үшінші орынға жайғасыпты. Аймақта 8,8 мың отбасы АӘК алған. АӘК алушылардың құрылымында басым көпшілігі балалардың үлесінде екен. Айта кетейік, қазақстандықтардың 90%-ының жан басына шаққандағы табысы 151 мың теңгеден аспайды. Бұдан бұрын елімізде 355 мыңнан астам бала кедейлік шегінде өмір сүріп жатқаны хабарланған болатын. Статистикаға, оның ішінде өтірік есепке үйір Үкіметтің кедейліктегі халқының жайына шынайы көзбен қарап, терең бақылағаны дұрыс-ау.

Итке сүйек лақтырғандай «осыларға 85 мың теңге де жетеді» деп мемлекет мәз болып жатқанда, яхта мен ұшақ меншіктеп алып жатқан қазақстандықтар белгілі болыпты. Бұндай деректер «Ашық НҚА» порталындағы «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Салық кодексінің жобасындағы реттеушілік саясаттың консультативтік құжатында жарияланған.

Шектеулі адамдар тобында, яғни жеке тұлғалардың меншігінде 490 яхта, заңды тұлғалардың меншігінде 176 яхта, жеке тұлғалардың меншігінде 248 ұшақ бар, – деп құжатта көрсетілген.

Айтып, айтпай не керек, депутаттар ең төменгі жалақыны  300000 теңгеге дейін көтеру керектігін айтыпты. Ол енді қабылдана ма, жоқ па, болашақтың еншісіне қалдырамыз. Үш сағат талқыланған 300 мыңға Үкімет басын изесе, біраз жыртық жамалып қалар еді.

Ә.ТАУАРТЕГІ

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: