Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мейманды мезі еткен мәжбүрлі төлем

12.09.2024, 12:00 824

«Қызмет көрсету ақысы – тұтынушының қалтасына қол салумен бірдей» деп айтылып жүр. Оған себеп жоқ емес. Өйткені, тамақтану орындарының мәзірін ашсаңыз, төменгі жақта 10-15% қосымша төлем көрсетілген. Енгізген мәжбүрлі төлем арқылы даяшының айлығын еселеп беретіні анық. Бұған көбі үнсіз келіскенімен, кейбірі «ақылды» кәсіпкерлердің амалына кіжінеді. Әрине, тұтынушыда таңдау бар. Өре түрегеліп, басқа орынға барса да болады. Бірақ, мұндай «дәстүр» көп жерде дендеп кеткен. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев пайыздық мөлшерге заңмен тыйым салынатынын айтып өтті. Тек кафе иелері тағы қулыққа салмаса болғаны.

Тұтынушы наразылығы назарға алынды

Сенат кулуарында қаралған мәселе көпшіліктің көкейіндегі ойды қозғағаны сөзсіз. Министр пайыздық төлемді жою туралы мәлімдеді. Қазір ұсыныс әзірленіп жатыр. Келесі айдан бастап түзетулер енгізілуі мүмкін.

– Біз заңнаманы мұқият зерттедік. Егер мейрамхананың кіреберісінде жария оферта болса, яғни қызмет көрсету шарттарын белгілейтін жазбаша мәтінді оқып, ары қарай кірсеңіз, онда сіз осы шарттармен келіскеніңізді білдіреді. Атап айтқанда, қазір ішкі сауда ережелеріне өзгертулер әзірлеп жатырмыз. Біздіңше, егер сізге қызмет көрсетілсе және онда қызмет көрсету құны қамтылса, дәмханалар қосымша ақы алмауы тиіс. Сондықтан осы ережелерді пысықтап жатырмыз.

Әрине, бизнес өкілдерінің кейбірі осы өзгерістермен келіспеуі мүмкін. Бұл мәселе мейрамханаға келген қонақтардан көрсетілген қызмет үшін қосымша ақы алуға қатысты. Қазір бұл ақыны сіздер түбіртекте жазылып жүргенін көріп жүрсіздер. Енді бұл алымды заңсыз ететін тиісті талапты белгілейміз, яғни қызмет үшін 10 пайыздық алым қойылмайды, – деді Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиев.

Иә, кәсіпкерлердің пайдадан қағылғысы келмейтіні анық. Расымен, мұндай өзгеріске қарсы болуы да ықтимал. Бірақ, министрлік ашық диалог жүргізетінін тілге тиек етті. Негізі пайыздық төлем даяшының еңбекақысы мен табыс салығына түседі екен. Сондықтан, кәсіп иелері шығынға батпаса да, белгілі көлемдегі табыстан айырылатынын айтады.

– Меніңше, қызмет көрсету сапасының жоғары болуы мейрамхана мен кафенің беделіне ықпал етеді. Сондықтан, тұтынушы арасында таңдауға ілігу үшін өз істерін атқарса болады. Оған бола жұрттың қалтасын тонаудың қажеті шамалы. Тұынушы өз еркімен шайпұл қалдырса да болады, – дейді қала тұрғыны А.Ғани.
Жеңіс есімді желі қолданушысы даяшыға беретін айлықты тұтынушының мойнына іліп қойғаны шектен шыққандық деп отыр. Енді бұл мәселе реттелмек. Көпшілік бұл шешімді құптағанымен, көңілінде күмән де жоқ емес. Өйткені, «бәрібір пайыздық төлемнің құнын мәзірдегі тағамға қосып қояды» дейді. Мұны алдағы уақытта көре жатармыз.

Қоғамдағы құқықтық білім қандай?

Құқығын білсе де, қорғауға келгенде кейін шегінетіндер жоқ емес. Бәлкім, дауламайыншы дейтін болар. Бірақ, бас изей беру де басынуға түрткі. Осы ретте, заңгер және кәсіби медиатор Сәния Мырзабекқызымен байланысқан едік. Оның айтуынша, қаржылық сауат пен құқықтық білім деңгейі әлі де жеткіліксіз екен.
– Көптеген азамат өз құқықтарын қорғау жолын толық білмейді немесе қаржылық мәселелерді дұрыс басқара алмайды. Бұл өз кезегінде олардың қаржылық қиындықтарға ұшырауына немесе құқықтық дауларда әлсіздік танытуына себеп болады. Азаматтардың өз құқықтарын тиімді қорғауы үшін құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру қажет. Заңгер мамандардың кеңесі, онлайн ресурс пен тренингтер арқылы білім алудың мүмкіндігі көп, бірақ оны пайдалану деңгейі төмен, – дейді ол.

Бұл мәселені неге қозғап отырмыз. Өйткені, бұған дейін «тамақтану орындарында қызмет көрсеткені үшін пайыздық төлем алу заңды ма?» деген сауал әрдайым талқыланып келді. Әрі тұтынушы өз құқығын қорғау керек жайттар кездеседі. Бұл біріне таныс, енді біріне таңсық.

– Мәзірде қызмет көрсету ақысы көрсетілсе, мейрамхана немесе кафе иелерінің оны талап етуі заңды болуы мүмкін. Алайда, Қазақстан Республикасының «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңына сәйкес, бұл төлем туралы ақпарат тұтынушыға алдын ала және толық жеткізілуі керек. «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңы тұтынушыға нақты ақпарат беруді талап етеді. Егер бұл ақпарат берілмесе, қосымша ақы талап ету заңсыз деп танылуы мүмкін.

Егер қызмет ақысы туралы ақпарат алдын ала берілмесе немесе ашық түрде көрсетілмесе, бұл жағдайда тұтынушы құқықтарының бұзылуы орын алады. Мұндай жағдайда «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заңының 8-бабы тұтынушының қызмет көрсету және тауарлар туралы толық және нақты ақпарат алу құқығын қорғайды. Сонымен қатар, 28-бап бойынша, егер сізге қызмет көрсету ақысын алдын ала ескерту жасалмаса, сіз ақшаны қайтаруды талап ете аласыз. Сот арқылы немесе тұтынушыларды қорғау органдарына жүгініп, өз құқығыңызды қорғауға болады, – дейді заңгер Сәния.

Яғни, тұтынушы сапасыз қызмет алған жағдайда төлеген ақшаны толық немесе ішінара қайтаруды талап етуге құқылы. Белгілі соманы өндіріп алуға мүмкіндік бар екен.

Заңгердің кеңесіне 10-15% мөлшеріндегі төлеммен ғана емес, ұялы телефон немесе басқа да жаңа техникаларға қатысты ақаулар бойынша жиі жүгінеді екен. Ал, тұтынушыға арналған заңның әр бабы құқықты қорғауға септігін тигізеді. Демек, азаматтар құқықтық білімін жетілдірсе, кез келген тығырықтан шығуға жол бар.

Шайпұл: Мәдениет пе әлде мүсіркеу ме?

Атаулы ұғымның пайда болуы – өткен ғасырлардың еншісінде. Шай қымбат болып, оны ауқатты азаматтардың қалтасы көтеріпті. Деректерге сүйенсек, шайды ашық аспан астында немесе бақшада отырып, әуен қосып қойып ішкен көрінеді. Сонда үстелде «жылдам қызмет көрсету үшін» деген жазуы бар қорапшалар тұрады екен. Ыстық шайды тезірек әкелуін қалаған адам сол қорапшаға ақша тастаған көрінеді. Ал, басқа ақпарат көздері бойынша мысал көп.

Ақшалай алғыс білдіру – даяшыға ықылас деп қабылданған. Күлімдеп қарсы алып, жылы жауап бергенін елеген адам өз еркімен шайпұл қалдырады. Сонымен қатар, әлем елдерінде шайпұл көлемі әртүрлі. Әр елдің салты басқа екенін де ескерген ләзім. Мәселен, Грекияда мейрамханада егер шот қатты қымбат шықпаса, онда 10 пайызын, көлемді сома болса 5 пайызын береді екен. Ал, Біріккен Араб Әмірлігінде 15-20 пайыз шамасында төленеді. 7 жұлдызды қонақүйлердің мейрамханасына барғанда шайпұлды алдын ала беру мәдениеті бар. Ол шамамен 50-100 долларды құрайды. Ал, Оңтүстік Корея, Жапония және Қытайда шайпұл қалдыруды даяшылар қорлау деп түсінгені айтылады. Яғни, Жапонияда мұны мәдениетсіздік деп таныса, кезінде Қытай бұған тыйым салған. Кейін ереже өзгергенімен, тәртіп сақталған көрінеді. Яғни, даяшы ақшаны алмай, қолыңызды қайтаруы мүмкін. Қазір дүниежүзін дүрбімен барламай, шетелге аяқ басып, тынымсыз тіршілігіне еніп, мәдениетіне мән беріп жүрген саяхатшылар бар. Сондықтан, байланысып, пікірін білген едік.

– Өзіміздің елде шайпұл қалдырмаймын. Себебі, көп мейрамхана, дәмханаларда қызмет көрсету пайызы көрсетілген. Ал, кофейняларда өзімнен кейін қалған ыдысты қоқыс жәшігіне өзім салып кетуге тырысамын. Бұл Оңтүстік Корея мен Жапония елдерінен үйренгенім. Бұл елдерде міндетті түрде артыңнан қалған ыдыстарды өзің жинап кетесің. Жай ғана мәдениет. Жапонияда шайпұл тастаса өзін төмендетті деп ренжімейді. Өзге елден келген, ол елдің түсінік, салтынан бейхабар туристердің бұл әрекетіне түсіністікпен қарайды. Жай шайпұлыңызды алмай, қайтарып береді, – дейді саяхатшы Динара Болат.

Ал, елімізде кей даяшы әлі де мұндай мәдениет қалыптаспады дейді. Олар ақшалай емес, той иелері тойтабақ немесе ойын жүлдесіне арналған сыйлықты беретінін айтады. 12 елді аралаған жас саяхатшы Арайлым да өз ойын білдірді.

– Азия елдеріне барғанда шайпұл беретінмін. Олар алғыспен қабыл алады. Мүмкіндік болса жиі қалдыруға тырысамын. Негізі шайпұлдың аз-көптігі тағамның дәміне қарай емес, қызмет көрсеткен жанның ықыласына байланысты, – дейді ол.

ТҮЙІН. Шайпұл дегенде шайпау мінез көрсетпейді көбі. Өз еркінде екенін түсінеді. Тек шүйлігетіні төлемді талап етуге қатысты болып тұр. Демек, мәселе реттелсе, мейманның да көңілі жай болмақ.

Замира ДАСТАНҚЫЗЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: